Әлихан Бөкейханның саяси, экономикалық, аудармашылық еңбектері және сол саламен байланысты өмір жолы туралы зерттеушілер мен бұқара халық біршама таныс деп айта аламыз. Алайда, оның қазақ кәсіби журналистикасының бастауында тұрған өзіндік дара орны мен жасаған қызметі туралы зерттеулер әлі де болса теңізге тамған тамшыдай болып тұр.
Бүгінгі күнге дейін дәл осы тақырыпқа қалам тербеп, ізденген ғалымдарды қарастырғанда, Әлихан Нұрмұхамедұлының журналистік қызметі туралы тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелді аздап сөз қозғаса, /1/ сондай-ақ ф.ғ.д., профессор, марқұм Үшкүлтай Сұбханбердинаның, т.ғ.д. Қырықбай Алдаберген мен тілші-ғалым Ғарифолла Әнестің, алаштанушы ғалымымыз Қайрат Сақтың Алаш көсемсөзі мен ондағы Әлихан Бөкейханның рөлі және оның кейбір лақап есімдері туралы жазған бірқатар дүниелерді таба алдық. Ал ф.ғ.к., профессор Шолпан Забихтың «Әлихан Бөкейхан – саясаткер, публицист, журналист» атты кітабы – осы тақырыптағы сүбелі еңбектің бірі. Дәл қазіргі кезде Әлихандай арысымыздың кәсіби журналистік қырын тиянақты түрде жан-жақты зерттеп жүр деп әлихантанушы-ғалым – Сұлтанхан Жүсіпті айта аламыз.
ХХ ғасырдың басында бодандықтан зәразап болған қазақ ұлты еркіндікке ұмтылса да, оның сенім білдірер ауызбірлігі, үміт артар әскері, арқа сүйер жақтастары, иек артар материалдық жағдайы мен айқындалған шекарасы болмады. Осы қысылтаяң шақта ұлтына темірқазықтай болып жол көрсеткен біртуар арыстарымыздың жалғыз сүйенері – елді жұмылдырып, санасын оятатын баспасөзі еді.
Алдымен, Әлихан Бөкейханның кәсіби журналистік қызметін зерттеу біздің қоғамға не үшін қажет деген сұраққа жауап іздеп көрсек.
Біріншіден, тарихқа деген адалдық танытып, ұлттық азаттыққа жету жолында баспасөзді қару еткен арыстар туралы бүркеулі жатқан талай шындықтың бетін ашып, жаңа буын алдында әділеттілік принципін берік ұстану үшін.
Екіншіден, үлкен талаптарға жауап бере алатын, еліміздің «кәсіби журналистикасының бастауын Кеңес Одағынан алатынын» санаға сіңіріп келген тарихи бұрмалаушылықты жоққа шығару үшін.
Үшіншіден, Әлихан Бөкейханның осы қырын зерттейтін жас ғалымдардың қызығушылығын арттыру арқылы әлі де беймәлім жатқан жаңа тарихи деректерге қол жеткізу үшін.
Төртіншіден, ұлттық журналистиканың төл моделін елеп-екшей отырып, оның ұлттық дүниетанымға сай өрілген нұсқасын жаңа заман мазмұнымен толықтырып, жаһандық журналистикада көшірме, еліктегіш бейнеден – өзіндік жолы мен бет-бейнесі бар бірегей дара, ең бастысы, елдің келешектегі ізгі мақсаттарына сай жолмен жаңғырта алу үшін.
Ал енді сөзіміз жалаң болмас үшін, осы айтылған жауаптарға негіз болған деректерді жүйелесек. Сұлтанхан Аққұлұлының зерттеуіне сүйенсек, Әлихан Бөкейханның өзінен кейінге қалдырған бай ғылыми-публицистикалық мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі 30 беттен асады. Оның 1000-ға тарта мақала-очерктері мен басқа да туындылары жалпы 50-ден астам қазақ және орыс газет-журналдарында 40-қа таяу бүркеншік есімдермен жарық көрген. /2/
Әлихан Нұрмұхамедұлының белсенді журналистік-публицистік жолы 1889 жыл мен 1927 жылдар аралығын қамтиды. Яғни, бас-аяғы 40 жылдай уақыт бойы Әлекеңнің қаламы қолдан түспеген. Әлекеңнің журналистік-редакторлық қызмет жолын хронологиялық қалыппен үшке бөліп айтсақ дейміз. Бұлайша шартты түрде үш кезеңге бөлу қажеттілігі Әлихан бастаған топтың қоғамдық-тарихи толқыныстар мен өзгерістер нәтижесіне қарай, заман талабына сай бағыт-бағдарын реттеп, тиісті шешімдер мен іс-әрекеттерді жасай алу немесе жасай алмау мүмкіндігіне қарай түзілді.
Бірінші кезең – 1889 жылдан 1917 жылға дейінгі аралық.
Бұл кезеңнің ерекшелігі – Қазақ елі Патшалы Ресейдің құрамында болды және Әлихан Бөкейхан ұлтымызға қажет еркіндік мен мүмкіндіктерге сол жүйенің қалтарыстарын пайдалана отырып, конструктивті күрес арқылы жеткісі келді. Осы уақыт аралығында студент жас Әлихан өзіндік азаматтық позициясы орныққан ел ағасы Әлихан болып қалыптасқанға дейін 25-ке таяу қазақ-орыс басылымдарының редакциясына белсене араласады. Ол Омбы техникалық училищесінің 3-4 курсында оқып жүрген 1889 жылдан бастап «Дала уалаяты газетіне» алғашқы 10 мақаласын (мыс: «Қ. оязының молласының баяны», «Ықтиятты болыс» немесе «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра», /3/ т.б.) жарияласа, 1895-1901 жылдары Омбыдағы «Степной край» газетінде марксизм идеясы туралы мақалалары жарық көреді. Оның үстіне С.-Петербордан Омбыға оралған бетінде қолында «ормантанушы-ғалым» және «заңгер» деген 2 бірдей дипломының болуына қарамастан, ол жергілікті «Степной край» атты ілгерішіл саяси газетке дереу қызметке алынады.
Осылайша Әлихан Бөкейханның өзекті мақалалары С.-Петербордың «Сын отечества», «Наша жизнь», «Речь», «Слово», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета» газеттері мен «Сибирские вопросы» журналында, сондай-ақ Омбының «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям», «Киргизская степная газета», «Степной пионер», Семейдің «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», Томскінің «Сибирская жизнь», Орынбордың «Степь», Ташкенттің «Туркестанские ведомости», қазақ баспасөзінен – жоғарыда айтып кеткен «Дала уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» журналында және т.б. мерзімді басылымдарда жарияланған.
Осы бірінші кезеңде «Сибирские вопросы» журналы (1908-1910) мен «Степной край» (1895-1897, 1902-1903), «Семипалатинский листок» (1905-1907) және «Сибирская жизнь» (1906-1917) газеттерінің редакцияларына мүше болды. Оған қоса «Иртышъ», «Омичъ» (1906) және «Голос степи» (1907) сынды үш газетке редактор болды. Сондай-ақ, сол мол тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастыруға белсенді атсалысады.
Екінші кезең – 1917 жыл мен 1922 жылға дейінгі аралық.
Бұл шақ – күтілген болжамнан тыс өрбіген, билігі аумалы-төкпелі, бүлікшіл, төңкерісшіл қоғамда мүлдем жаңа тактика мен шұғыл шешімдер шығаруға итермелеген сындарлы шақ. Жалпы қазаққа ортақ «Алаш идеясын» жүзеге асыру мен оның мән-маңызын дүйім жұртқа таныстырып ұғындыру мақсатындағы, ұлттық дербестік пен тәуелсіздік жолындағы белсенді күрес кезеңі дер едім.
«Қазақтың» 1917 жылғы санында жарияланған «Алаштың талапты азаматына» атты мақаласында: «Біздің адасқан жұртқа мұрындық болып, көз болып, бостандық, теңдік, туысқандық жолын ұғындыру зор борыш… Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббатынан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?» деп үндеу тастауы осы сөзімізге дәлел болса керек. /4/ Біраз қуғын көріп жүрсе де, бұл кезде жарық көрген белсенді саяси азаматтық көзқарасы үшін ұлт көсемі бастаған зиялыларға салыстырмалы түрде еркіндік беріліп тұрды деп айта аламыз.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін саяси партия құру қажеттілігі зиялылар арасында қайта көтеріліп, «Қазақ» газетінің ұйымдастыру бюросының күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» ұсынылатын кезең осы тұс. Тұңғыш қазақ партиясы 1917 жылдың 21-28 шілдесінде Орынбор қаласында өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде құрылып, онда 14 мәселе қаралса, сол жылдың 21 қарашасында «Қазақ» газетіне «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы және съезд материалдары жарияланады. Бағдарламаны партия көсемі Ә.Бөкейхан бастаған А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмарұлы, Е.Тұрмұхамедұлы, Ғ.Жүндібайұлы, Ғ.Бірімжанұлы сынды Алаш оқығандары жасады. Ұлттық партияның өмірге келуі –«Алашорда» ұлттық-территориялық автономияның құрылуына түрткі болды десек, соны халықтың назарына ұсынуда баспасөзді пәрменді қару, тиімді құрал еткен кезең осы шақ деуге негіз бар.
Үшінші кезең –1922 жылдан 1937 жылға дейінгі аралық.
Бұл кезең – мақсатына жетуге қадым жер қалғанда замана зобалаңына душар болған, «күрес» сөзі «көндігу» сөзімен астасып, жаңа өң алуға тырысса да, ұлттық ауызбірліктің ыдырауы себепті айқын мақсаттың бұлдыраған тұсы. Ол Кеңес өкіметінің күштеуімен Мәскеуде тұруға мәжбүр болып, атылғанға дейінгі 1922-1937 жылдарды қамтиды.
Кеңес одағы Әлихан Бөкейханға біржола тұсау салған шақ. Бұл уақыттың өзін Әлекеңе жұмыс жасауға ресми түрде мүмкіндік берген 1922-1927 ж.ж., және үйқамақта отырған 1927-1937 ж.ж. деп 2-ге бөлуге негіз бар. Қазақтың көшбасшысын көшіріп алып, қысымды күшейткен бұл шақты шартты түрде журналистік қызметінің мәжбүрлі түрде бәсеңсу кезеңі деп айта аламыз.
Соған қарамастан, Әлихан Нұрмұхамедұлы Мәскеудегі Совет халықтарының Кіндік баспасындағы Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеген алғашқы кезеңінде – 1922 жылдың күзінде «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналында тынымсыз еңбек жасайды. 1922, 1925-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1924 жылы «Жас қазақ», 1925-1927 жылдары «Жаңа мектеп» журналдарында («Исторический материализм, «Диалектический материализм», «Комунистік жар» атты) үлкенді-
кішілі мақалалары жарияланып тұрды. Одан соң 1927 жылдың күзінде Кіндік баспадан «штатты қысқарту» деген желеумен өзін мезгілінен бұрын зейнетке шығарып салғанға дейін Әлихан Бөкейханның мақалалары сирек те болса «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Жас қазақ» журналынан, негізінен «Жаңа мектеп» журналынан көрініп отырған. «Жас қайрат» журналы 1922 жылдың қазан айынан 1927 жылдың желтоқсан айына дейін Орталық баспадан шығып тұрды десек, Алаш қайраткері ол журналмен жақын байланыста болып, оның шығармалары бұл басылымнан да жарық көріп отырды.
Алайда, Кеңес одағының кейінгі басшыларына ұлт көсемінің астанада бұлайша еңбегін жалғастыруы ұнамай, қысым күшейіп, жұмыс жасап жатқан баспадан шығарылғанға дейін тегіс ғылыми публицистикамен шұғылданса, артынша бұл мүмкіндіктен де қол үзіп, ату жазасына кесілгенге дейін он жыл бойы үйқамақта болуға тура келгенін тарихи деректерден білеміз. Алайда, үйқамақта отырған уақытында Әлихан Бөкейхан қаламнан мүлдем қол үзді деп кесіп айтуға келмейтіндіктен, бұл уақыттағы публицистік жолын кейінгі буын зерттейді деген үмітпен соңғы он жылын да үшінші кезеңге қосып отырмыз.
Хронологиялық жүйелілік үшін осындай үш кезеңге бөліп айтқан Әлихан Нұрмұхамедұлының қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, әрі редакторы ретінде атқарған қызметтерін енді өзіндік ерекшелігі мен мазмұндық сипаты тұрғысынан жік-жігімен бөліп жеткізуді жөн санап отырмыз. Олар:
1. Үздіксіз публицистік қызметі
2. Бүкілресейлік бірнеше басылымының редакция алқасының мүшесі және белсенді авторы болуы
3. Патшалы Ресей аумағына тараған үш газетке редакторлық етуі
4. Қазақ елінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырып, ашуға мұрындық болуы
1. Алдымен Әлихан Нұрмұхамедұлының үздіксіз публицистік қызметі қандай дүниелерден тұрды десек, олар:
– Публицистік мақалалар мен зерттеулер, пікірталастар мен үндеулер (Ұлттық-демократиялық мәселелер басты нысанда: жер мәселесін шешу, саяси сауаттылықты, діни сауаттылықты, оқу-ғылымды арттыру және т.с.с. мақсатымен қоғамның ой-санасын көтерген мақалалар. Мыс: «Қазақта мүфтилік мәселесі, «Бөкейліктердің мүфтилікте қалуы» «Мұсылман сиезі», т.б.)
– Әдеби және саяси тақырыптағы аудармалар («Сурат кафеханасы» (Л.Толстой, 1900), «Қажымұрат» повесі (Л.Толстой, 1920, 1924), «Мақардың түсі» (В.Короленко), «Симонның әкесі» (Ги де Мопассан), «Жұлдызды бала» (Оскар Уайльд), «Жетпіс жеті мысал» жинағы (Эзоп пен Л.Толстой, 1925), (К.Маркс – Коммунистический манифест, «17 қазан Манифесі», «Коммунистік жар» бағдарламасы (1926) және т.б.)
– Тарихи очерктер (Исторические судьбы Казахского» («Киргизского») края и культурные его успехи» (соавтор, 1903) «Қазақтар» тарихи очеркі (1910)
– Әдеби сын, рецензиялар мен фельетондар («Дала уалаяты газеті», 1900) «Роман деген не?» («Қазақ, 48-нөмір), «Қалқаман-Мамыр. Сын», («Қазақ», 1915 №121), «Қара қыпшақ Қобыланды» («Қазақ», 19156 №126-129)
– Мұнақып (Азынама) (Мәскеулік ғалым К.А.Вернер (1904), Абай (1904) неміс жұмысшыларының көсемі Август Бебель, америкалық кәсіпкер-филантроп Альфред Вандербильт, түрік саясаткері Хасейн Халами паша, Евгений Михаэлис, француз қайраткері Жан-Жорес, Александр Колюбакин, сырлас достары Барлыбек Сырттанұлы, Кәкітай Ысқақұлына арналған азынамалар және т.б.)
2. Бүкілресейлік бірнеше басылымның редакция алқасының мүшесі және белсенді авторы болуы
Әлихан Нұрмұхамедұлы «Сибирские вопросы» журналы (1908-1910) мен «Степной край» (1895-1897, 1902-1903), «Семипалатинский листок» (1905-1907) және «Сибирская жизнь» (1906-1917) газеттерінің, энциклопедиялық баспаның редакцияларына мүше болды. Бүкілресейлік басылымдардың редакциялық алқасына мүше болу деген сөз – өзін кәсіби журналист ретінде толық мойындатқандығының көрінісі деп білеміз. Саяси өте сауатты қаламгерді орыстың ілгерішіл қоғам қайраткерлері, Г.Потанин, Ф.А.Щербина, С.П.Швецов, В.В.Бартольд және Ф.В. Радлов сынды ғалымдар мен академиктер жоғары бағалаған.
Араға 5 жылдай салып Омбыға енді оралған Әлиханның газет жұмысына шақырылу тарихына оның ғылым мен саяси күресі жолындағы көп жылғы әріптесі әрі досы Сергей Швецов «Северная Азия» журналында жарияланған «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка» айдарымен берілген естелігінде жан-жақты тоқталып өтеді. С.П.Швецовтың естелігіне қарағанда, Ә.Н. Бөкейхан газеттің «марксисттік бағытының өкілі болды» және «еш күмәнсіз оның мейлінше жарқын уағыздаушысы» болды. «Я бы сказал даже – единственно ярким», – деп шегелейді өз пікірін естелік авторы С.П.Швецов. /5/
3. Патшалы Ресей аумағына тараған үш газетке редакторлық етуі «1906-1907 ж.ж. кейіннен әкімшілік шешімімен жабылған омбылық «Иртышъ», «Омичъ», және «Голос степи» газеттеріне редакторлық жасаған». Қазақтың ұлттық лидері Әлихан Бөкейхан туралы осы сөйлем Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефрон шығарған «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 8-томының 452-бетінен алынып отыр. /6/ Бұл еңбек – Төңкеріске дейінгі Ресейдегі Немістің «Брокгаузы» мен француздың «Ларусынан» тақырып аясы мен мазмұн тереңдегі бойынша артық түспесе, кем түспеген ең беделді энциклопедия болғанын айта кеткен жөн. Оның үстіне Әлекеңнің автобиографиясында 1908 жылдан бастап, аталған энциклопедияның 8-томынан 22-томына дейін редакциялық алқасында болғанын ескерсек, оның қате жазуы мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз. Осылайша, Әлихан атамыз әлемдік дәрежедегі энциклопедияның бір бетіне өзі туралы ақпарат қалдырып, кейінгі ұрпақ шындықты аршып аларына үміттенгендей көрінеді.
«Иртышъ» газеті – Патшалы Ресейдің «Народная свобода» партиясының Ақмола Облыстық және Омбы қалалық комитетінің реми баспасөзі болған басылым. Ол 1906 жылдың шілдесінен бастап тұрақты түрде шыға бастаған. Де-юре редакторы (яғни құжат бойынша редакторы) заңгер, әрі адвокат, Омбы тұрғыны, Әлиханның жақын досы, әрі адвокаты болған – Иван Аксентьевич Поваренныхъ болса, де-факто, яғни іс жүзіндегі редакторы Әлихан Бөкейхан болған. Бұл – Дала өлкесі Патша әкімшілігінің Әлекеңді қудалауына байланысты жасалған амал-шара болатын. «Иртышъ» – Әлекең редакторлық еткен 3 газеттің алғашқысы. Осыған дейін бұл газеттің жарыққа шығып үлгерген 90-нан астам санынан бары-жоғы 2-ақ саны ғана табылған болса (19-нөмірі Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапхананынсынан, 39-нөмірі Санкт-Петербургтен), соңғы жылы Омбыдан «Ресей қазақтары» қоғамдық бірлестігінің
белсендісі Данияр Шәріпов Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан «Иртышъ» газетінің 2-ден 92-ге дейінгі сандары түгел сақталғанын анықтады.
Осы тұста бас редактор ретінде Әлиханның қаламынан қандай мақалалар шығып тұрды деген сауал туындары анық. Мәселен, «Иртыштің» 36-нөмірінде 2 мақаласын жариялаған. Оның бірі редакторлық бағанда шыққан. Ешқандай аты-жөн көрсетілмеген. Ал осы нөмірдегі екінші мақаласы «Қарқараралы петициясына» байланысты жайтты қозғаған «Къ петиціямъ киргизъ» деп аталады. Бұл мақаласы Әлихан Нұрмұхамедұлы сиректеу қолданған «V» бүркеншік есіммен жарияланған. /7/ Алайда, батыл азаматтық-саяси көзқарасы газетке император әкімшілігі шүйлігеді де, оны генереал-губернатор Сухотин өз лауазымы мен тетіктерін пайдаланып «зиянды бағыты» үшін деген желеумен жауап тастайды. Патша әкімшілігінің газетті жабу туралы хаттамаларын Сұлтанхан Аққұлұлы Ресейдің Санкт-Петербургтегі мемлекеттік тарихи мұрағаттарынан тапқан.
«Омичъ» газеті «Иртышъ» газетін жауып тастаған соң, сол 1906 жылдың қарашасынан бастап шыға бастайды. Бұл газеттің де-юре редакторы – В.И. Вереденко деп көрсетілген. Газет өзінің алдында шыққан «Иртышъ» ұстанған бағыттан таймай, өз оқырмандарына айқын көзқарасын жеткізуден тартынбайды. Сол себепті, Әлекең «орыс императорының дала әпербақаны» деп баға берген генереал-губернатор Сухотин бұл газетті де көп ұзамай, «Иртышқа» тағылған айыппен белгісіз мерзімге жауап тастайды. Ең қатты зардап шеккен газет – осы «Омичъ». Оның жалпы 30 нөмірі жарық көрсе, оның әзірге тек 2, 3 және 22 нөмірі табылған. (Д.Шәріповтің мәліметіне қарағанда, «Омичъ» газетінің сол 3 саны Томск мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында сақталып қалған). Қалғанының бәрін патша әкімшілігі жойып жіберген деп топшылаймыз.
«Голос степи» газеті «Омичъ» жабылған соң, ізін ала 1907 жылдың 1 қаңтарынан бастап шыға бастайды. Де-юре редакторы ретінде деп басында Д.В. Иванов, ал бір айдан соң, ақпаннан бастап В.В. Кирьяновъ деген Омбы азаматтары көрсетіледі. Алайда, бұл басылымның 42 нөмірі шыққан соң, ақпан айында Әлиханды С.-Петербор соты 3 айға абақтыға жабады. Ол қудалауға себеп болған жайт – Бірінші Мемлекеттік Думаны мәжбүрлі түрде таратып жіберген соң, әріптестерімен бірге Финляндия «Халыққа – халық өкілдерінен» атты үндеуге қол қоюы еді. Бірақ ол 3 ай емес, 8 ай мерзімді Семей түрмесінде өтейді. Одан әрі Самараға жер аударылып, Ақпан төңкерісіне дейін сол жақта болады. Қуанышымызға орай, «Голос степи» газетінің Ресей мұрағаттарында барлық 42 нөмірі де сақталып қалған.
Жоғарыда келтірілген деректерді жүйелеп, қандай қорытындыға келуге болады десек, редактордың жеке қалауымен емес, заман бұралаңына сай әр түрлі атпен, әр түрлі редакторы көрсетіліп шыққан бұл үш газеттің бәрі де бірін-бірі жалғап тұрған, біртұтас дүние, бір идея үшін, бір адамның жетекшілігімен шығып тұрған басылым. Неге олай дейміз? Бұған бірнеше себеп бар:
– Аталған үш газеттің хронологиялық тұрғыдан кезектесіп шығуы. (Яғни бір газет қудалауға түсіп, жабылған кезде, іле-шала орнына басқа атпен келесі газет шығып отырған).
– Бір қарағанда, әр түрлі редактор басқарған әр түрлі газет болып көрінсе де, барлық үш газеттің редакциясы бір мекенжай болып көрсетілген. («Омскъ, уголъ Тобольской и Екатерининской, домъ Дудоладовой. Телефонъ № 234»).
– Әр газет жабылған жағдайда, сол газетке жазылған тұрақты, ауқымды оқырманына жаңадан ашылған газет есебінен өтелетіні айтылып отырған. (Мыс: «Голос степи» газетіндегі хабарландыру: «Вместо газет «Иртышъ» и «Омичъ» с 1 января 1907 года открыта подписка на газету «Голосъ степи» ///«Подписчикамъ газеты «Иртышъ» и «Омичъ». Подписчикамъ газетъ «Иртышъ» и «Омичъ» высылается «Голосъ степи», и деньги будутъ зачтены за соответствующій подписной плате срокъ» (Орфографиясы сақталған).
– Әлихан Бөкейхан саяси белсенділігі үшін сотталып, жазасын Семейдегі түрмеде өтеген кезде, шығып тұрған үшінші газет уақытша жабылып, шығуын тоқтатқан.
Әлихан Бөкейхан бұл үш газетті шығару кезінде қазіргі тілмен айтқанда, мол менеджменттік-маркетингтік тәжірибе жинады. Біріншіден, Әлихан Бөкейханның іс жүзіндегі редакторлық мәртебесі бас мақаланы өзі басқарған үш газеттің де бірінші бағанына аты-жөнін көрсетпестен-ақ орналастыруға мүмкіндік берген. Екіншіден, әр газеттің бірінші бетінен бастап орналастырылған жарнама-хабарландырулар – нарық заңдылығын меңгерген, газеттің қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуға ұмтылғандығының айқын көрінісі. Ал егер зерттеушілер ізденісті табанды түрде жалғастырар болса, Әлекең жетекшілік еткен тағы басқа басылымдарды да табуға болатын сияқты. Мәселен, заңгер Поваренныхъ тек «Иртыштің» ғана емес, «Степной піонеръ» газетінің де де-юре редакторы екені анықталып жатыр, «Семпалатинский листокъ» газетінің де іс жүзіндегі шығарушысы зерттеуді қажет ететін «томпақ» тұстар деп айтуға болады. Әзірге білетініміз, «Иртышъ», «Омичъ» және «Голос степи» газеттері қалың бұқараға 104 жыл бойы қолжетімсіз болып келді. Тек соңғы 5-6 жылдың көлемінде ғана Сұлтанхан Жүсіп мырзаның табанды ізденісінің арқасында, бұл газеттер тарих пен халық игілігіне айналып отыр.
4. Қазақ елінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырып, ашуға мұрындық болуы.
ХХ ғасырдың басында қазақ жерінің барлық өңірінде дерлік ұлт-азаттық «Алаш қозғалысы» саяси аренаға шығады. Қазақ тілінде газет шығару мен баспахана ашу мәселесі тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейде 1905 жылғы 5 шілдеде (кей деректерде 26 маусым) кей деректе 14500 адам (кей деректерде 12 767 мың адам) қол қойып қолдаған «Қарқаралы петициясында» көтеріледі.
Жер-суынан айрылып, тыныс-тіршілігі тарылып, мәдениеті мен тілі құрдымға тақаған қазақтың проблемасы аз болмады. Патша үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік және тағы басқа өзекті мәселелерді қамтыған бұл құжатты Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қазақ оқығандары дайындады. Осы маңызды құжаттан кейін, Алаш зиялыларының партия құру, газет шығару, оқу мәселесін жүйелендіру, ұлттық автономия құру туралы саяси әрекеттеріне жол ашылды және Алаш қайраткерлері І, ІІ мемлекеттік Думаға депутат болып сайланып, Ресейдің заң шығарушы жоғары органының мінберінен қазақтың ұлттық мүддесін көтеріп, патшалық биліктің қазақ халқының мәселесіне назар аударуына күш салды. Сөзіміз нақты болу үшін, Петицияның 3-тарауын қарар болсақ, онда былай делінген: «Қазақ халқының күнделікті мұқтаждарын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару қажет, ол үшін газет шығаруға және баспахана ашуға бастапқы цензурасыз тек хабарлау (газет басылып шығатыны туралы) тәртібін орнату керек болады».
«Қазақ» газеті аяқ астынан шыққан жоқ, 1906 жылғы маусымда «Наша жизнь» газеті (СПб) мынадай мәлімет берді: «17 қазан (1905 жылдың 17 қазанында шыққан Манифесті меңзеп отыр) тұсында және одан кейін, Бөкейханов қазақ тілінде газет шығармақ болып, өзінің жерлес қазақтарымен алдағы сайлау және қазақ халқының кезек күттірмес мұқтаждарын талқылау үшін қырға жүріп кетті». Ал М.Құлжабайұлының сөзіне сүйенсек: «Мемлекеттік Дума депутаты ретінде сол кезеңдегі Россия жоғары билік орындарына жақын адамдармен тікелей таныс болуы «Қазақты» ұйымдастыруда аз рөл атқарған жоқ». /8/ Ресейлік мұрағат құжаттарына сәйкес, газет шығаруға рұқсат 1905 жылдың 9 желтоқсандағы Генерал-губернатор Сухомлиновтың 14508-өкімімен алынса да, /9/ оны шығаруға дайындық бірнеше объективті себептерге сәйкес 1913 жылдың ақпанына дейін жалғасты. (Ол себептер: идея авторларының қайта-қайта түрмеге тоғытылуы, газет өндірісіне қаржы-қаражат іздеу, әрбір ізін баққан патша әкімшілігімен тіл табу, ұйымдастыру жұмыстары, газет шығарудан тәжірибенің болмауы, т.б.) С.-Петербордағы орталық мұрағатта сақталған Орынбор губернаторының 1913 жылы 5 қаңтардағы Жоғары баспасөз басқармасына берілген бұйрығында Орынбор қаласында қазақ тілінде аптасына бір рет шығатын «Қазақ» газетін шығарып тұруға келесі бір рұқсаттың берілгендігі жазылған.
Газет шығаруға рұқсат Мұстафа Оразайұлы мен бас редакторы ретінде Ахмет Байтұрсынұлына берілгенімен, тұңғыш жалпыұлттық қазақ басылымын шығаруға мұрындық болған, жетекшілік еткен (бұған дейін газет шығаруда мол тәжірибе жинаған) ұлт көсемі Әлихан екеніне жоғарыда келтірілген тарихи айғақ-деректер арқылы көз жеткізе алдық деп ойлаймыз. Оның үстіне Мұстафа Оразайды газет құрылтайшысы ретінде көрсету Патшалы Ресей кезінде жарық көрген, қоғамдық өзгерістерді қалаған әдеби қоғамдық-саяси «Современник» журналын шығарған кезде де пайдаланылған болатын. Алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың сөзіне сүйенсек, «Бұл тәсіл «Современниктің» жетекшілігінде тұрған Н.А.Некрасов, Н.Г.Чернышевский, В.Г.Белинский сынды интеллигенция өкілдері билік тарапынан қысымда болғандықтан, 1847—1848 жылдары ресми редакторы ретінде А. В. Никитенконы қойғандай, өзге адамның атына жаздырта тұру амалы болды».
Халел Досмұхамедұлы 1931 жылы ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) тергеушілеріне берген жауабында: «Орта және жоғары білімді қазақ зиялыларының басым көпшілігі «Қазаққа» ерді. Бөкейханов «Қазақтың» басты жетекшісі болды, оның платформасына анықтауға атсалысты», дейді. Ал Мәмбет Қойгелді осыдан 22 жыл бұрын шығарған Әлихан жинағының алғысөзінде кітаптың ұлы күрескердің негізінен «Қазақ» газетіне жариялаған мақалаларынан тұратынын айтады. «Оның мынадай себептері бар, – дейді ол. – Ә.Бөкейханов 1913 жылдың басынан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақтың» негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай-ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған ең белсенді және өндірімді авторларының қатарында болды». /10/
«Айқап» журналы 4 жылдай шығып, 1915 жылы қаржы тапшылығынан жабылған кезде, «Қазақ» газеті мұндай жағдайға душар болмай, таралымның 3000-нан 1600-ге дейін азайып кетуіне қарамастан, аптасына 1 реттен 2 ретке дейін шығып, М.Дулатұлы жазғандай, редакция өз алдына дербес баспахана, қосымша қазақша-орысша қаріптер сатып алып, заман талабына лайық мазмұн-сапамен жарық көріп, халқының ыстық
ықыласына бөленуінің ең басты сыры да – міне сол мол тәжірибені тиімді пайдалануда болатын. Осылайша, Әлекең Ахмет, Міржақып және тағы басқа өзінің сенімді серіктерімен бірге тұңғыш жалпыұлттық басылымның алғашқы санынан бастап, соңғы 266-санына дейін белсенді түрде 300-ге тарта мақаласын, ашық хаттар мен үндеулерін жазып, халықтың құлағы, көзі, һәм тілі болған төл басылым арқылы халқына адал қызмет етті.
Жоғарыдағы деректерді саралай келе, ғылыми мақаламыздың тақырыбына сай келесідей түйіндерді жасай аламыз:
– Әлихан – қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі
Тақырып жағынан сан-алуан, әрі мол ғылыми-публицистік мұраның авторы – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі деуге де, қазіргі қазақ публицистикасының негізін қалаушы деуге де толық негіз бар. Жоғарыда келтірген бай мұрасынан бөлек, бұл сөзімізге оның өз сөзі де дәлел. 1937 жылдың шілдесінде Бутырка түрмесінде өз қолымен толтырған «Тұтқын анкетасындағы» «Төңкеріске дейінгі мамандығың мен кәсібің не?» деген сауалға «ұлттық-территориялық Алашорда автономиясының төрағасымын» немесе «ормантанушы-ғалыммын», тіпті болмаса – «жер бағалаушымын» деп емес, «журналиспін» деп жазғаны негіз болады. /11/
– Әлихан – әмбебап публицист
Әлекең көтерген тақырып аясы әр әлуан. Салалық мәселелерді жазуға да, майын тамызып, терең зерттеуге де шамасы артығымен жеткен оның ғылыми-публицистикасы арқылы қазақтың қазіргі мәдениетін дамытып, қазақ ұлтын қалыптастыруға қосқан үлесі туралы белгілі драматург, жазушы, әрі «Алаш қозғалысы» белсенділерінің бірі Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1924 жылы былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаматтың тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды». /12/
– Әлихан – қос тілде жүйрік жазған, мол жазған, ең көп бүркеншік есімі бар Алаш көсемі
Ғарифолла Әнестің «Әлекең көбіне мақала-хаттарын орысша жазып, оны Ахаң мен Жақаң жеделдете аударып, дайындалып жатқан нөмірге салып отырмады ма екен?» деген жорамалына Сұлтанхан Жүсіп мырза Алаш көсемі де медреседе хат танып, Қарқаралыда Зариф молланың медресесінде 3 жыл бойы қазақша білім алғанын, қазақша білімі басқалардан кем емес екендігін, қос тілге де шешен, жүйрік болғандығын дәлелдейді. /13/
Ерекше айтып кетеріміз, осылардың бәрін жазғанда Әлихан Бөкейханның 40-қа таяу бүркеншік есімі болған. Әлиханның төл тіліндегі публицистикасында қолданған бүркеншек есімдерінен осы күнге қарай анықталғандары мыналар: «Ә.Н.» (Ә.-лихан Н.-ұрмұхамедов), «Қыр ұғлы» немесе «Қыр ұлы», «Қыр баласы», «Қ.Б.», «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Ғ.Б.» немесе «Ә.Б.» (Ғ.-али хан Б.-өкейханов немесе «Ә.-ли хан Б.-өкейханов), «Арыс ұлы» («Арыс ұғлы»), «Түрік баласы», «Қалмақбай» және, әрине, «V». Орыс тілінде пайдаланған бүркеншек есімдері одан көбірек болуы мүмкін: «А.Н.» (А.-лихан Н.урмухамедов), «Сын степей» немесе «Дала баласы», «Туземецъ», «V», «А.Б.», «Статистикъ», «Киргизъ-кайсакъ», «Алиханъ», «Ал. Кочевникъ», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ», «К.Степнякъ» немесе «Киргизъ-степнякъ», «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уакъ» және «Н.Ш.» /14/
(Әлиханның лақап есімдері туралы мәліметтер оның мына басылымдардағы мақалаларынан алынды: 1889 ж. “Особые прибавления к “Акмолинским областным ведомостям” және “Дала уалаятының газеті”, 1900-1901 ж.ж. “Киргизская степная газета”, “Семипалатинские областные ведомости”, 1905 ж. “Семипалатинский листок” (Семей), 1908-1910 ж.ж. С.-Петерборлық “Сибирские вопросы”, 1911-1914 ж.ж. “В мире мусульманства” және “Мусульманская газета” , 1913-1918 ж.ж. “Қазақ” және “Сарыарқа” газеттері, “Абай” журналы, Кеңес дәуіріндегі “Ақ жол”, “Теңдік”, “Кедей теңдігі”, “Еңбекші қазақ” газеттері мен “Қызыл Қазақстан”, “Темірқазық”, “Шолпан”, “Әйел теңдігі”, “Жаңа мектеп”, “Жас қайрат”, “Сәуле” журналдары. Бұл газет-журналдар С.-Петербор, Мәскеу, Қазан, Уфа, Омбы, Орынбор, Томскі, Алматы, Семей кітапхана-мұрағаттарынан алынды).
– Қазақтан шыққан тұңғыш бас редактор
Жоғарыда келтірген деректерге сай, 1906-1907 ж.ж. «Иртишъ», «Омичъ» және «Голос степи» газеттеріне бас редактор болған Әлихан Нұрмұхамедұлы жәй ғана бас редактор емес, оның басқарушылық-ұйымдастырушылық (менеджменттік: тиімді басқару, марткенигтік: өзін өзі қаржыландыру, жарнама беру) талаптарын ХХ ғасырдың басында отырып орындай алған азамат деп айтуға толық негіз бар.
– Әлихан – ұлттық тәуелсіз журналистика мен қоғамдық газеттің алғашқы ұйымдастырушысы, негізін қалаушы
Жалпыұлттық сипат ала алған төл басылымның ұйымдастыру шаруасынан бастап, оқырман ықыласына бөленген, сөзі пәрменді БАҚ құралына айналдыру жолында Әлекеңнің қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін жоғарыда келтірген тарихи деректермен қазықтадық.
Біз сонымен қатар, «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың алғашқы тәуелсіз журналистикасының негізі қаланғанын да зерделеуіміз керек. Алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың пікіріне сүйенсек, осылай деп айтуға толық негіз бар. Оған себеп газет шыққан соң, белгілі бір мерзімнен соң, құрылтайшысы ретінде «Азамат» серіктігін құруы. Негізгі мақсаты — мүшелік жарна есебінен “Қазақ” газетінің үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу болды. Бұл бірлестік қазіргі замандағы қазақ қоғамындағы «акционерлік қоғам» меншігінің алғашқы классикалық үлгісі деп айтуға негіз бар. «Акционерлік қоғам — капиталды орталықтандырудың және ірі кәсіпорындарды ұйымдастырудың негізгі формасы. Ол рұқсат ету жолымен құрылатын заңды кұқығы және өзіндік жарғысы бар бірлестік. Акционерлер болуға жеке адам да, заңды тұлғалар да хақылы». /15/ Яғни, Әлихан бастаған озық ойлы интеллигенция осы форма арқылы қазіргі барлық өркениетті қоғам ұмтылып отырған қоғамдық БАҚ-тың негізін салуды көздеген.
«Азамат» бірлестігіне Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаев, Шәкәрім, Н.Құлжанова және т.с.с. қазақ зиялылары мүше болған. Ахмет пен Міржақып “Қазақ” газетінің, 1913 жылғы №42 нөміріндегі “Алаш азаматтарына” деген мақалада “Бұл серіктік — көпес серіктігі емес, кәсіпші серіктігі емес, “Азамат серіктігі”. Бұған кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен серіктес болуы қажет” деп жазды.
«Азаттық рухының күміс қоңырауы» деп профессор Әбдімәлік Нысанбаев баға барген «Қазақ» газетіне қиын кезде өз шамасына қарай дем берген қарапайым қамқоршылардың әлеуметтік құрамы әр түрлі болды. «Бұл тізімнің ішінен байды да, қажыны да, орта шаруа мен кедейді де, ақыр соңы студенттерді де кездестіреміз. Демек, “Қазақ” белгілі бір әлеуметтік таптың, немесе топтың құзырындағы емес, жалпыұлттық басылым болды деуге толық негіз бар». /16/ Оған себеп, «Қазақ» сол
кездегі исі қазақтың бәрін толғандырған ортақ мәселелерді қоғам талқысына шығара алды, сол жөнінде журналистика мен әдебиеттің түрлі жанрында (мақала, талдау, шолу, көркем аударма, фельетон т.б.) келелі кеңесін бере алды. («Қазақта» көтерілген негізгі тақырыптар: 1.Ресей отаршылдығы дәуіріндегі Қазақстан, 2.Патшалық ресейдің аграрлық саясаты және қоныс аудару қозғалысы, 3.Ресей мен шетел мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынас, 4.Бірінші дүниежүзілік соғыс және оның Қазаұстанға ықпалы, 5.Ақпан төңкерісі кезіндегі Қазақстан, 6.Қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысы, 7.Мемлекетік думалар және ондағы Мұсылман фракциясы мен бюросының жұмысы, 8.Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, 9.Қазақ елінің тарихы, 10.Әдет-ғұрыптар мен ойын-сауықтар, дін мәселесі, 11.Мәдениет және әдебиет мәселелері, 12.Өлеңдер, 13. Әңгімелер, 14. Аудармалар, 15.Басылып шыққан кітаптар және оларға сын, 16.Оқу-ағарту, тәрбие мәселелері, 17.Газет-журнал шығару ісі, 18.Денсаулық.) /17/
«Қазақ» газетінің кәсіби журналистиканың міндетін атқаруы келесідей сипаттармен көрініс тапты:
– Сұранысты қанағаттандыруы
– Көзқарастары билікпен сәйкес келмесе де, шығып тұруы
– Мемлекеттен, жекелеген бай-шонжарлардан тәуелсіз болуға ұмтылуы
– Дарынына білімі сай нағыз біртума талант авторларды тартуы
– Газетте айдарлардың (рубрикалардың) болуы
– Редакция жұмысын ұтымды ұйымдастыруы
– Газеттің мәтіндік сауатты редакциялануы
Осы сипаттары арқылы, «Қазақ» газетінен тәуелсіз журналистикаға айналуға ұмтылыс жасаған батыл қадамдарды көре аламыз. Сонымен қатар, «бұдан түйетініміз, Алаш публицистикасы мектеп болып қалыптасып, қазақ жастарының рухани өсіп, кемелденуіне негіз болғандығы айдан анық». /18/
Адам құқын, қоғам мүддесін жоғары қоятын зайырлы, құқықты, азаматтық қоғам тәуелсіз журналистика мықты болған кезде ғана қалыптасатыны анық дүние. Бұл мәселе бүгін де өзекті дей аламыз. Өйткені, ол жоқ жерде ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келіп, шығармашылық ізденіс жоғалып, халық ақпарат көзіне сенуден қалады. Біз Әлихан Бөкейхан бастаған арыстарымыздың осы идеясын бүгінгі күнде жаңғырту арқылы ғана құқықтық мемлекет құра аламыз. Мойындасақ та, мойындамасақ та, болашағымыз – қоғамдық негіздегі тәуелсіз журналистикада. Алаштықтар аңсаған, бүгінгі ел боп қоштаған «Мәңгілік ел» идеясы – БАҚ-тың рөлі дербес институт ретінде көрініс тапқанда ғана ел игілігіне сай жүзеге асар асыл мұрат. Сол мұратқа жету жолында Әлихан Бөкейхандай ұлыларымыз көрсетіп берген шамшырақты жолды ұстансақ, адаспасымыз анық.
Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер көрсеткіші
1. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Құраст: М.Қойгелдиев // Алматы: «Қазақстан» 1994.
2. Сұлтан Хан Аққұлұлы. Әлихан Бөкейхан. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек. 2016. 483-497б.б. «Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында».
3. Дала уалаятының газеті, № 19, 12 мамыр 1889 ж.; № 45, 10 қараша 1889 ж.; № 47, 24 қараша 1889 ж. Омбы.
4. Әлихан, Міржақып. «Қазақ газеті, №234, 24 маусым, 1917 ж. Орынбор.
5. Швецов С.П. Омская газета «Степной край» и политическая ссылка. К истории сибирской печати.// «Северная Азия», журн., № 1, 1930, 110-бет. Москва.
6. Ф. А. Брокгауз, И. А. Ефрон, Новый энциклопедический словарь, том 8. 1908 год. СПб.
7. http://rus.azattyq.org/content/alikhan_bukeikhan_omich_irtysh_newspapers/2050668.html/
8. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар . Құраст: М.Қойгелді // Алматы: «Қазақстан» 1994.
22-б.
9. «Қазақ» газеті. Құраст: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов //Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 1998. 8-б.
10. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. Құраст: М.Қойгелдиев //Алматы: «Қазақстан» 1994. 3-б.
11. Сұлтан Хан Аққұлұлы. Әлихан Бөкейхан. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек. 2016. 483-497б.б. «Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында».
12. Қ. Кемеңгерұлы, Таңдамалы.//Алматы: Қазақстан, 1996 ж. Құраст: Д.Қамзабекұлы
13. https://i-news.kz/news/2013/05/17/7012745-syltanhan_akkylyly_garifolla_anes_zhane.html
14. Сұлтан Хан Аққұлұлы. Әлихан Бөкейхан. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек. 2016. 483-497б.б. «Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында».
15. /https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%BA%D1%86%D0%B8%D0%BE%D0%BD%D0%B5%D1%80%D0%BB%D1%96%D0%BA_%D2%9B%D0%BE%D2%93%D0%B0%D0%BC/
16. Сақ Қайрат Өмірбайұлы. “ҚАЗАҚ” – ӨЗІН-ӨЗІ ҚАРЖЫЛЫНДЫРҒАН ГАЗЕТ http://www.enu.kz/repository/repository2014/kazakh-ozin-ozi.pdf
17. «Қазақ» газеті. Құраст: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов //Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 1998. 460-б.
18. ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы // Алматы: «Экономика». 2015. Қ.Сақ «Алаш көсемсөзінің тарихи маңызы мен өміршеңдік мәні», 255-б.
Алма Сайлауқызы
alash24.kz