Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетімен танысып, саланы одан әрі дамыту әрі оның өңір экономикасының құрылымындағы үлесін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бірегей табиғи-климаттық жағдайлардың арқасында өңір туризмнің барлық түрін дамытудың зор мүмкіндіктеріне ие. Бүгінгі таңда демалушылар арасында Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің жағажайлары, Қатон-Қарағай ауданындағы пантымен емдеу орны, аймақтың тарихи нысандары, сондай-ақ Глубокое ауданы мен Риддердегі тау шаңғысы туризмі тұрақты сұранысқа ие. Өткен жылы ШҚО-дағы ішкі туристік ағын 2,7%-ға өсіп, демалушылар саны 350 мыңнан асты. Шетелдік туристер санының артуына Қазақстан мен ҚХР арасында орнатылған визасыз режим ықпал етті.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Глубокое ауданының туристік инфрақұрылымымен және экотуризмді дамыту жоспарымен танысты. Экологиялық стандарттарды сақтай отырып іске асыру көзделіп отырған жобалар ұсынылды. Үкімет басшысына өңірде санаторий-курорттық, қысқы, ауыл туризмі түрлерінің дамуы туралы баяндалды. Жалпы, туризм саласын дамытуға және жаңа нысандардың құрылысына өткен жылы 12 млрд теңге инвестиция салынды.
«Шығыс Қазақстан облысының экологиялық туризмді дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар. Президент атап өткендей, туристік салаға инвесторлар тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау қажет. Бүгінгі таңда облыста жеке инвестициялар тарта отырып, жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда. Осы бағытта өңір мен орталықтың күш-жігерін біріктіруді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр тау шаңғысы туризмін дамыту және танымал ету қажеттілігіне баса назар аударды. Қысқы және тау шаңғысы спорт түрлері бойынша ел құрамасындағы спортшылардың көбі Шығыс Қазақстан облысының тумасы екені атап өтілді. «Риддер – Глубокое» тау шаңғысы кластерін одан әрі дамыту үшін Туризм және спорт министрлігіне қысқы спорт түрлерін дамытуға жәрдем көрсету тапсырылды.
Олжас Бектенов туристік әлеуетті ашу үшін көлік желісі мен әуе қатынасын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Курорттық аймақтың көлік-логистикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Астана, Алматы, Шымкент және Қарағандыдан Өскеменге тікелей әуе қатынасы жолға қойылған. Атыраудан тікелей бағыт ашу келісіліп жатыр.
Бұл ретте Үкімет басшысы жол төсемінің сапасына және жол бойындағы сервистің заманауи желісін құруға жекелей тоқталды.
«Қанас – Марқакөл» көлдерінің трансшекаралық бағытын ұйымдастыру үшін Теректі ауылынан Марқакөл көліне дейінгі жол жабынын салу мәселесін пысықтау, сондай-ақ ШҚО аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында кемінде 15 санитарлық-гигиеналық торап салуды қамтамасыз ету тапсырылды.