Ел тарихында алтын әріппен жазылған бұл айтулы күнді қала тұрғындарымен бірге ұлықтау мақсатында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Менің рәміздерім» акциясын өткізді.
3-4 маусым аралығында өткен акцияның салтанатты бөлімі – «Әнұраным-айбыным» концерті бүгін елорданың бойтұмары саналатын «Бәйтерек» монументінің алдында ұйымдастырылды.
Ұлттық Ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні патриоттық шараның шымылдығын ашты. Айта кетерлігі, концерттік бағдарламаны тамашалауға келген тұрғындар саны да көп.
Мерекелік концерт барысында «Кәусар» би ансамблі, сондай-ақ «Аламан» тобы, Шахаризат Сейдахмет, Әсел Малаева, Парасат Отан сынды республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, әншілер өнер көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлай алды.
Сонымен қатар, акция аясында қала тұрғындары мен қонақтарына жалаушалар таратылып, арнайы бағдарлама ұйымдастырылған болатын. Ұйымдастырушылардың викториналық сұрақтарына дұрыс жауап берген елордалықтарға сыйлықтар да табыс етілді.
Ұлттық Ұланның Құрмет қарауылының қатысуымен өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі – мерекелік концерттің түйінді сәттерінің бірі болды.
«Менің рәміздерім» акциясының басты мақсаты – Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, азаматтардың патриоттық сезімін ояту. Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін тұтас әлемге танытатын құнды белгілерімізді насихаттау мақсатында акция бірнеше іс-шараларды қамтыған болатын.
Атап өтсек, 3 маусым күні ұйымдастырушылар кала орталықтарын, саябақтар мен қоғамдық орындарды аралап, тұрғындарға Мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтар қойды. Сауалнамаға қатысқан 200-ден астам адам арнайы сыйлықтар иеленіп, төл мерекеміздің маңызы жайында ой бөлісті. Ал 4 маусым күні акция аясында «Mega Silk Way» сауда орталығының қызметкерлеріне еліміздің Мемлекеттік туы бейнеленген төсбелгілер мен кішкентай жалаушалар таратылды.