Жаңалықтар

Өскеменде Әлихан Бөкейхан мен Райымжан Мәрсековтің атына көше беру ұсынылды!

2021 жылғы 2 наурызда Шығыс Қазақстан облысының орталығында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық онлайн конференция өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алаш көшбасшысы, қазақтың тұңғыш саяси партиясын құрушы, аса көрнекті ұлт қайраткері, ағартушы-ғалым Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған халықаралық конференция Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен, Өскемен қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген.

Алаш көсемі ұлықталған ғылыми шараға Қазақстан, Түркия және Ресей елдерінің белгілі тарихшы-ғалымдары, алаштанушылар мен әлихантанушылар қатысқан.

Алаштанушылар жиыны ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы-ғалым, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы және Өскемен қаласының әкімі, аталған шараның бастамашысы Жақсылық Омардың кіріспе-құттықтау сөздерімен бастау алды.

Конференция модераторы ретінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Жаннета Амангелдіқызы отырысты жүргізіп отырды.

Конференция барысында Әлихан Бөкейхан және Алаш арыстарының ұлт азаттығы жолындағы ұлы күрестері, Алаштың саяси көсемі – Әлихан Бөкейханның қайраткерлік қыры және Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы маңызы төңірегінде жан-жақты тарихи деректер келтірілген баяндамалар, ғылыми-зерттеу пікірлері, талқылаулар болды. Шараны ұйымдастырушылар конференцияда оқылған баяндамалар және басқа да мақалаларды біріктіріп ғылыми жинақ әзірлейтінін атап айтты.

Халықаралық ғылыми конференцияның қорытындысы бойынша, Өскеменнің көрнекті көшелеріне Әлихан Бөкейхан және Райымжан Мәрсеков есімдерін беру туралы бастама көтеріліп, ұсынылды!  

alash24.kz 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button