Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлихан Бөкейхан – төл тарихымызда өшпес із қалдырған біртуар тұлға

Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды және өзінің кіріспе пікірін білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөзін сөйледі.

Халықаралық конференция жұмысына ҚР Парламенті мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздің және шетелдік (Түркия, Қырғызстан, Ресей т.б.) алаштанушы-ғалымдар, әлихантанушылар қатысуда.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған ғылыми жиынға Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдаған құттықтауы:

“Құрметті конференцияға қатысушылар!

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын!
Әлихан Бөкейхан – төл тарихымызда өшпес із қалдырған біртуар тұлға. Ол ХХ ғасырдың басында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшін бастап, дербес ел болудың алғышарттары мен негіздерін айқындады. Халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп етті.
Ғылымның әртүрлі саласына терең бойлаған саңлақ саясаткер қазақтың ой-өрісін кеңейтіп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосты. Ұлттық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыруға ұйытқы болды. Халқына адал қызмет етіп, мол мұра қалдырды.
Тарихи тұлғаның мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, бүгінгі егемендігіміз – Әлихан бастаған ұлт зиялыларының орындалған арманы.
Әлихан Бөкейханның тағылымды өмір жолы әрдайым дәріптеліп, жастар үшін үлгі-өнеге болуға тиіс.
Өскелең ұрпақ Алаш арыстары ұстанған мемлекеттілік пен мемлекетшілдік идеясына қашанда берік болып, азаттық рухын асқақтата береді деп сенемін.
Конференция жұмысына табыс тілеймін!”

alash24.kz 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp