Мәскеуде Нұрғиса Тілендиевтің жүз жылдығына арналған концерт өтті

Мәскеудегі «Геликон-опера» музыкалық театрында көрнекті қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің жүз жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса» шығармашылық кеші өтті

Іс-шараны Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Нұрғиса Тілендиевтің композитор ғана емес, сонымен қатар дыбыс пен әуен арқылы «біз кімбіз? қайданбыз? жанымыз нені қалайды?» деген басты сұрақтарға жауап іздеген философ болғанын атап өтті. «Ол қобыз бен домбыраның ежелгі күйлері мен заманауи симфониялық формалар арасындағы көпірге айналды. Оның шығармалары ғасырлар диалогы сияқты: оларда дала әуендері, қаһармандық мотивтер, фольклорлық ырғақтар және қатал академиялық мектеп бір-бірімен тоғысады. Ол музыка тек өнер ғана емес, сонымен бірге естелікті, ұлт сәйкестігі мен ішкі күшін сақтау жолы екенін көрсетті», – деп атап өтті Елші. Д.Абаев ұлы әкенің мұрасын бүгінде оның қызы – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дирижер Дінзухра сақтап, өнер жолын жалғастырып отырғанын айта келе, Дінзухраның шеберлігін осы кеште тамашалауға болатынын еске салды.

Өз кезегінде Дінзухра Тілендиева ағымдағы мерейтой жылында Мәскеуде өнер көрсету ол үшін үлкен мәртебе екенін айтты. «Мәскеу әкем үшін бөтен қала емес, ол мұнда консерваторияда әйгілі ұстаз Николай Аносовтан дирижерлік шеберлікті оқыған, Үлкен театрда тәжірибеден өткен. Сондықтан біз концертке аса жауапкершілікпен дайындалдық, репертуарды мұқият таңдадық. Мен өз тегімді мақтан тұтамын, үлкен жауапкершілікті сезінемін», – деді ол.

Аталған кеште концерттегі атмосфера шынымен мерекелік болды. Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын «Ақжауын» камералық оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, сондай-ақ қазақстандық сахна жұлдыздары – Фархат Кубиев, Рухия Байдукенова, Сырым Шонбаев, Төлеген Рахымбаев, Секен Тұрысбек, Медет Орынбаев, Мұса Сапарәлі, Әділ Ахметжанов, Әсел Ержанова, Бибігүл Қилымхан, Нұркен Әшіров, Даяна Тілендиева, Фариза Досбол, IL Canto квартеті орындады.

Концерт керемет қошеметпен өтті. Көрермендер өнерпаздарды ұзақ уақыт сахнадан жібергісі келмеді. Баршаға түсінікті ортақ музыка тіліндегі керемет концерттік қойылым мәскеуліктерді бай қазақ мәдениетімен таныстырып, олардың жүректерінде ұмытылмас эмоциялар қалдырды.

Кеш қонақтары сонымен қатар, Геликон-опера фойесінде орналастырылған Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай көрмесімен танысу мүмкіндігіне ие болды. «1936 жылы Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтіп, сол жерде Жамбыл Жабаев бүкілодақтық даңққа ие болды. Мен 90 жылдан кейін осында қайта келіп, атамның жеке коллекциясындағы экспонаттарды мәскеуліктердің назарына ұсынып отырғаныма өте қуаныштымын», – деді мұражайдың директоры, ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова.

Нұрғиса Тілендиевтің жүз жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде өтуде – мерейтой ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген. Ағымдағы жылы бүкіл әлемде композитордың шығармашылығына арналған халықаралық іс-шаралар өткізілуде. Мәскеудегі концерт осы мәдени эстафетаның жалғасы болды.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp