Берел, Елеке сазы қорғандарын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев кездесу барысында Абай облысы Ақсуат ауданының аумағында орналасқан Елеке сазы қорымындағы ежелгі түрік дәуіріне тиесілі мәдени кешеннен табылған құнды жәдігерлерді таныстырды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Археологтың айтуынша, Елеке сазындағы көне түрік қағанына арналған культтік-мемориалдық кешен – тарихи әрі мәдени тұрғыдан ерекше нысан. Бұл ескерткіш құрылымы мен табылған олжалары арқылы көне түрік қағанатының мемлекеттік жүйесі мен рухани дүниетанымын айқын сипаттайды. Кешенде 2019 жылы басталған археологиялық қазба жұмыстары барысында алтын, күміс, темір және сүйектен жасалған көне бұйымдар, сондай-ақ салтанатты рәсімдерге арналған құрбандық қалдықтары табылған.
Зейнолла Самашевтың пікірінше, бұл кешен – түркі қағандарының қасиетті орындарының бірі және оны зерттеу түркі өркениетінің тарихын терең тануға жол ашады. Археолог аймақ басшысына мәдени-тарихи кешендегі қазба жұмыстарын ары қарай жалғастыру жөнінде, сондай-ақ, Елеке сазынан табылған құнды жәдігерлерді облыс жұртшылығына таныстыру үшін Семей қаласында көрме өткізу туралы ұсыныстарын айтты.
Облыс әкімі Берік Уәли археологиялық мұраларды сақтау мен насихаттаудың маңызды екенін атап өтіп, ғалымның бастамаларына тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.










