Вашингтон қаласында өткен C5+1 бизнес-форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, OpenAI, Inc. және Freedom Holding Corp. арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды
Құжаттың мақсаты – білім беру, цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын Қазақстанның жоғары, техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Келісімнің басты мақсаты – жасанды интеллект негізіндегі білім беру құралдарын кең көлемде енгізу үшін жағдай жасау, студенттердің, оқытушылар мен басқарушы кадрлардың цифрлық және ЖИ дағдыларын дамыту, сондай-ақ заманауи технологиялар негізінде көптілді және қазақтілді контент қалыптастыру. Ынтымақтастық аясында елдегі жоғары оқу орындары мен колледждерді OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру платформасына қосу бойынша пилоттық жобаны іске қосу қарастырылған. Платформаға оқытушылар, студенттер және әкімшілік қызметкерлер қол жеткізе алады, бұл ЖИ технологияларды оқу, ғылыми және әкімшілік қызметте тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының қатысуын үйлестіреді және ЖИ құралдарын білім беру үдерістеріне енгізу жұмыстарын цифрландыру және жоғары білім беру саласындағы ұлттық саясатқа сәйкестендіре отырып жүзеге асырады. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, жобаны AI-Sana бағдарламасы аясында үйлестіретін болады. OpenAI компаниясы технологиялық әріптес ретінде ChatGPT Edu лицензияларын және әдістемелік қолдау ұсынса, Freedom Holding Corp. лицензияларды сатып алуға қаржылық қолдау көрсетіп, бастаманың ұйымдастырушылық жағын қамтамасыз етеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек OpenAI компаниясымен жасалған келісімнің еліміздегі цифрлық білім беру мен инновацияларды дамытудағы маңыздылығын атап өтті:
«OpenAI компаниясымен келісімге қол қою – Қазақстанның жоғары білім жүйесін түрлендіру жолындағы жаңа мүмкіндік. ChatGPT Education интеллектуалды білім беру платформасын енгізу оқу сапасын арттырып, заманауи цифрлық құралдарға қолжетімділікті кеңейтеді және Қазақстанның Орталық Азиядағы аймақтық ғылыми-білім беру және инновациялық орталық ретіндегі орнын нығайтады», – деді министр.
Өз кезегінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі бұл әріптестіктің ел үшін маңызын атап өтті:
«OpenAI және Freedom Holding Corp. компанияларымен ынтымақтастық – ұлттық AI-экожүйесін дамытудағы маңызды қадам. Біз білім беру саласында жасанды интеллектіні тиімді пайдалану арқылы Қазақстанның цифрлық дәуірдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасап отырмыз».
Меморандумды іске асыру – заманауи, технологиялық білім беру жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.










