Абай облысында жол апатынан зардап шеккен балалар Астанадағы ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты
Абай облысының Үржар ауданында 21 тамыз күні жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі бала шұғыл түрде Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Ұл бала мен қыз баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Дәрігерлер олардың жарақаттарының ауырлығын ескеріп, бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Сол жерде ота жасалып, қажетті ем-шаралардың толық кешені жүргізілді.
Екі апта балалар тәулік бойы дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен дер кезінде атқарған шараларының арқасында науқастардың жағдайы тұрақтандырылды. Бүгінде балалардың халі жақсы, оң динамика байқалады, амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді.
«Екі бала көптеген жарақатпен түсті. Дәрігерлер күрделі ота жасады. Қазіргі таңда ұл мен қыздың жағдайы жақсы: белсенді, шағымдары жоқ, тәбеттері сақталған», – деді аурухананың орынбасары Динат Ерікұлы.
Бүлдіршіндердің ата-анасы дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашырлығы үшін алғыс айтып, ақ халаттыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.