[:kk]Елбасының атына Түрікменстан мен Сербия президенттерінен жеделхаттар келіп түсті [:]

[:kk]Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Сербия Республикасының президенті Александр Вучич пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен жеделхаттар келіп түсті. Бұл туралы ҚазАқпарат elbasy.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сербия президенті Александр Вучич Елбасының тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

«Өзіңізге тән энергия, күш-қайрат және оптимизм коронавирустан күштірек болады деген сеніммен Сізге қолдау білдіргім келеді. Жақын арада халықаралық қауымдастық өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың көмегімен пандемияны еңсереді және кедергісіз әлеуметтік-экономикалық даму жолына қайта оралады деген үміттемін. Айығып кетуіңізді шын жүректен тілеймін. Менің зор құрметім мен ыстық ықыласымды қабыл алыңыз», – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен жеделхат келіп түсті.

Гурбангулы Бердімұхамедов Елбасының коронавирус жұқтырғаны туралы хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдады.

«Өмірлік энергияңыз бен ерік-жігеріңіздің арқасында Сіз бұл дертті қысқа мерзімде еңсересіз деп сенемін. Сізді барынша қолдауға және қажет болған жағдайда көмектесуге дайынмын. Шын жүректен тезірек сауығып кетуіңізді тілеймін. Алла Тағала Сізге мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр берсін», – делінген жеделхатта.

Еске салайық, 18 маусымда Елбасының коронавирусқа жасаған ПЦР-тесті оң нәтиже көрсетті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы медицина қызметінің бақылауында екенін хабарлады. Елбасы заманауи коммуникация каналдарын қолдана отырып, қашықтан жұмыс істеп жатыр.[:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp