Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті

Халық қаһарманы, дирижер, аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

«Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді» – делінген хабарламада.

Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломаттар, халықаралық ұйым өкілдері, Франция жұртшылығы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрме – қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет, түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Министрлікте атап өткендей, көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты. Жоба «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның шығармашылығын насихаттауға, қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған.

Нұрғиса Тілендиевтің еңбектері біртұтас ұлттың мәдени мұрасына айналды. Ол 500-ден астам музыкалық туындыны дүниеге әкелген, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған, кейін өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болды.

Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде осы жылдың 19 маусымына дейін жалғасады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp