Қалқаман Сарин

Күз аңсар…

 

Қош келдің, Күз аңсарым, Күз аңсарым!
Құбылтқан жасыл Жаздың гүзәл сәнін.
Қызартып екі бетін қыз Алшаның
Сенің де келеді ертең ұзар шағың!..
Бермейді мәңгі ешкімге уақыт тұрақ!
Таңғы шық құлпырады жақұт құрап.
Сені есен көргеніме… Бақыттымын!
– Құстар ма?
Меніңше, олар бақыттырақ!..
Өзгеше сарғыш нұрың — жанның күйі
Өзді-өзі сыбырласар жаңбыр жиі.
Билейді жапырақтар жел сазымен,
О, неткен, Тангоға ұқсас Тағдыр биі!..
Сендегі Түн — сабырлы, Күн — баянды!
Сендегі сөз жұпарлы, үн бояулы!
Сендегі жалғыздық та сұлу сондай!
Сендегі сағыныш та, мұң да — аяулы!
Құбылтқан жасыл Жаздың гүзәл сәнін,
Қош келдің, Күз аңсарым, Күз аңсарым!
Соңғы рет көкжиекте жүзер сағым…
Сенің де келеді, әттең, ұзар шағың!..

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp