[:kk]Темірбай Темірлан өлеңдері[:]

[:kk]”Сұлулық əлемді құтқарады!” Ф.Достоевский
Сұлулық

Ой, бұл қыздың сұлуын-ай, ой, бұл қыздың сұлуын!..
Қарақаттай көздерінің, көздерінің тұнығын!
Оттай болып хас сұлулық қарсы алдымда тұрғанда,
Мұз боп қатқан жүрегімнің бір-ақ сəтте жылуын!..

Ой, бұл қыздың нəзігін-ай, ой, бұл қыздың нəзігін!..
Алпыс екі тамырымды бойлап аққан сезімім,
Нəзіктікпен азаптардай бұл бейшара жүректі,
Не жазығым бар еді, Ием, бар еді не жазығым?..

О, Құдайым, қапияда кезіп жүрген жұрт ішін,
Періштені кезіктірдім! өңім, бəлкім, бұл – түсім?..
Өмірімді нұр жайнатып о бастағы кейпіндей,
Көңілімді қытықтаған сыңғыр-сыңғыр күлкісін!

Ой, Сұлулық, махаббатқа бөледің де бар маңды,
Еркімді алып көкке ұшырдың мендік қиял-арманды.
Қайғым нұрға, түңілісім құштарлыққа айналып,
Қайта сүйіп кеттім лезде сені көріп Жалғанды!

Темірбай Темірлан

 

Ауылым!

Дүние-ай, беу, дүние-ай, маған салса,
Кетер ем еркіндікке, амал қанша?..
Ауылым, қайта өзіңе оралсам ғой,
Амалсыз тас қалаға қамалғанша!

Тамсандырған талайды “пай-пай!”-латып,
Кең далама көз салсам, айхай, бақыт!
Жусан иіскеп шалғында мен жатқанда,
Ақ жеңешем жүрсе ғой шай қайнатып!

Баяны жоқ, бітпейтін мұң-зарыңмен,
Өтіп жатқан тірлік-ай бір сарынмен.
…Бота көзі мөлдіреп сонда жеңгем,
“Шай ішсеңші!” – десе ғой жұмсақ үнмен!

Қою шайға қанып ап, маңдай қызып,
Сала берсем бүлдірген таңдайға үзіп.
Жылқы мініп, жадырап, о, содан соң,
Кең далада құйғытсам… қандай қызық!

Құлыны ем ғой мен де бір қараша үйдің,
Шіркін, Ауыл, өзіңді дара сүйдім!
Маған салса… кетер ем бұл қаладан,
Бұл қалада жан жоқ қой жаны ашитын!

Басы айналар бақытқа бөленсе адам,
Баға жетпес бақыт – бұл, мен аңсаған.
…Тар қалада жүрсем де, бір күндері,
Алып-ұшып, кең далам, келем саған!

Темірбай Темірлан

 

Кездесу

Ехе-хей, қалдым-ау жақсарып,
Кездестік…
тағы да жолықтым!
Көзіңнің нұрымен жап-жарық,
Бақытқа бөледің, көріктім!

Жүрегім жымиып қояды,
Сəулетай, сезініп тұрмын мен!
Күлімдеп қояды, ой, əні!..
Айығып көңілі кірбіңнен.

Алыстау едік қой кеше біз,
Үп-үлкен осы бір қалада.
…Бір тылсым барын тек сеземіз,
Бір тылсым – жақындық арада…

Арамыз, міне, енді, жұп-жуық,
Көзбенен бəрін де ұғыстық.
…Қоштасу не деген сұп-суық,
Кездесу не деген ып-ыстық!

Махаббат отына жанасың,
Сен де бір ғаламат күйдесің.
Қарашы, не деген жарасым!
Қарашы, не деген үйлесім!

Тым сұлу мен үшін ажарың,
Тым ерек мен үшін əз үнің.
Осынау сұлулық ғажабын,
Ешкімге қимадым, нəзігім!

Темірбай Темірлан

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! [:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp