Олжас Бектенов инфрақұрылымның жылыту маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуды тапсырды

Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Электр стансаларындағы жұмыстардың барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, жылу желілерін реконструкциялау жағдайы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыс әкімдері есеп берді, деп хабарлайды Рrimeminister.kz

Биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергия блогын, 6 қазандықты және 9 турбинаны жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта басқа нысандардағы жұмыстар әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр желісін, 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды әртүрлі жөндеу түрлерімен қамту жоспарлануда. Жылу желілерін реконструкциялау 541 км коммуникация желісін қамтиды, бүгінгі таңда дайындық деңгейі 23% құрайды.

Премьер-Министр отырысқа қатысушылардың назарын жылумен жабдықтау объектілерін дайындаудағы сын-тегеуріндерге аударды. Мысалы, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары әлі басталмай тұр, кестеден артта қалу – 2 ай. Тараз, Жезқазған және басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту бойынша да мерзімдер кешіктірілді.

«Биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр», — деді Үкімет басшысы.

Әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының төмен қарқыны байқалады. Бұған қоса, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жеткіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды. Елімізде инженерлік коммуникацияларды жөндеу жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр.

Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды.

«Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.

15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp