[:kk]Медициналық масканы далаға шыққанда тағып жүру тек ұсыныс ретінде айтылғанымен, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл сақтық шарасын қазақстандықтардан орындауын сұрады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
“Маска тағу – ағзаға инфекция түсуден, соның ішінде COVID-19-дан қорғайтын механизмдердің бірі. Жабық ғимаратта, үй-кеңселерде немесе дәріхана, сауда орталықтары мен дүкендерде, соның ішінде көлік құралдарында міндетті түрде маска тағу керек”, – деп мәлімдеді брифингте Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев.
Басқа жерлерде, коронавирусқа күдікті адамға, сондай-ақ дене қызуының көтерілуі, жөтел, түшкіруі сияқты ауру белгілері пайда болған адамға көмектескіңіз келсе масканың болғаны дұрыс.
“Жабық орындардан тыс жерде маска тағу – халық арасында вирус жұқтыру қаупін азайту үшін ұсынылады. ДДҰ мәліметтері бойынша, адам 3-5 минутта бетіне кем дегенде бір рет қолын тигізеді, бұл инфекцияны жұқтырудың қаупін арттырады. Сондықтан адам жасына қарамастан далада бетперде тағуге кеңес береміз”, – деді ол.
Оның айтуынша, адамдардың көбі масканы дұрыс тақпайды, мысалы, тек аузын жабады, сирек ауыстырады. Сондай-ақ, ол маскадан басқа өзін-өзі оқшаулау, қолды антисептикпен өңдеу және жиі жуу коронавирустан құтқара алатынын айтты.[:]