Олжас Қасымның балладалары
Сағым қуған
Көп күндер!
Көз алдымда!
Ауыл-аймақ!
Құлындай жүрген кезім салып ойнақ.
Көңілде күй тұндырып, бұлдыр-бұлдыр,
Тұратын сонау қырда сағым ойнап.
Қайда екен, мөлт-мөлт еткен мөлдір шағым,
Шығарып жүгіруші ек жолдың шаңын.
Еркем деп шақырса анам енді бізді,
Кел-кел деп шақыратын сол бір сағым!
Сауылдаса сәуле көк күмбезінен,
Қашамыз бас сауғалап күн көзінен.
Мұндайда ерегесіп досым бізді,
Елітіп әкететін бірге өзімен.
Әп сәтте ашатұғын бір жаңалық,
Қайтайық деп өтінді қырға барып.
Келейік деді сосын сағым ұстап,
Тамағын әлсін-әлсін қырнап алып.
Тербеліп нұрлы шуақ, жылы ағысқа,
Толтырып кеудемізді қуанышқа.
Тал түсте елеңдесіп екі бала,
Сайланып тартып кеттік түу алысқа!
Көрсетті көрбілте жол шығар өрді,
Келеміз маңдайға алып құба белді.
Шақырған шақырымды жеңу үшін,
Шырқаймыз қайта-қайта бір әуенді.
Шіркін-ай, тисе дейміз қолымызға,
Қарайлап оңымызға солымызға.
Сабылып сағым қуып кеттік ұзап,
Қалды ауыл қарауытып соңымызда.
Бағана тұрған жері осында еді,
Қашықтап кетіпті ғой көш ілгері.
«Тезірек жүгірмесек кеш қаламыз»,
Кенеттен асықтырды досым мені.
Тұрса да аяқ талып, әлім құрып,
Қалдырдым осы жолда бәрін де ұмыт.
Алқынып, оза бердім алға ұмсына,
Күдікті үмітіме бағындырып.
Ойнатып жүрегімнің мың ырғағын,
Өрледім, өршелендім, зуылдадым.
Асықтым, аршындадым, қарыштадым,
Тоқтамай тарттым тура бұрылмадым.
Жеткенде дедек қағып, адыр асып,
Құлазып сала берді көңіл асық.
Борпылдап ыраңды жер табан асты,
Қу сағым кете барды тағы қашып.
«Желпініп, жайдақ шауып, желікке еріп,
Жеткенім осы ма еді серік болып».
Деп едім қайран досым зар жылады,
Еңкілдеп көз жасына ерік беріп.
Тар кезде бермесем де тауып емін,
Жұбаттым жабырқаған жанын оның.
Сағымды қуып жетем, алам ұстап,
Дегені жүрегімде әлі менің.
Армансыз есіл еңсе асқақтар ма?
Ерлік қой семсер серттен бас тартпау да.
Өртеніп күн астында, өзек талып,
Сол күні қайттық үйге кеш батқанда.
***
Арада сынап–жылдар сырғанады,
Төбемнен көшті күндер зырлап әрі.
Мен кеттім үмітімнің жетегімен,
Ол кетті мекен етіп сұр қаланы.
Талай жыл көрмей оны сағынған ем,
Кездестім отау құрған шағында мен.
Жан досым үйленіпті тағдыр қосып,
Әдемі сары қызға Сағым деген.
Өзге асыл қымбат досқа бар ма жетер,
Сан адам ғұмыр бойы арман етер.
Отырды ол қарсы алдымда баппен күліп,
Сағымды қумаппын деп сонда бекер.
Екеуі орын тапқан тәтті өмірден,
Жайнатты жан сарайын ақ көңілмен.
Қиялмен барғандай боп отырдым мен,
Ентігіп сағым қуған сәтке бірден.
Бойымды сағыныштың тербеп әні,
Аңсаймын жан-тәніммен сол даланы.
Кеш білдім біз сағымның кейпіндегі,
Арманды қуыпппыз ғой ең бағалы.
Сонау жыл,
Сары далада сабылдырған,
Тағдыр ма дегеніне бағындырған?!
Қайрылып, қайта барсам таба алам ба?
Сағындырған бал күнді, сағым қуған!!!
АБАЙ МЕН АРХИЕРЕЙДІҢ ӘҢГІМЕСІ
Ертеректе Семей қаласына Ресейдің Петербург қаласынан проваслав дінінің министрлермен құқығы бірдей бас архиерейі келген. Оның мақсаты – ислам дініндегі қазақтарды идеялық жағынан жеңіп, христиан дініне мойындату керек болды. Архиерей мен Абай арасында болған осы бір әңгіме (айтыс)бүкіл елдің тағдырын өзге діннің шырмауынан алып қалған еді.
Зуылдап күн артынан күндер өткен,
Алмасып сан ағынмен, мың дерекпен.
Айтайын бір әңгіме мен баяндап,
Көнекөз ғасырлардан бізге жеткен.
Дариядай шалқып жатқан кең көсіле,
Асыл мол көне тарих көмбесінде.
Абай мен Архиерей әңгімесі,
Сақталған қалың елдің зердесінде.
Тұлпардай жүйтки шапқан сүрінбестен,
Бұлшындық сан жүректе ғұмыр кешкен.
Ағыпты содан бері талай өзен,
Өтіпті талай ғасыр білінбестен.
Қарт Семей сол дәуірді көрген қала,
Тарихтың қойнауына енген қала.
Өткізіп әр кезеңді жүрегінен,
Ақиқат асқарынан берген баға.
Қалаға Архиерей келген бұрын.
Ресейде талай жанға берген білім,
Тоқтапты Патша берген тапсырмамен,
Халыққа таратпақ боп сенген дінін.
Шақырып молдаларды ойдан – қырдан,
Бәрін де білімімен қайран қылған.
Құранның әр жерінен сұрақ қойып,
Ислам діні жайында майдан құрған.
Болғанмен ел ішінде көбі мықты,
Молдалар жауап бермей шегініпті.
Шариғат заңдарынан шалыс басып,
Бөгеліп, сөз таба алмай жеңіліпті.
Қаланың имам, хазірет, молдалары,
Дейді де «солай етсек жөн болады».
Арнайы Шыңғыстауға ат шаптырып,
Абайды алдырады сонда бәрі.
«Бұл қандай жан болды екен келген шыдап?!»,
Деп Поптың көкірегінен өрген сұрақ.
Абайға Исламнан сауал тастап,
Шамасын білімінің көрген сынап.
Архиерей:
Шын болса шығандарға шырқар үнің,
Бар дейді Исламда мың тағылым.
Қаһарланса құдайың бар ғаламды,
Сыйдырар қауызына бір тарының.
Дәлелдеші осыны мықты болсаң,
Жығылайын ығыңа ұқтыра алсаң.
Сонда Абай: «Бұл сұрағыңызға шіркеу мұнарасының басында тұрып жауап беремін», – депті. Екеуі мұнара басына шығып жан-жаққа көз салып тұрады.
Абай:
Аттасаң дін дейтұғын босағадан,
Болмассыз ойы таяз, осал адам.
Сұрайын бұл қаланың қанша жері,
Шалынды көзіңізге осы арадан.
Архиерей:
Болмасын тегі сенің оған дауың,
Семейді кетті кезіп жанарларым .
Сұрадың олай неге бала құсап,
Қаланың көріп тұрмын бар аумағын.
Абай:
Жетейін сөзіңіздің бағасына,
Қалмайын көңіліңнің жаласына.
Кезіп шыққан осынау кең дүниені,
Көзіңнің ағы ма, әлде қарасы ма?!
Архиерей:
Аумағын бұл қазақтың қаласының,
Қырларын шолып шықтым даласының.
Айтайын сұрағаның сол болса егер,
Бәрін де көріп тұрған қарашығым.
Абай:
Күтпесін енді бізден жұрт ерегес,
Тудырар таяздық қой үлкен егес.
Ендеше көзіңіздің қарашығы,
Тарының қауызынан үлкен емес.
Кетпеңіз ыза – жалын күйіп бекер,
Даналық адам құнын биіктетер.
Қаһарланса бір Алла барлық әлем,
Тарының қауызына сыйып кетер.
Архиерей:
Мән ұқтым бұлтартпайтын бұл ойыңнан,
Өзіңдей ақ – қарасын кім айырған?
Бұл қазақ «Құдай», «Құдай» дей береді,
Не пайда көп айтатын Құдайыңнан?
Абай:
Алыңыз сөз төркінін тыңдап әрі,
Ұқпасаң қамар сені мұң қамалы.
Қапыда шырқыраса шыбын жаның,
Демейтін жәрдемшіңіз кім болады?!
Қашан да ем болатын бар жараға,
Бір тура жол сілтейтін алға дара.
Әлемді бар ететін, жоқ ететін,
Ғаламда теңдесі жоқ Алла ғана.
Архиерей:
Қабыспайтын өзара бірлігімен,
Өзгерген талай жалған дінді білем.
Неліктен жақын-туыс Исламда,
Отбасын құрамайды бір-бірімен.
Шындығын айтқын тіктеп жанарыңды,
Білемін оған мысал табарыңды.
Мүдірмей айтсаң егер жауабыңды.
Осымен тоқтатайын сауалымды.
Абай:
Қазақта жеті атадан қыз алмаған,
Шеңберін шариғаттың бұза алмаған.
Керегеміз кеңімей, ұрпақ азар,
Ондай жанның өрісі ұзармаған.
Туласын жүрегімде сөз бұлағы,
Былғанған ар ел-жұртты аздырады.
Дерт меңдеп, бар әлемді ауру жеңіп,
Іргесін ізгіліктің тоздырады.
***
Қақпаны тас-талқан боп дайындаған,
Кемесі судан шығып қайырлаған.
Исламды жоям деген архиерей,
Абайдан жеңілгенін мойындаған.
Алладан жеңілгенін мойындаған.
Айналдым Абайдайын ардақты ерден,
Жүрегін туған елге арнап келген.
Қазақты арашалап өзге діннен.
Тұғырлы Өз дінімді қорғап берген.
Биіктер кемеңгердің білген құнын,
Өтсе де ығыстырып күндерді күн.
Абаймен қай кезде де рухым биік,
Абаймен қай кезде де іргем мығым!
Қаныш бұлақ
Секілді зырлаған күн, аққан жылым,
Секілді жүрегімде сақтар жырым.
Уақыттың сырласындай, мұңдасындай,
Арқада бір бұлақ бар қаққан күлім!
Жатса да біздің жақтан алыс, жырақ,
Сияқты баяғыдан таныс бірақ.
Сылдырлап сыңғыр қаққан сол жәудір көз.
Аталып жетті бізге «Қанышбұлақ».
Сол жерге тағзым етер ел де аялдап,
Жатады жанарыңды көлбей арбап.
Тарихын сылаң қаққан ақ бұлақтың,
Берейін зейін қойсаң мен баяндап.
Кейіпке ең бір керім еніп бар маң,
Жаз еді бой балқытып, ерікті алған.
Бойына Шыбынды көл енді ғана,
Ауылы Имантайдың келіп қонған.
Өңір бұл көбелекті, көкорайлы,
Тұрады батып ойға тауы арайлы.
Тұнады көкірегіңе небір сурет,
Ойласаң осы керім дала жайлы.
Тебірентіп таныс аймақ, таныс дала,
Осында келген Томнан* Қаныш жаңа.
Бір сұрақ ой санасын алған билеп.
Үмітті қиялымен жарысса да.
Тұрғанмен бұл аймақты жақсы көріп,
Тұщы су шықты мұнда тапшы болып.
Қолқаңды қабатұғын кермек суды,
Ел қалай сүйінішке татсын еніп?!
Имантай көңіліндегі алаңды ойлап,
Жігіттер қазды құдық терең бойлап.
Қазғанмен қанша терең шықпады су,
Тұратын нұр сәулесі жанарда ойнап.
Балшығын алақанға салып тұрып.
Жас Қаныш айналасын жарық қылып.
Бастады Сұңқарқия жаққа оларды,
шықпасын мұнда судың анық біліп.
Бойына Жас Қаныштың қан жүгіріп,
Аптығып бір ойпаңға келді жүріп.
Үмітпен, нық сеніммен деді оларға,
Қазайық осы тұстан енді құдық.
Ойпаңға моп-момақан барлығы кеп,
Құлаштап зор күшпенен салды күрек.
Талайдың маңдай тері тамды жерге,
Талмады су аңсаған әлді білек.
Қазғанда кісі бой жерді кенен,
Тұнық су шықты күліп, мөлдіреген.
Бір жасап қалды осылай ауыл аймақ,
Қаныштың мәшһүр болып ерлігі ерен.
Мойындап содан бері бәрі де оны,
Қанышқа жұрт назары ауып еді.
Білетін жеті қабат жердің сырын,
Көреген қабілетін таныды елі.
Есіңе салар асау арғымақты.
Арада қанша жылдар қарғып ақты,
Қалың ел ұмыт қылмай, сақтады есте,
Қаныштың атын алған сол бұлақты.
Табиғат бояуына мың боялып.
Тұрады ол самал желмен күнде оянып,
Бал бұлақ бара жатыр келешекке,
Қаныштың ғұмырындай тынбай ағып.
*Том – Ресей қаласы
Тоғысу
Өр кеудесінде селдеткен ағын жосылып,
Мөлт еткен мөлдір өмірді өлеңге көшіріп.
Ғафудай ақын жүрді Алматыда алшаңдап,
Сыр бөлісетін Сырағасына қосылып.
Белдерден асып, жолдардан өткен сан тарам,
Ағасы інісін қағады дәйім арқадан.
Көп ішіндегі жалғызым десіп інісі,
Көңілінен шуақ алады көлдей алқаған.
Өмірді көріп, шақтарды құшқан әр қилы,
Сырбай шайырдан даланың иісі аңқиды.
Тау тұлғасынан көргендей болып Торғайын,
Шұбалаңды аңсап, тентек өзендей шалқиды.
Тарланбоз Сырбай жүзіндей болған өткірдің,
Кеудесіндегі кенішін ашты текті ұлдың.
Қолынан ұстап, беймәлім жаққа бастады,
Дауылмен сені беттестірейін деп бір күн.
Әп сәтте тарап жарыққа ұмтылған жанға нұр,
Дауыл деген кім? Бұл сұрақ оған болды ауыр.
Қызынатұғын, қызығатұғын жасынға,
Өр Қасым еді Сырағаң айтқан сол Дауыл.
***
Кездесер сәттің кешікпейтіні болды анық,
Ақын үйіне апарды тура жол барып.
Өлең есігін айқара ашып кірді екеу,
Отырды Қасым қара домбырасын қолға алып.
Өлі үнсіздіктің түнегін кенет кең серпіп,
Сонар іздеген сауықшыл көңіл сонша елітіп.
Қос құшақ лезде айқаса кетті егіліп,
Лықсыған жағап сағыныш күйін тең шертіп.
Мауқын басқан соң ақеділ жандар аңсаған,
Күттірген шақтың көрігін қозғап қаншадан.
Саңқ етті Сырбай жанарын қадап Қасымға,
Әкелдім деді бір жас періні мен саған.
Әдетінше ескі мойын да бұрмай, таң қалмай,
Сырбай-ау сенің жас перілерің мол қандай?!
Мұндайлар аз ба, бүгінде бар да, ертең жоқ,
Деп бір мырс етті Ғафуға назар аудармай.
Кезгендей болып тылсымға толы әлемді,
Қабағын шытып, аз ғана сәтке бөгелді.
«Керемет болса төксін домбыра күмбірін»,
«Керемет болса өрсін ғажайып әуенді».
Сыр бермес Сырбай жас перісіне ым қағып,
Сұрланып бірде, мұң қауып бірде нұрланып.
«Ал деді Ғафу, қара домбыраны ұсына,
Тыңдалық Қасым, тыңдалық досым, тыңдалық».
Осы шақ нағыз жүрек пен жүрек тілдесер,
Көңілдер шалқып, беймаза жаннан мұң көшер.
Домбыра кетті жер менен көкті теңселтіп,
Жауды да кетті ағыл да тегіл бір нөсер.
Оятып алып мүлгіген момын қырды ауыр,
Құйын да перен, күшпенен ерен зілмауыр.
Жүйткіген сарын, ұйтқыған асқақ арынмен,
Сарыарқа жақтан көтеріле ұшты бір дауыл.
Па шіркін десіп найзағай мінез өр Қасым,
Жас өренге иіп ешкімге имеген зор басын.
Енді өлең оқы, тізіп көр жырдың моншағын,
Қаршыға жырың қанатын деді қомдасын.
Сілкініп алып бастады жігіт бір өлең,
Жайқалды кенет көңіл жайлауы жүдеген.
Сарғайған жүрек Торғайға тартып барады,
Алай да дүлей ақтүтек сезім үдеген.
Тобыл тасыды, толықндарымен шулаған,
Тосынның құмы уледі сазын тыңдаған.
Арқаның желі арқырай зулап көшті алға,
Арғымақтайын артына басын бұрмаған.
Жүректі билеп, жайылғанда ерен нұрлы ағын,
Керім саз тұрды өмірдің шешіп жұмбағын.
Шу асаулардай, түу алыстарға беттеді,
Өміршең өлең дүниенің бұзып ырғағын.
Өлеңнен тауып, дауасын жанның таппаған,
Өн бойын түгел жыр маржанымен аптаған.
Арынынан есіп айдамал сүйген ақ боран,
Сол түні ақын тоқтай да алмай тоқтаған.
***
Қос ағасына жырымен болып тым жақын,
Өлеңде жазып Қасым, Сырбаймен бірге атын.
«Алыс та жақын жағалауларға» бет түзеп,
Жұмыр ғаламды қаламмен тербеп жүрді ақын.
Жүрді ақын солай шабыттан киіп аймауыт,
Жүрді қаламы сілтеген сайын қайралып.
Табаны тиген белдер де өлеңге айналып,
Маңдайы сүйген жерлер де өлеңге айналып.
Шығандай берді ол кезген тауына гүл өсіп,
Аршындай берді ол жүрген бағынан жыр есіп.
Жарық кеткенше көзінен жалқы күн өшіп,
Ағып кеткенше «Қанатты жылға» ілесіп.
Өтті ақын солай мәңгілік дейтін жол аңсап,
Ғұмыры оның өткен шақ пенен келер шақ.
Төбемде бүгін жұлдыздай жанып тұр әлі,
Өлеңде ажал жоқтығын айтып ол әр сәт!
Ауадан ақша жасайтын адам
Сағым ғана бұлдырап лаулайтұғын,
Маң даладан өзге ешкім бармайтұғын.
Айналдыра бір күні қақты қазық,
Біз білетін Айнабек алмай тыным.
Жаралғандай құрыштан тәні мүлдем,
Қызған сайын жұмысы жаны кірген.
“Айдаладан ақ отау тігем дей ме?”,
Не көрінді бұған деп бәрі күлген.
«Алысыңдар, алыссаң басқаменен»,
Деп егесін Айнабек бастап ерен.
Тәуекелден қашпаймын қара да тұр,
Мен ауадан жасаймын ақша деген.
Жанарынан бір жалын ұшқындаған,
Сол адамға өзгелер пысқырмаған.
Қу даладан көрерміз пайда тапсаң,
Күлгендер көп, мазақтап мысқылдаған.
Мақсатынан айнымай ол әуелгі,
Ауа көшкен үдере қалаға елді.
Шығарып сап баппенен шырт түкіріп,
Жалғыз өзі жапанда қала берді.
***
Игілікке жететін таңды санай,
Ол қиыннан түзді абат жолды солай.
Боран менен жауынға арқа тосып,
Атыраптан сарыалжын салды сарай.
Бұрып әкеп тентектеу тау бұлағын,
Маңайына қаптатты талды қалың.
Шипажайы жансебіл Айнабектің,
Әйгіленіп, баршаға болды мәлім.
Аспанынан күдіктің бұлты арылған,
Айдай ару өлкеге гүл тағынған.
Көрмек болып, шаттыққа енбек болып,
Шалғайдағы қаладан жұрт ағылған.
Қойнауына қызықтың болды енер күн,
Аз-ақ күнде еленді еңбегі ердің.
Айнабекке күлгендер жүрді ішінде,
Ауа таппай қаладан келген елдің.
Деген оймен іргемді жайлайды құт,
Тосқан таңын қарсы алды талмай күтіп.
Ал адамдар жүр мұнда Айнабектен,
Сатып алған ауаны тоймай жұтып,
***
Тұр қасқайып жуынған шықпен жаңа,
Ауа іздеген адамды күткен дала.
Түу алыста күркілдеп жөтеледі,
Көк түтіннен өкпесі біткен қала!
Үрейлі аялдама
Қазанның желі есіп тұр,
Автобус жүйткіп кетті алға.
Астана күзін кешіп бір.
Барамыз тартып Көкталға.
Қара мұрт шопыр шегіп мұң,
Қарайды жұртқа айнадан.
Тек үнсіз ішін көліктің,
Көңілсіз әуен жайлаған.
Бірде өрге, бірде төменге,
Сұр темір тұлпар сүйрейді.
Ұйытқан мұңды әуенге,
Иықтар ғана билейді.
Қабағы қату, түксиген,
Сүреңсіз мезгіл мезі еткен.
Аялдамалар бүкшиген,
Қалып та жатыр кезекпен.
Алға озған сайын бір үн кеп,
Барады алып тынышымды.
Қарсыда отырған күбірлеп,
Қара шал кенет күрсінді.
Үні де шыққан күр-күрлеп,
Азайды темір күліктің.
Арамыз біздің біртіндеп,
Кеткендей болды суып тым.
… Автобус төмен құлады,
Жүрісін баяу ширатқан,
Кондуктор сонда сұрады,
«Түсетін кім бар зираттан?!».
Сауалы қыздың әркімнің,
Жатқандай бойын шымшылап.
Қасіретіндей сол күннің.
Жауапсыз қалды бұл сұрақ.
Сұрапыл сәтпен жанастық,
Сұрағы қыздың сұмдық – ақ.
Мұңды оймен солай ары астық.
Қалды артта зират бұлдырап.
Қос тарам жолмен ырғалған,
Автобус жаймен ұзаған…
…Түскен ек жаңа бұл маңнан,
Түспепіз бірақ, біз одан.
Естілді алдан түн әні,
Жарығын көше сыйлап паң.
Құлақта қыздың үні әлі,
«Түсетін кім бар зираттан?!»
Біреудің өмірбаяны
Біресе кіріп кетеді ессіз ұрысқа,
Біресе шығып келе жатқандай ұрыстан.
Біресе бара жатады қауырт жұмысқа,
Біресе қайтып келе жатады жұмыстан.
Біресе мүлде кеткісі келіп жат елге,
Біресе досын тосқан болады жат елден.
Біресе көшіп бара жатады пәтерге,
Біресе көшіп келе жатады пәтерден.
Біресе өзін бақытты санап алдаған,
Ең ардақты адам секілденеді фәниде.
Біресе жолға шығады мүлдем бармаған,
Біресе шаршап оралады екен ол үйге.
Біресе үнсіз бақтарда жүрер жасырын,
Біресе санап басқандай болар қадамын.
Біресе ойлап ұмыта алмайтын асылын,
Біресе ойлап ұната алмаған адамын.
Біресе қажып, шаршапты әлде жұтапты.
Тірлігі мәнсіз шаһардың төсін баспастай.
Біресе оқып мұқабасы ескі кітапты,
Біресе оны жауып қояды ашпастай.
Ертеңін іздеп аласұрады бұрыннан,
«Бір ғасыр жүгін арқалар мен»,- деп бір адам.
Біресе тартып шеріндей ащы шылымнан.
Біресе ішіп отырар қою сырадан,
Біресе ауыр ой – тұманынан айыққан.
Дегендей өзі маған бұл өмір лайық па?
Біресе ойланып келе жатады ғайыптан.
Біресе айналып бара жатады ғайыпқа.
Қасқыр соққан Әділет
Дауыл мен ақ боран бар екпінінде,
Күшке бай, іске мығым, жоқ білімге.
Әділет қасқыр соғып алды деген,
Жаңалық ауылымызға жетті бірде.
Құрсап ап қойлы ауылдың бел-белеңін,
Жеткізіп жырақтардан зарлы әуенін.
Сол жылы қар қалың боп, қыс залым боп.
Бөрілер дүркін-дүркін салды әлегін.
Шақ туып момын жұртты тұралатқан,
Табынды кетті қырып бір алаптан.
Қас қылды отар-отар қойды ойрандап,
Қасқырлар ана жақтан, мына жақтан.
Бет бұрып *Алтыуайттың даласына,
Қатал қыс тұрған кезде аласұра.
Түсіпті тұтқиылдан тәбет тартып,
Аш бөрі Әділеттің қорасына.
Аштыққа шыдасын ба арлан алып?!
Самсаған жемтігіне төнді аларып.
Алқымдап жусатты оңай қойдың бәрін,
Азуын қанжардайын қанға малып.
Алаңсыз кең қотанда салып ойран,
Шығарған еттен өзге бәрін ойдан.
Сұрқия сәт туарын сезер дейсің,
Сылқия тойып алған бөрі қайдан?
***
Тағы бір таң сібірлеп жайды нұрын,
Сездірмей ауған кезі ай дүбірін.
Әділет қотан жаққа келді асығыс,
Естімей маңыраған қойдың үнін.
Күдікпен арпалысып санада өрген,
Сәті еді енді ғана қораға енген.
Кенеттен төнді қатер, келді қауіп,
Беттесті ол ашу буған абаданмен.
Қауіптің кезі еді бұл жақындаған.
Тап беріп, бөрі ұмтыла атылды оған,
Қасқырға қарсы шықты ол жүрекпенен,
Ыза-кек найзағайы шатырлаған.
«Мейманы» дүлей болып ұшыратқан,
Сезілді арбасқанда-ақ күші батпан.
Әділет көкжалды алды алқымынан,
Иығын қанға бояп тісі батқан.
Аунатып бірін бірі алма кезек,
Жансебіл адам менен арлан өжет.
Уақытты ұршықтайын шықты иіріп,
Талған қол, талған азу, талған өзек.
***
Әредік түз тағысы алып күшті,
Көзімен қапы кеткен бағып тұсты.
Арс етіп, қатты ырылдап Әділеттің,
Қарысқан білегінен қауып түсті.
Кешкенін өзі білмей ненің сорын,
Жігерін қайрай түсті оның сенім.
Өбеді алға басса үміт нұры,
Күтеді егер артқа шегінсе өлім.
Көмекке келетұғын жоқ сенері,
Берсе ырық жалын атқан кек семеді.
Түсті еске, қалтасында пышақ бар-ды,
Шіркін-ай, енді соған жетсе қолы.
Санада үрейлі ойлар жаңғырығып,
Тағы да түз тағысы салды бүлік.
Орайлы сәт туғанда шалт қимылдап,
Бүркіттей көк бөріні алды бүріп.
Жүйткіген қоздап кенет жанында ағын,
Сығымдап танытты анық залымға әлін.
Тарылған тынысынан аңғарғандай,
Арланның енді өзіне бағынғанын.
Дегендей беріспеспін сеніменен,
Алысты ұзақ уақыт тағы да ерен.
Сілкінген сәтінде бір Әділеттің,
Ілінді өткір пышақ қолына әрең…
***
Сейіліп қара бұлты шақтың ауыр,
Ажалдай арланды ақыр соқты дауыл.
Қан аңсап келген еді күн түбінен,
Қан жұтып соңғы мәрте тапты дамыл.
Бойынан қажыр кетіп күш қыларлық,
Әлсіреп, шама болмай ышқынарлық.
Өкіріп ақырғы рет залым көкжал,
Қансырап қара жерді құшты барып.
… Таң қылған батырлығы төңіректі,
Таниды ел қасқыр соққан Әділетті.
Жүр екен аман-есен ауыл жақта,
Тәнті етіп ерлігімен қалың көпті!
Олжас Қасым
alash24.kz