Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық құсбегілік фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, дәстүрлі доданың жалауы көтерілді.
Ұлан ауданының Бозанбай ауылы маңындағы «Бүркіт төбе» алаңында ұйымдастырылған фестиваль аясында биыл алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі сарапқа салынуда. Он елдің саятшылары бас қосқан халықаралық жарыстың алғашқы күні бүркіт салудан басталды.
Бүгін бүркіт салудан екі кезең бойынша бәсеке өтті. Алдымен құсбегілер қырандарын қолға шақыру бойынша өнер көрсетсе, одан кейін шырғаға салудан бақ сынады. Осылайша фестивальдің бірінші жарыс күні мәресіне жетті.
Еске сала кетейік, биылғы халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Түркия, Испания, Мажарстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстанның құсбегілері қатысуда. Қазақстан намысын Астана мен Алматы қалалары және еліміздің 11 облысынан келген спортшылар қорғап жатыр.
Жарыс қарсаңында мандаттық комиссия отырысы өтіп, құстардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Тіркеу қорытындысында үш бағыт бойынша барлығы 174 қыран есепке алынды. Оның 103-і – бүркіт, 38-і – ителгі, 33-і – қаршыға. Сондай-ақ жеребе тартылып, сайысқа шығу кезектілігі анықталды.
Ертең, 10 қазанда бүркіт салудан бәсеке жалғасып, ителгі мен қаршыға салудан сайыстар өтеді. Үш бағыттағы жарыстар толық аяқталғаннан кейін Бірінші Азия кубогінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, марапатталады.
Турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау көрсетуде.










