Бұрынғы КСРО-да ресми билік большевиктік (коммунистік) партия мен билік басында отырған көсемдерінің қолында болғаны белгілі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында толық орныққан кеңестік тоталитарлық жүйе қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласына өзінің темірдей тәртібін орнатып, бір идеологияға бағындырды. Ғылым-білім саласы да ресми идеологияны насихаттауы, партия көсемдері ұсынған концепциядан ауытқымауы тиіс болды. И.Сталиннің «Пролетарская революция» журналының 1931 жылғы № 6 санында жарияланған «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» хатында большевизм тарихы мәселелерін тиісті сатыға көтеру, партияның тарихын үйрену ісін ғылыми, большевиктік жолға қоюды және партияның тарихын бұрмалаушы троцкистерді және басқа барлық бұрмалаушыларды анықтап, оларға қарсы күресуге [1, Б.10] шақырды. Қазақ тарихына партиялық қысым осы жылдардан басталды. Қазақстандағы тарих ғылымы салыстырмалы түрде алып қарағанда әлі жас, тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуында біз орыс ғалымдарына қарыздармыз деген үстем көзқарас қалыптастырылды. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің идеологиялық жұмыстарында, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында, мерзімді басылымдарда осы идея насихатталды [2, Б.28].
И.Сталиннің «Пролетарская революция» журналы редакциясына жолдаған «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» хаты, 1934 жылғы БК(б)П Орталық Комитеті мен КСРО Халық комиссарлар кеңесінің тарих пәнін оқыту туралы қаулысы, И.Сталин, А.Жданов, С.Кировтың «КСРО тарихы» оқулығы конспектісіне жасаған ескертулері кеңестік тарих ғылымында сталиндік концепцияны айқындап берді. 1938 жылы шыққан «БК(б)П тарихының қысқаша курсы» барлық кеңестік кеңістіктегі халықтар тарихын жазуға методологиялық бағдар болды.
* * *
Ұлы Отан соғысы басталғанда КСРО Ғылым академиясы құрамындағы институттардың мамандарын Қазан, Свердловск, Ташкент, Алматы қалаларына көшіру туралы шешім қабылданып, академияның тарих институты директорының міндетін атқарушы А.Панкратова бастаған он ғалым 1941 жылы күзде Алматы қаласына келді. Мәсекеулік тарихшыларды орналастыру және т.б. ұйымдастыру шараларын атқару Қазақ КСР Халық ағарту комиссарының орынбасары Ермұхан Бекмахановқа жүктелді.
Қазақстанға келеген білікті тарихшы мамандарды Алматы қалалық партия комитетінің штаттан тыс лекторлары етіп бекітті. Алайда, ғалымдар партияның үгіт-насихат жұмыстарымен ғылымды қатар ұстауды мақсат етті.
Анна Михаиловна Панкратова «Қазақ КСР тарихын» жазу, осы бір игілікті іске ғалымдарды жұмылдыруды ойластырды. Тарих оқулығын жазу, аса маңызды мәселе болғандықтан жоғарғы партия органдарының келісімімен ғана жүзеге асатыны белгілі, сондықтан партияның жоғарғы органының рұқсатымен қазақ тарихы оқулығын зерттеп жазу жұмысы басталды. Оқулықтың ғылыми кеңесшісі А.Панкратова, қазақ тарихын жазуға Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Кенжебаев сияқты білікті мамандарды қатыстыруды жөн деп тауып, бұл ауқамды жұмысқа үш ғылыми-зерттеу институт ғалымдар тартылды. Барлық ұйымдастыру шараларын Ермұхан Бекмаханов өз мойнына алды, сонымен қатар оқулық жазуға тікелей ат салысты.
Ғалымдардың үлкен еңбегімен «Қазақ КСР тарихы» оқулығы 1943 жылдың шілде айында баспадан шықты. Алғашында Сталиндік сыйлыққа ұсынылған оқулық, М. Морозовтың «Большевик» журналындағы оқулықты саяси тұрғыдан айыптаған «Об Истории Казахской ССР» [3] деген мақаласынан кейін «орысқа қарсы жазылған кітап» деген бағаға ие болып тағдыры қиындай түсті. Айтыс-тартыс, сын пікір көбейді. Сөйтіп, 1945 жылы 14 тамызда Қазақстан КП(б)ОК «Қазақ КСР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы арнайы қаулы қабылдады. Партиялық мерзімді басылымдар кітаптан саяси және методологиялық қателіктер іздеп, сынауды, авторларын қуғындауды жалғастыра берді. Бұл – ұлтшылдықпен күрес науқанының қайта жалғасқанының нақты бір көрінісі еді. Қазақ тарихының тұңғыш оқулығының тамырына балта шабылып жатқан 1946 жылы БК(б)П Орталық Комитеті партияның тарих ғылымындағы концепциясын анықтайтын «БК(б)П тарихының қысқаша курсын» 10 миллион дана етіп басып шығару туралы қаулы қабылдады. Оның 200 мың данасы Қазақ КСР-іне таратылды. Қазақ К(б)П Орталық Комитеті «БК(б)П тарихы қысқаша курсын» 50 мың данамен қазақшаға аударып таратуды жоспарлаған болатын, соның алғашқы 20 мың данасы қазақ тілінде шықты.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ КСР тарихы» кітабының екінші басылымын даярлау туралы» шешімінде айтылған нұсқаулар түгелдей ескеріліп, кітаптың екінші басылымы 1949 жылы қайта басылып шықты, кеңестік кезең тарихына арналған екінші томы даярланып, баспаға тапсырылды.
1946 жылы наурыз айында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің Бірінші Сессиясы «КСРО халық шаруашылығын қалпына келтірудің және өркендетудің 1946-1950 жылдарға арналған бесжылдық жоспарын» бекітті. Онда: «Совет халқының өміріндегі бұл жаңа дәуір, большевиктер партиясының міндетін өте қатты қойып отыр. Бұл міндетті орындап шығу үшін, барлық идеологиялық жұмыстарды мейлінше күшейту керек» [4, Б.13] деген бағыт берілді. Партия мен мемлекеттің идеологиялық және мәдени жұмыстарының барлық түрлері мен салалары осы жауапты жұмысқа жұмылдырылды. Баспасөз, насихат және үгіт, ғылым, көркем әдебиет пен өнер, радио, кино, театрлар, музей, мәдени ағарту мекемелері – міне осылардың барлығы еңбекшілерге коммунистік тәрбие беру үшін қызмет істеулері тиіс болды [4, Б.13]. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының экономика секторы, тіл-әдебиет, тарих институттары ғылыми-зерттеу жұмыстары, Қазақ КСР жоғарғы оқу орындарындағы әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедраларының ғылыми-зерттеу жұмысы туралы мәселелер қарады. Тарихшы мамандарға қазақ халқының тарихын марксистік тұрғыда жүйелеп жазу тапсырылды.
1946 жылы 14 тамызда БК(б)П Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары, 26 тамызда «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары», 4 қыркүйекте «Үлкен өмір» кинофильмі туралы қаулы-қарарлары, сондай-ақ БК(б)П Орталық Комитетінің қоғамдық ғылымдар академиясын ашу, БК(б)П Орталық Комитетінің жанындағы жоғарғы партия мектебін қайта құру, одақтас республикалардың астаналарында және бірнеше ірі облыс орталықтарында екі жылдық партия мектептерін ұйымдастыру жөніндегі шаралары партияның идеологиялық жұмыстарының жандана түскенін байқатты. Қоғамдық ғылымдарға партиялық саясат пен идеологияны насихаттап жазу және бұқара халыққа тарату талаптары қатаң қойылды. Қазақстандағы идеологиялық жұмыстарды насихаттауда жоғарыдағы аталған қаулы-қарарлардан, «Қазақ ССР тарихы» туралы арнайы қабылданған Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті шешімдерінен ауытқымау міндеттелді [5, Б.18]. 1946 жылы КСРО Ғылым академиясы тарих секторы базасында Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнолоия институты құрылды. Кеңестік-партиялық саясат пен идеологияның қыспағында, ресми биліктің нұсқауымен қызмет еткенімен республикада институттың құрылуы тарих ғылымындағы маңызды қадам болғанын да айтуымыз керк.
БК(б)П Орталық Комтетінің шешімдеріне сәйкес тарихшы мамандар ғылыми жұмыстармен қатар қоғамдағы идеологиялық жұмыстарға да тартылды, алайда олардың атқарған жұмыстары жоғарғы партия органдарын қанағаттандырмады. Қазақстандық тарихшылар өздерінің ғылыми жетістіктерін жұмысшы, колхозшы және интеллигенция алдында сирек насихаттайды, мерзімді басылым, радио және дәріс оқу сияқты маңызды насихат құралдарын пайдаланбайды деген ескерту де алды. Олардың ғылыми зерттеу жұмысындағы басты «кемшілік» бұрынғы өткен тарихқа қызығушылығы, соған бетбұруы саналды. 1946-1947 жылдары баспадан шыққан алты кітаптың біреуі ғана («Победа Октябрьской революции в Казахстане» құжаттар жинағы) кеңестік кезеңге арналған, «Известия Академии наук Казахской ССР» тарих сериясының алғашқы үш басылымындағы мақалалардың дені кеңеске дейінгі кезеңді қамтыған, қорғалған он сегіз кандидаттық және докторлық диссертацияның он үші кеңестік кезеңге дейінгі тақырыпты зерттеуге арналған, тек бесеуі ғана кеңестік кезең тақырыбында жазылған деген сын естіді. Қазақстан тарихының кеңестік кезеңге дейінгі тарихын зерттеген ғалымдар еңбегінен саяси және методологиялық тұрғыдағы қателіктер ізделді.
1946 жылғы «Известия Академии наук Казахской ССР» тарих сериясының екінші басылымында филология ғылымдарының докторы Ә.Марғұланның Едіге батырға арналған мақаласы жарияланды. Мақалада қазақ тарихындағы Алтын орда кезеңі, барлық Орта Азия халықтарына ортақ тұлға Едіге батыр тұлғасы ғылыми тұрғыда талданған болатын. Ә.Марғұланның бұл мақаласы «орыс, қазақ және басқа да халықтардың жауы Алтын Ордалық мырза Едігені мадақтады», «Едіге барлық Орта Азия халықтарына ортақ тұлға деген идеяны дамытып, таратпақ болды» бұл ғылымға қарсы және реакциялық мәні күшті пантюркистік идея деген айып тағылды.
1947 жылы «Библиографический указатель материалов по истории Казахстана (восточные источники, опубликованные до 1917 года)» (авторы – филология ғылымдарының кандидаты Н. Сәбитов, редакторы – Ә.Марғұлан) деген еңбек жарияланды, онда араб, парсы және түрік тарихшыларының қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты еңбектері көрсетілген болатын. Аталған еңбекте діни-нанымсыз қиссалар тізімге көп еніп кеткен деп сыналды [2, Б.31] Х.Айдарованың «Шоқан Уәлиханов» деген монографиясы негізінен жағымды пікірге ие болғанымен, Ш.Уәлиханов көзқарасы қалыптасуында араб және ағылшын әдебиеттерінің рөлі асыра көрсетілгендігі айтылды. Қазақстан тарихы ғылымындағы жетістіктер таптық- партиялық методолгияға сәйкес үнемі «ұлы орыс» халқы тарихымен байланыста баяндалуы тиіс болатын, бұл бағыттан ауытқыған кейбір тарихшылар атына да сын пікірлер айтылды. «Известия Академии наук Казахской ССР» археология сериясындағы А.Борисовтың «Сирийская надпись на сосуде из Тараза» деген мақаласында Орта Азия халықтары рухани мәдениетінің қайнар бұлағын Иран мен Сириядан іздеуге талпынған, Н.Г. Апполова «Присоединение Казахстана к России» деген кітабында кейбір деректерге дұрыс талдау жасамаған деген сын пікірлер айтылды.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті бюросында КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының экономика секторы, тіл-әдебиет және тарих институттары ғылыми-зерттеу жұмыстары мәселелері, сонымен қатар Қазақ КСР жоғарғы оқу орындарындағы әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедраларының ғылыми-зерттеу жұмысы туралы мәселелер қаралды. Тарих ғылымы саласы мамандарына қазақ халқының тарихын марксистік тұрғыда жүйелеп жазу тапсырылды. Тарихшы ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысының төмендегідей негізгі міндеттері белгіленді:
- «Қазақ ССР тарихы, баяғы заманнан бүгінге дейін» деген еңбекті, бұл туралы Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 августағы қаулысымен нақ сәйкестіріп екінші рет басуға даярлау;
- Архив материалдарын жүйеге салып, Қазақ ССР тарихының баяғы заманнан бүгінге дейінгі документтері мен материалдарын қамтитын көп томдықты баспаға әзірлеу;
- ХІХ ғасырдың аяғындағы Қазақстанның қоғамдық ойының тарихы мәселелерін ғылыми зерттеп, жүйелеп жолға салу;
- Қазақстанда Октябрь революциясы мен азамат соғысының тарихы туралы документ материалдарды дайындап бастыру;
- Қазақстан Ұлы Октябрь революциясынан кейін экономикалық, саяси және мәдени жағынан қайта жасалғанын зерттеу;
- Қазақстан партия ұйымының тарихын зерттеу;
- «Қазақстан Отан соғысында» деп аталатын Отан соғысының тарихы және шежіре жылнамасы жайында документтерді әзірлеп, жариялау [6, Б.29]. Тарихшылар, әдебиетшілер, идеология майданының барлық қызметкерлері тарихи мәселелерді жазғанда Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР тарихы» бірінші басылуы және оны екінші басылымға дайындау туралы қаулысын үнемі ескеріп отыру тапсырылды [7, Б.36]. Бұл міндеттерді орындау үшін тарихшы ғалымдар, аспиранттар іске жұмылдырылды.
«Известия Академии наук Казахской ССР» тарих сериясының төрт басылымы, археология сериясының екі басылымы, «Вопросы истории», «Вестник Академии наук Казахской ССР» ғылыми журналдарында тарих ғылымы мәселелеріне арналған мақалалар жарияланды. Коммунистік партияның қаулы-қарарларында айтылған сын және өзара сынды өрістету, «саяси және методологиялық өрескел қателіктерді» жоюға «Қазақстан большевигі», «Большевик Казахстана», «Қазақстан коммунисі», «Коммунист Казахстана», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» және басқа да партиялық басылымдардың «Сын және библиография» айдары белсене кірісті.
* * *
КСРО-да қоғамдық-саяси ахуал ушығып, соғыс жылдары қайта түлеген ұлттық рухты басып-жаншу кезеңіне тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың тарих ғылымының докторы атағын алу үшін диссертациясын қорғауы тұспа-тұс келді. 1946 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғаған Е.Бекмаханов, 1947 жылы Алматыдағы Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан, жалпы редакциясын М.П. Вяткиннің басқаруымен «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясы басылып шықты. Кітап жарық көре салысымен ғалымның дұшпандары партияның жоғары органдарына домалақ арыздарды (анонимка), баспасөз беттерінде «сын» мақаларды қарша боратты.
Ермұхан Бекмаханов 1946-1947 жылдары Қазақстан ғылым академиясы тарих, археология және этнография институты директорының орынбасары қызметін атқаратын, институттағы, жалпы тарих ғылымындағы ахуалды саралап «Большевик Казахстана» журналының 1947 жылғы № 9 санында «Қазақстандағы тарих ғылымының жағдайы және міндеттері» деген көлемді мақала [8] жариялады. Автор мақаласында тарих ғылымының өзекті мәселелерін талдап, ғылыми методологиялық ойларын ортаға салған, тарих ғылымындағы кейбір пікір-талас тудыратын мәселелерге тоқталған. Төңкеріске дейін жазылған Қазақстан тарихы туралы тарихи әдебиеттердің кеңес тарихшысы үшін құндылығы жоқ деп бір жақты қарауға болмайды, бұл мәселені тек шенеуініктер ғана емес академиктер Вельяминов-Зернов, Радлов, Бартольд, Левшин, Аристов, Потанин және басқа да көрнекті орыс ғалымдары зерттеген, олардан қалған ғылыми мұраларда аса бай деректік материалдар бар және бірқатар мұрағат құжаттары алғаш ғылыми айналымға енгізілген осы жағынан алғанда аса құнды деп бағалады. Аталған авторлар еңбектеріне сыни тұрғыдан қарау қажеттігін де ескертті. Қазақ тарихшылары арасынан көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың Шығыс Түркістан мен Жоңғария, қазақ және қырғыз халықтары тарихы жайлы еңбектерінің құндылығы, Құрбанғали Халид, Омар Қарашевтің қазақ тарихына, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты еңбектерінің маңыздылығы айтылады.
Е.Бекмаханов Қазан төңкерісіне дейін қазақ тарихына қатысты еңбек жазған қазақ зиялылары есімін белгілі себептермен толық атамағанымен, осы кезеңде жазылған тарихи еңбектерге: «Егер төңкеріске дейінгі орыс тарихшылары еңбектерінің ғылыми методологиялық жағы әлсіз және оларға ұлыдержавалық орыс шовинизмі рухы тән болса, ал төңкеріске дейінгі қазақ тарихшыларында деректерге сын көзімен қарамаумен қатар буржуазиялық ұлтшылдық пиғыл күшті әрі ашық көрінді (8, Б.27)» деген сипаттама берген болатын. Аталған мақалада 1943 жылы КСРО Ғылым академиясы тарих институтының Алматы тобы, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының және Маркс-Энгельс-Ленин институтының қазақ филиалы ғылыми қызметкерлері бірігіп құрастырған (редакциясын басқарған М.Әбдіқалықов пен А.Панкратова) ұжымдық еңбек «Қазақ ССР тарихына»: «Кеңестік Шығыс халықтарының бірі тарихын марксистік тұрғыда жүйелеуге арналған алғашқы талпыныс, кітапқа деген ғылыми қызығушылықтың тууы, қазақ халқы тарихы туралы тұңғыш аяқталған еңбек болғандықтанда» деген пікірін білдірген. Кітаптың басты құндылығы Қазақстан тарихының көнеден бүгінге дейінгі тарихына қатысты бай деректік материалдарды бір жүйеге келтіруі деп бағалаған автор, «Қазақ ССР тарихын» жазу барысында кеткен кейбір «қателіктер» мен «дәлелсіз пікірлер» үшін авторлар ұжымы қатал да әділ сын» алды, кітап авторлары «Қазақстан тарихын өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар дамуы, таптар мен тап күресі тұрғысынан талдап көрсетудің орнына қазақтардың өз тәуелсіздігі жолындағы күресі тұрғысынан қараумен шектелді» деп жазды.
Қазақстандағы тарих ғылымының өткені мен бүгінін саралап, жүйелі зерттеп, пікір білдірген Е.Бекмаханов мақаласын баспасөз бетінде жариялана салысымен сынға алындған «Культура и жизнь» газеті мен «Большевик Казахстана» журналы болды. «Культура и жизнь» газетінің 1947 жылғы 20 желтоқсандағы № 35 санында, «Большевик Казахстана» журналының 1948 жылғы №1 санында А. Лихолат дегеннің «Путаная статья о задачах исторической науки» [9] деген мақаласы жарияланды. Мақала авторы Е.Бекмаханов мақаласындағы ұтымды пікірлерге мән бергісі келмесе керек, тек автордың өзі «қате» деп тапқан мәселерге тоқталғанын айта кеткен жөн. Е.Бекмаханов мақаласында тарих ғылымы мәселелері терең талданған, біз мерзімді басылымдарда сынға алынған тұстарына тоқталамыз.
Мақала «сыны» 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» кітабынан басталған. 1945 жылы «Большевик» журналының № 6 санында кітап авторларының зиянды методологиялық қателіктері, қазақ халқы тарихын бұрмалап жазуға жол бергені үшін сынға алынғанына қарамастан, Е.Бекмаханов өзінің «О состоянии к задачах исторической науки в Казахстане» деген мақаласында кітаптың құндылығын, бүгінгі күні «ғылыми қызығушылыққа» ие болып отырғандығын дәлелдеуге тырысқан [9, Б.50], ол дұрыс емес дейді А. Лихолат. «Сыншы» бұл пікірін одан әрі дамытып, келесі мәселелерді атайды: «Қазақ ССР тарихындағы» (М.П.Вяткин авторларының бірі) қате пікірлердің бастамасы болған М.П. Вяткиннің «Очерки по истории Казахской ССР» (1том, 1941г.) кітабындағы қателіктер мен кемшіліктер жайлы ауыз ашпай, Қазақстан тарихынан жақында шыққан С.Н. Покровский, В.Ф. Шахматов, Х.Айдарова, М.П. Вяткин монографиялары мен өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы туралы мадақтаудан басқа бірауыз сын айтпайды [9, Б.50]. Сонымен қатар мақаладағы басты кемшілік ретінде, ғалымның төмендегі пікірлерін атаған: «қазақ мемлекеттігі құрылар алдындағы бірқатар мемлекеттер мен халықтар» тарихынан, «ерте орта ғасырдағы түрік қағанатының пайда болуы мен дамуынан», «Шыңғыс хан империясы құрамына кірген» бірқатар мемлекеттер тарихынан монографиялық еңбектер жазу, ХV ғасырда Қазақстан территориясында құрылған мемлекеттер тарихын зерттеу, қазақтардың Қытай және Жоңғариямен ертедегі қарым-қатынасы, «халық және мемлекеттілік», «Қазақстандағы құлдық, төленгіттер, батырлар, байлар, билер туралы», «көрші мемлекеттердің әлеуметтік категориялары» тарихын зерттеу «аса маңызды» және «өзекті мәселе» деп көрсетуі [9, Б.51] аталады.
Е.Бекмаханов мақаласында «Қазақ ССР тарихы» кітабының жағымды жақтарын жазумен қатар алғашқы басылымында Қазақстан тарихын кезеңдеуде кеткен кемшіліктердің де орынды сыналғанын айтты. Кітаптың алғашқы басылымында: 1) Қазақстан халықтары тәуелсіздік кезеңінде ( көне дәуірден – ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін) 2) Қазақстан – отар (ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан – Қазан социалистік революциясына дейін) (4,Б.33) деп кезеңделген болатын, оған авторлар ұжымы түзетулер енгізгеннен кейін алты кезеңге бөлінді: 1) Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс; 2) Қазақстан территориясындағы ежелгі тайпалық одақтар; 3) Феодализмге дейінгі варварлық мемлекет; 4) Қазақстанда феодалдық қатынастардың дамуы, алғашқы феодалдық мемлекеттер; 5) ХУІІІ ғасырдың екінші жартысынан – ХІХ ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі кезең, феодалдық – отаршылдық езгі жүйесінің қалыптасуы; 6) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан – Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Кеңестік Қазақстан тарихы мәселесінде «қателіктер, ұлтшылдық бұрмалаушылықтар» жіберіліп жүр деген партия сыны ескерілді. Аталған кезең тарихынан әлі бірде-бір монография жазылмағаны, кеңестік кезең тарихын жүйелі зерттеу барысында бұл мәселеде өзгерістер болу мүмкіндігі ескеріліп кезеңдеуді алғашқы нұсқасында қалдыруды ұсынды.
Е.Бекмахановтың мақаласында, Ұлы Отан соғысы жылдары жазылған М.П. Вяткиннің Сырым батырға арналған, Б.С. Сүлейменовтың – Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформалар туралы, Г.Н. Апполованың Қазақстаннның Ресейге қосылу тарихы жайлы, Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметін тұңғыш зерттеген Х.Айдарова еңбегі және Е.Бекмаханов өзінің ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді зерттеуге арналған «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында», С.Н. Покровскийдің «Исследование о гражданской войне в Семиречье», В.Ф. Шахматовтың «Внутреняя букеевская орда и восстание Исатая Тайманова» тағы басқа зерттеулер мен монографиялардың «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындауда көп жеңілдік келтіргенін, архив материалдарының басым көпшілігінің алғаш ғылыми айналымға енгізілгендігін ерекше атап көрсеткен. Аталған жұмыстардың барлығы Қазақстан тарихынан біздің білімімізді кеңейтетін дербес ғылыми зерттеу деп бағалаған.
Жоғарыда айтқанымыздай, ғалым мақаласында Қазақстан тарихының алдында тұрған міндеттері мен өзекті мәселелерін нақты көрсетіп берді. Ең алдымен тарихшылар алдындағы міндет қазақ халқының шығу тегі мен Қазақ мемлекеттігі мәселесін зерттеу. Бұл мәселенің дұрыс шешім табуы қазақ мемлекеттігі құрылғанға дейінгі мемлекеттер мен халықтардың әлеуметтік- экономикалық және саяси даму деңгейін анықтап алуға тікелей байланысты. Сондықтан да ерте орта ғасырдағы түрік қағанатының пайда болуы мен дамуын, Орта Азияда өмір сүрген ірі мемлекеттер тарихын тиянақты зерттеу қажет. Қарахан мемлекеті, Қыпшақ мемлекеті, Шағатай ұлысына қатысты монографиялар жазу, ХV ғасырдағы қазақ мемлекетінің негізін салған Жәнібек пен Керейдің, Тәуке, Әбілхайыр және Абылай хандардың мемлекеттік қызметтерін зерттеу қажет. Қазақ халқының басқа халықтармен мәдени, экономикалық және саяси байланыстары, қазақ мемлекетінің көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынасы мүлде зерттелмеген. Қазақ мемлекеттігі мен халық болып қалыптасуы барысында Қытаймен, Жоңғариямен, Орта Азия хандықтарымен, башқұрт, қырғыз, қалмақ және ұйғыр халықтарымен қарым-қатынасын зерттеу өзекті деп атап көрсетті.
Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесін зерттегенде мына мәселерге назар аударуды ұсынды: қазақ даласына орыс мәдениетінің қалай енгені, оның қазақ мәдениеті мен тұрмысына ықпалы, қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы орыс мәдениетімен араласуы т.б.
А. Лихолат өзінің жоғарыда аталған сын мақаласын, тарихшылар Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін анықтаудағы Е.Бекмаханов кеңестерін басшылыққа алатын болса, кеңестік кезең тарихын жазуға бірнеше он жыл өткен соң ғана кірісулері мүмкін, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті органы «Большевик Казахстана» журналы бетінде мұндай былық мақаланың басылуы оқырманға түсініксіз деп аяқтаған. «Большевик Казахстана» журналының редакциясы «Культура и жизнь» газеті бетінде (1947 жылғы 20 желтоқсан № 35 саны) жарияланған А.Лихолаттың «Путаная статья о задачах исторической науки» деген мақаласы сынының орынды екендігін, журналдың жақындағы сандарының бірінде Қазақстан тарихы ғылымы алдында тұрған міндеттерді көрсетуде кеткен кемшіліктерін түзейтіндігін айтып уәде берді [10, Б.52].
Ермұхан Бекмахановтың соңына шам алып түскендердің бірі тарих ғылымдарының кандидаты Хадиша Айдарова. 1948 жылғы баспасөз беттерінде Х. Айдарованың «Националистические извращение в вопросах истории Казахстана» және «За марксистко-ленинсое освещение вопросов истории Казахстана» атты мақалалары басылды.
1948 жылдың 23 ақпанында Б(б)КП Орталық комитетінің нұсқауымен КСРО ҒА-нің тарих институтында Е.Бекмахановтың кітабы талқыланды. Осы талқылауға арнайы келген Х.Айдарова, М.Ақынжанов, Т.Шойынбаев кітапты барынша сынға алды. Мәскеу большевиктері қазақ «сыншыларын» өз ұлтының тарихына қарсы қойды. Ғалымның осы іргелі еңбегі үш қайтара талқыланды. Алғашқы талқылау Мәскеуде – КСРО Ғылым академиясының тарих инситутында 1948 жылдың 28 ақпанында болды да, екінші талқылау осы жылдың маусым айында Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясының Төралқасында өтті. Келесі талқылау осы жылдың 14-19 шілдесінде Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында болды [11, Б.336]. Талқылаулар негізінде 1949 жылы «Вопросы истории» (№ 4), «Большевик Казахстана» (№ 9) журналдары мен осы жылдың шілдесінде «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде Қ.Шариповтың «Қазақстан тарихы марксистікпен баяндалсын» [12] деген сын мақаласы басылды.
«Социалистік Қазақстан» газетінің бір жарым бетіне басылған бұл көлемді мақаладан кейбір үзінділер келтірейік: «… Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасындағы өзгерістерді қарастырғанда Е.Бекмаханов қазақ қоғамының феодалдық қалыпқа көшуімен және соған байланысты қауымдық жердің тартып алынуымен, халық бұқарасын қанаушылықтың күшеюімен қатар тап қайшылықтарының және тап күресінің күшейгенін жеткілікті көрсетпеген. … Қазақ халқының тарихы ең алдымен қазақ еңбекшілерінің езушілерге − хандарға, сұлтандарға, билерге, байларға қарсы күресінің тарихы деген идея оның кітабының желісі болып отырмайды. … Қазақтардың орыстармен қарым-қатынасының езуші халық езілуші халықпен қарым-қатынасы түрінде көрсетуге тырысқан қазақ ұлтшылдарын әшкерелей отырып, тарихшылар Орынбор және Сібір өлкелеріндегі орыс шаруаларының ауыр халін мысалға келтіріп, орыс халқы мен қазақ халқының тағдырының бірлігін және тарихи қалыптасқан достығын көрсетуге тиіс…. Е.Бекмахановтың ең үлкен принциптік қатесі 1837-1846 жылдардың қозғалысындағы ішкі тап қайшылықтарын ашып көрсетпеген»
Профессор Е.Бекмахановтың [13] «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылғы 2 қазандағы санында Қ.Шарипов мақаласына жауабы жарияланды. Ғалымның бұл мақаласы жарық көрген жинақтарына енбегендіктен және оқырманға түсінікті болу үшін, осыдан 72 жыл бұрын жарық көрген мақаланы түпнұсқадан толық ұсынуды жөн көрдік.
ӘДІЛ СЫН
Профессор Е.Бекмаханов
Осы жылғы 9 июльде «Казакстанская Правда» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған Қ. Шариповтың «Қазақстан тарихы марксистік тұрғыдан баяндалсын» деген марксистік тұрғыдан «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабымды ССРО Ғылым Академиясының Тарих институтында талқылауды қорытқандық болды. Қ.Шариповтың мақаласында бүкіл кітапқа, сол сыяқты ондағы басты-басты методологиялық қатерлерге өте дұрыс баға берілді.
Бұл методологиялық қателердің мәнісі неде?
Біріншіден, қазақтардың 1837-46 жылдардағы қозғалысына марксистік толық талдау жасалмады.
Қазақтардың 1837-46 жылдардағы ұлттық-азаттық қозғалысының бұқаралық сипатын анықтай келіп, біз мұның өзі негізінде тек отрашылдыққа қарсы қозғалыс болып қоймай, сонымен қатар езілген қазақ еңбекшілері бұқарасының езушілерге қарсы –қазақ феодалдарына қарсы тап күресі болғанын атап көрсетпедік, ашпадық.
Марксистік – лениндік методология бізден Қазақстандағы ұлттық- азаттық қозғалысты шаруалардың феодалдарға қарсы қозғалысымен тығыз байланысты түрде қарауды талап етеді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Сырым Датовтың қозғалысының (1783-97 жылдар), Бөкей ордасындағы Исатай Тайманов бастаған қазақтардың отаршылдыққа қарсы көтерілісінің айырмашылықтары болуына қарамастан, бәріне ортақ бір сыпаты болды: еңбекшілер бұқарасының жер үшін патша өкіметінің отаршылдарына, Орта Азия хандықтарына және өздерінің патриархтық-феодалдық шонжарларына қарсы күресі бұл қозғалыстардың бәрінде де біз тарихи заңдылықты, яғни тап күресін көреміз.
Қазақ халқының өз феодалдарына қарсы күресі сыртқы агрессияға қарсы күреспен ұштасып отырды. Сыртқы агрессияға қарсы күрес кей кездерде еңбекшілер бұқарасын қазақ қоғамының жоғарғы жігінің мұндай жақындасу олар арасындағы тап қайшылықтарын ешуақытта тоқтатқан жоқ, жойған жоқ. Менің «Қазақстан ХІХ кітабымда көтерілісшілер лагеріндегі тап мүдделерінің қашылығы талдап көрсетілмеді. Бұл- менің б ірінші және басты принциптік қатем..
Екіншіден, қазақ халқының ұлттық-азаттық қозғалыстары мәселесін Россияның тарихымен тығыз байланысты зерттеу қажет. Қозғалыстың қандайының болса да тарихи ролін сонда ғана дұрыс анықтауға болады, өйткені орыс халқы мен қазақ халқының тағдыры тарихтың барысы бойынша тығыз байланысты. Қазақ халқынң орыс халқымен байланысының тарихи тамырлары тіпті әріден басталады. Бұл тарихи тамырлар Россияның қол астына қараған Әбілхайыр және Абылай хандардың тарихи актылары бойынша баянды етілді. Россияның қол астына қарағанда, Әбілхайыр мен Абылай бүкіл қазақ халқының ниетін білдірді. Мұның өзі жалпы тарихи келешек тұрғысынана қарағанда, қазақ халқын Жонғарияның,Қытайдың және Орта Азия хандықтарының қулдығына түсірілуден құтқарған қажетті және прогрестік қадам болды. Бірақ Қазақстанның Россияға қосылуының прогрестігін көрсете келіп, мен кітабымда мұның маңызын толық ашпадым,Россияға қосылудың прогрестік сипаты қазақ халқымен бірігіп самодержавнеге қарсы, сол сияқты өздерінің феодалдарына қарсы күресуіне жол ашылғандығында болғанын көрсетпедім.
Ол кезде Россияда шаруалардың үлкен толқулары, мәселен 1732 жылы 12 губернияға таралған толқу болды. Нақ сол дәуірде қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған ұлттық-азаттық көтерілісі шықты. Сондықтан біз бұл оқиғалардың бір-бірімен байланыстылығын көрсетпей кете алмаймыз.
Сөйтіп қазақ халқының ұлттық-азаттық күресі орыс халқының крепостниктікке қарсы күресімен тығыз байланысты болды. Мәселенің осылай қойылуы ғана дұрыс, өйткені ол Россияның ұлттық шеткері аймақтары халықтарының жер үшін, өздерінің тәуелсіздігі үшін жүргізген күресін орыс халқына қарсы күрес деп көрсететін ұлтшылдық жат түсінікке жол қалдырмайды. Бұл аса маңызды тезисті ашпағандықтан мен қазақтың 1837-46 жылдардағыы қозғалысының мазмұные да толық аша алмадым. Бұл- кітабымыздың аса елеулі екінші методологиялық қатесі.
Үшіншіден, белгілі бір халықтың ұлттық артықшылығы теориясының қандайы болса да марксизм-ленинизм рухына негізінен жат. Ленин мен Сталин біздерге әрбір халықтың прогрестік жақсы қасиеттерін құрметтеуді үйретеді. Марксизм- ленинизмнің бұл қағидасын ұмытқандық халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасын талдағанда өрескел қатеге әкеп соқпай қоймайды. Кенесары Қасымовтың қырғыз халқымен соқтығысына баға бергенде біз де осылай қателестік. Кенесарының феодалдық басқыншылығы кітапта қазақ халқының ұлттық-азаттық қозғалысының қажетті кезеңі түрінде көрсетілді.
Хан ретінде Кенесарының өз басын дәріптеу, оның мемлекеттік реформаларын асыра бағалау сыяқты басқа қателерді туғызған басты-басты үш методологиялық қате осылар.
Сонымен, кітабымызды талқылаудың сабақтарынан қазақ халқының ұлттық азаттық қозғалысының тарихын мұнан былай дұрыс баяндау үшін нақтылы қорытындылар шығаруымыз керек.
Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған 1837-1849 жылдардағы көтерілісінде негізгі екі кезең болды. Бірінші кезең- 1837-41 жылдарды қамтыйды. Бұл дәуірде көтеріліс Ұлы жүздің аудандарына таралып, бірте-бірте орталық Қазақстанның жерін мекендеген қазақ руларын қамтыды. Көтерілістің екінші кезеңі 1841-1846 жылдарды қамтыйды. Бұл дәуірде қазақ еңбекшілері көтеріліске жаппай қатысты, көтеріліс бірте-бірте қәіргі Қазақстанның жеріне тегісінен дерлік таралды.
1847 жылы басталған Кенесарының қырғыз манаптарына қарсы күресінің халық қозғалысына ешқандай қатысы болған жоқ, өзінің сипаты жағынан бұл күрес феодалдық- басқыншылық соғыс болды.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші патша өкіметі мен Орта Азия хандықтары тартып алған қазақ жерлерін қайтару үшін күрескен қазақ шарулары болды, өйткені Сталин жолдастың айтқанындай: «Шарулар ұлттық қозғалыстың негізгі армиясы болып табылады,- шаруалардың армиясынсыз қуатты ұлттық қозғалыс болмайды және болуы мүмкін емес» ( И.Сталин, «Ленинизм мәселелері», 6- басылуы, 1928 жыл, 247 – бет).
Қазақ еңбекші бұқарсынң көтерілске кеңінен қатысуы әлеуметтік жоғарғы топтар өкілдерінің қозғалысқа қатысуына бөгет болған жоқ. Қазақтардың көтерілісіне феодалдық топтың өкілдері- сұлтандар, билер қатысты. Көтерілістің белгілі бір кезеңінде олар көтерілісші қалың бұқарамен бірге болып, сыртқы агрессия хаупіне қарсы күресті. Мұның бір себебі патша өкмет орындары феодалдардың белгілі бір бөлегінің мүдделеріне нұсқан келтіргендігі болды. Кенесары қасымов осындай феодалдардың қатарында болды. Ол патша өкіметінің қазақ еңбекшілерін отаршылдықпен қанауына қарсы халық ызасының күшін ескеріп, қазақ еңбекшілерінің қозғалысына басшылық етті. Ол қазақ шарулары арасында –патша өкметі және Орта Азия хандықтары тартып алған қазақ жерлерін қазақтың өзіне қайтару ұранын тастады. Мұның өзі қазақ халқының тіршілік мүдделеріне сай келді. Көтерілістің кең өріс алуының,он жылға таяу уақытқа созылуының себебі де осыдан. Сондықтан да Кенесары қазақтардың 1837-46 жылдардағы ұлттық- азаттық қозғалысында прогрестік роль атқарды.
Бірақ халық бұқарасының бұл қозғалысына басшылық ете отырып, Кенесары Қасымов феодал қалпында қала берді, өз табының мүдделерін көздеді. Еңбекші шарулар бұқарасының мүдделері мен патриархтық-феодалдық шонжарлардың мүдделері арасындағы қайшылықтар жойылмады. Жер мәселесі бұл қайшылықтардың түйінді жері болды. Кенесары жерді өзінің Абылай ханнан мұраға қалған феодалдық меншігі деп танылды, ал халық бұқарасы жерді өзінің игілігі деп таныды. Бұл қайшылықтар әсіресе көтерілістің аяқ шенінде онан сайын айқын көрінді. Халық бұқарасы көтерілістің барысында өздерінің мүдделері феодалдардың мүдделеріне қарма-қарсы екенін неғұрлым түсінген сайын, олар солғұрлым Кенесарыдан бойын аулақ сала берді.
Әрбір ұлттық- азаттық қозғалыста бұл қозғалысқа қатысушы әртүрлі таптар мен жіктердің мүдделерінің жалған «бірлігі» тасасындағы тап мүдделерін, әртүрлі таптардың қозғалысқа қатысыуының мақсаттарын да, қатысу дәрежесін де белгілейтін мүдделерді көре білу марксист тарихшының міндеті болып табылады. Мен өзімнің кітабымда ттық-азаттық қозғалысының бұқаралық және прогрестік жағын дәлелдей отырып, көтерілісшілердің лагеріндегі жоғарыда, көрсетілген тап қайшылықтарын қарастырмағанымды мойындауым қажет. Мұның өзі тарихи процесті марксистік- лениндік тұрғыдан түсінушілікке қайшы келетін қате.
Сол кітаптағы екінші бір қатеміз- хан ретінде Кенесарыны дәріптегендігіміз. Көтерілістің барысында Кенесары өзінің бабасы аблай тұсындағы хандықты қайта орнаутыға тырысты. Бірақ ол бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін құруды сөз қылмағанның өзінде, баянды хандықты да құрған жоқ. Кенесары хандығында сот, финанс және жер «реформаларының» жүргізілуі онда мемлекеттің тек бастама формалары ғана болғанын көрсетеді.
Сонымен, Кенесары хандығының саяси құрылысын баяндағанда әкімшілік басқарманың ( сот, салық, финанс) бастама формаларын бір орталыққа бағынған мемлекеттің әкімшілік органдарына теңегендігіміз біздің кітаптағы қатеміз болғандығы сөзсіз.
Ендігі бір аса маңызды мәселе- Кенесарының Қырғызстандағы күресі.
1846 жылы патша өкімет орындары және Орта Азия хандары ығыстырған көтерілісшілер амалсыздан Кіші жүздің жерінен шығып, Ұлыжүздің жеріне, Іле және Балқашкөлі ауданына өтті. Қоқан мен Қытайдан қатты қысым көрген Ұлыжүздің қазақтары бұл кезде ықтыярымен Россияның қоластына қараған еді.
1846 жылдың аяғында, Қазақстанды Россияға қосып алу іс жүзінде аяқталып келе жатқан жағдайда Кенесары қазақ халқының маңызды тұрмыс тілектеріне қайшы келіп, Ұлыжүздің халық бұқарсын Россияға қарсы көтеріліске шығаруға тырысты. Бірақ кенесары Ұлыжүздің қазақтарын күреске шығара алмады, сол сияқты Алатау қырғыздарын да көтерілісшілерге қоса алмады. Мұнан кейін ол қырғыздарды күшпен өз жағына шығармақ болды. Оның қырғыз манаптарына жазған және феодалдық агрессияның айғағы болып табылатын хаты бұған дәлел. Манаптардың көтеріліске қатысудан бас тартуы Кенесарының 1847 жылы қырғыстан жеріне басып кіруіне сылтау болды. Қырғыз манаптарына қарсы басталған бұл күрес қырғыз халқына қарсы агрессиялық күреске ұласты, айқын феодалдық-басқыншылық соғыс сипатын алды. Халық бұқарсының таптық мүдделерінің феодалдық жоғарғы топтың өкілдеріне қарсы келгендігі бұл күресте айқын көрінді.
Сөйтіп Кенесарының қырғыздармен соқтығысына бұрынғы берген түсінігіміз өрескел қате болғандығын мойындау қажет. Кенесарының Қырғызстанмен соғысы туысқан екі халықтың тұрмыс мүдделеріне үйлеспейді.
Октябрьге дейінгі дәуірде қазақ халқының бүкіл тарихы қазақ еңбекшілерінің және олардың таңдаулы өкілдерінің өздерін езушілерге қарсы, сыртқы және ішкі езушілерге қарсы күресінің тарихы екені біздер, совет тарихшылары үшін күмәнсіз болуы керек. Патриахтық- феодалдық езушіліктің қаратүнек заманында қазақ халқы сәуелелі келешекке қармалап жүріп жол іздеді, бірақ тек 1917 жылғы октябрьде ғана большевиктік партияның басшылығымен және орыс халқының туысқандық көмегімен қазақ халқы нағыз бостандық және ұлттық тәуелсіздік алды. Тек советтік құрылыс жағдайында ғана қазақ халқы ұлт болып бірікті, өзінің нағыз мемлекетін орнатты, шын боастандыққа жетті. Ал мұнан: қазақ халқы өзінің мемлекетін құруға лайықты болды, ол орыстың жұмысшы табымен, шарулармен бірге өзінің бостандығы және тәуелсіздігі үшін күресті, бұл күрес ертеде басталды, оның ішінде ХІХ ғасырдағы ұлттық-азаттық қозғалыстан басталды деген мағына туады. Сондықтан совет тарихшыларының міндеті- қазақ халқының тарихындағы бұл аса маңызды оқиғаларды марксистік-лениндік тұрғыдан дұрыс талдауда, өйткені ССРО тарихы кітабының конспекті жайында өздерінің «ескертулерінде» Сталин, Киров және Жданов жолдастардың жазғандай, патша өкіметі жаулап алған халықтардың халық азаттық қозғалыстарының жағдайларынан және қайнар көздерін талдамаған жерде ССРО Одағының құрылуы дәлелденбей қалатындығы сияқты, бұл халықтарды азат еткен революция ретіндегі Ұлы Октябрь социалистік революциясы да дәлелденбей қалады.
Мұнымен бірге біз Қазақстанның тарихшылары, еңбекші бұқараның мүдделерін қанаушыоардың мүдделерімен шатастырмай, орыс және қазақ халықтарының өзара қарым-қатынасы туралы мәселені Сталинше айқын алға қойып шешуіміз керек. Ал, Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы жеке тарихшылар ( Х.Айдарова, С. Толыбеков, Т.Шойынбаев, Б.Сүлейменов жолдастар) қазақтардың 1837-46 жылдардағы көтерілістің бұқаралық, прогрестік сипатын танымады. Бұл патша өкіметінің реакциялық отаршылдық саясатын ақтауға әкеліп соғады. Шарипов жолдас өз мақаласында біздің жеке тарихшыларымыздың мұндай қателерін көрсеткендігі әбден дұрыс болды. Біз Қазақстанды Россияға қосудың прогрестілігі туралы тезист дұрыс түсінуіміз керек. Бұл фактының прогрестік маңызы қазақ хандарының патша өкіметімен одақ жасағандығында емес, одан гөрі Қазақстан Россияның неғұрлым алдыңғы қатарлы экономикасына, прогрестік демократиялық орыс мәдениетінің қайнар бұлақтарына қоян-қолтық келтірірлгендігі де, оның маңыздылығы –қазақ еңбекшілері бұқарасының Россия еңбекші бұқарасымен бірге, оның басшылығымен, оның үлгісімен, өздерінің ортақ жауы- орыс және қазақ қанаушыларына қарсы күресугемүмкіндік алғандығында. Демек, бұл тұрғыдан қарағанда, Қазақстан Россияға қосылуы, патша өкіметінің және Орта Азия хандықтарының отаршылдық қатал саясатынан туған қазақ халқының ұлттық-азаттық қозғалыстарының прогрестік маңызын тіпті де кеміте алмайды.
Сонымен біздің міндетіміз- марксистік лениндік методологияны негізге ала отырып, бұл қозғалыстарды дұрыс талдау Ұлттық- азаттық күресті тап күресінен бөлектемек болған әрекеттің қандайы болса да, сайып келгенде, ұлттық томаға- тұйықтыққа, пролетарлық интернационализмнің негіздерін ұмытушылыққа әкеліп соғуы мүмкін, ал пролетарлық интернационализмнің кәзіргі уақыттағы бүкіл идеологиялық жұмысымызда ерекше зор пиринциптік маңызы бар.
«Социалистік Қазақстан» газеті 1949 жыл 2 қазан
Ғалым Е.Бекмаханов кітап талқылауынан кейін де қазақ халқының ұлт- азаттық қозғалысы тарихына қатысты бастапқы пікірінде қалды. Газетте жарияланған мақаласында да: «Қазақ еңбекші бұқарасының көтеріліске кеңінен қатысуы әлеуметтік жоғарғы топтар өкілдерінің қозғалысқа қатысуына бөгет болған жоқ. Қазақтардың көтерілісіне феодалдық топтың өкілдері- сұлтандар, билер қатысты. Көтерілістің белгілі бір кезеңінде олар көтерілісші қалың бұқарамен бірге болып, сыртқы агрессия хаупіне қарсы күресті. Мұның бір себебі патша өкімет орындары феодалдардың белгілі бір бөлігінің мүдделеріне нұқсан келтіргендігі болды. Кенесары Қасымов осындай феодалдардың қатарында болды. Ол патша өкіметінің қазақ еңбекшілерін отаршылдықпен қанауына қарсы халық ызасының күшін ескеріп, қазақ еңбекшілерінің қозғалысына басшылық етті. Ол қазақ шаруалары арасында – патша өкіметі және Орта Азия хандықтары тартып алған қазақ жерлерін қазақтың өзіне қайтару ұранын тастады. Мұның өзі қазақ халқының тіршілік мүдделеріне сай келді. Көтерілістің кең өріс алуының, он жылға таяу уақытқа созылуының себебі де осыдан. Сондықтан да Кенесары қазақтардың 1837-1846 жылдардағы ұлттық-азаттық қозғалысында прогрестік роль атқарды» [13] деп дұрыс баяндаған өз пікірін өзгеріссіз қалдырды.
Х.Айдарова, С.Толыбеков, Т.Шойынбаев, Б.Сүлейменов және тағы басқа да тарихшылардың 1837-1846 жылдардағы көтерілістің прогрестік маңызы және Қазақстанның Ресейге қосылуы жөніндегі сын пікірлеріне: « Ал, Қазақ КСР Ғылым Академиясындағы жеке тарихшылар (Х.Айдарова, С.Толыбеков, Т.Шойынбаев, Б.Сүлейменов жолдастар) қазақтардың 1837-1846 жылдардағы көтерілісінің бұқаралық, прогрестік сипатын танымады. Бұл патша өкіметінің реакциялық отаршылық саясатын ақтауға әкеліп соғады. … Біз Қазақстанды Россияға қосудың прогрестілігі туралы тезисті дұрыс түсінуіміз керек. Бұл фактының прогрестік маңызы қазақ хандарының патша өкіметімен одақ жасағандығында емес, одан гөрі Қазақстан Россияның неғұрлым алдыңғы қатарлы экономикасына, прогрестік орыс мәдениетінің қайнар бұлақтарына қоян-қолтық келтірілгендігінде, оның маңыздылығы – қазақ еңбекшілері бұқарасының Россия еңбекші бұқарасымен бірге, оның басшылығымен, оның үлгісімен, өздерінің ортақ жауы – орыс және қазақ қанаушыларына қарсы күресуге мүмкіндік алғандығында.
Демек, бұл тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның Россияға қосылуы, патша өкіметінің және Орта Азия хандықтарының отаршылдық қатал саясатынан туған қазақ халқының ұлттық- азаттық қозғалыстарының прогрестік маңызын тіпті де кеміте алмайды» [13] деп жауап берді.
«Социалистік Қазақстан» газетіндегі «Қазақстан тарихы марксистікпен баяндалсын» деген Қ.Шариповтың мақаласында да «Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы айтыс кезінде кітапты дұрыс сынаумен қатар, жеке жолдастар 1837-1846 жылдардағы қозғалыстың қалың бұқаралық сипатын және оның прогрессивтік маңызын беталды жоққа шығарғысы келді» [12] деп жазды.
1949 жылы «Вопросы истории» (№ 4), «Большевик Казахстана» (№ 9) журналдары мен «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты бірнеше партиялық мерзімді басылымдарда қатар басылған Қ.Шариповтың «Қазақстан тарихы марксистікпен баяндалсын» мақаласына қанағаттанбаған
Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якунин «Кенесары Қасымовтың іс-әрекеті мен жеке тұлғасына сын пікірлер айтқанымен, Шарипов ол басқарған реакциялық қозғалысты ақтап алғысы келді. … Шариповтың мақаласы қазақ тарихшыларын толғандырған мәселені шешуге көмегін тигізе алмады. Сондықтанда Бекмахановтың қателіктері кейбір басқа да жұмыстарға кіргізілді. … 1949 жылы жалпы редакциясын И.О.Омаров пен А.М.Панкратованың басқауымен шыққан «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымында да Кенесары қозғалысына дұрыс баға берілмеген» [14] деп 1950 жылы 26 желтоқсандағы «Правда» газетіне сын мақала жазды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық комитеті осы мақалаға байланысты қаулы алып, «Е. Бекмахановтың буржуазияшыл ұлтшылдық көзқарастарын айыптады» [15]. 1951 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан кеңес жазушылары одағы жанындағы партия ұйымының ашық жиналысында, «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы санында жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы мақала жөніндегі қаулысы талқыланды. Жиналысқа астанадағы партия-кеңес ұйымдарының өкілдері, жазушылар мен әдебиетшілер, тарихшылар, студенттер қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіне қойылған мәселе туралы Қазақстан кеңес жазушылары одағының жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов баяндама жасады. Баяндама бойынша С.Мұқанов, М.Әуезов, Х.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев және тағы басқа жазушы-әдебиетшілер жарыс сөзге қатысты. Қазақстан кеңес жазушылары одағы мен өнер істері басқармасының айына бір рет шығатын «Әдебиет және искусство» журналы «Кенесары – халықтың қас жауы» [16] деген тақырыппен осы жиналыста айтылған пікірлерді басты.
Қ.Жармағамбетов өзінің баяндамасында, «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы санында жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы және ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы жылғы 10 сәуір күнгі «Правда» мақаласы туралы қабылдаған қаулысында тарихшы Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабын идеялық жағынан зиянды, методологиялық жағынан құнсыз, әр халықтың тарихын зерттеу жөніндегі марксизм-ленинизм қағидаларын бұрмалайтын, Қазақстан тарихын ұлтшылдық-буржуазияшылдық тұрғыдан бағалайтын еңбек» деп тапқандығын атап көрсетті.
Баяндамашы: « 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымов басқарған қозғалыс – Қазақстанды Ресейден, қазақ халқын «ұлы» орыс халқының ағалық қамқорлығынан бөліп әкетіп, Хиуа мен Қоқан хандарына тәуелді етпек болған, сол арқылы Қазақстанды ағылшын империалистерінің отарына айналдыруды көздеген, орта ғасырлардағы хандар билеген қара күнді қайта орнатпақ болған реакцияшыл, ұлтшыл-монархияшыл қозғалыс еді. Е.Бекмаханов және басқа оны қолдаушы бір топ тарихшы сол Кенесарыны халықтың батыры деп дәріптеп, оның қозғалысын ұлт-бостандық қозғалысы дәрежесіне шейін көтеріп мадақтады» − деді. Баяндамада Кенесарының «реакцияшыл көтерілісінің» қазақ әдебиетінен кең орын алып кеткендігі де айтылды.
«Правда» газетінің мақаласын қолдап мерзімді басылым бетінде мақала жазған М.Ақынжанов: «Е.Бекмаханов, Е.Смаилов, Ділмухамбетов, Жиреншиндер Кенесарыны шектен асыра мақтап, бірнеше жыл бойына тарихты бұрмалап келді. Кенесарының да, оны жақтаушылардың да өрескел қателерінің ақыры осымен біту керек. Бірақ, бұл мәселенің бір ғана жағы, екінші ең күрделі жағы бар. Ол − ендігі жерде тарихты бұлай ешкімге бұрмалатпауымыз керек [17] » деген пікір айтты.
Сол жылғы 16-17 қазанда ҚК(б)П Орталық Комитетінің пленумында бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтың жасаған баяндамасында «Правда» газетінің мақаласы тарих ғылымындағы өрескел идеологиялық бұрмалаушылықтарды ашып қана қоймай, оның үстіне біздің республикалық партия ұйымына қазақ әдебиетіндегі және мектептерге арналған әдебиет оқу кітаптарындағы сондай қателерді ашуға зор көмек көрсетті» [18] деп қорытты.
Ғалым еңбегі тоталитарлық қысым жағдайында дұрыс бағаланбады, ол «буржуазияшыл-ұлтшыл», тарихты бұрмалап жазушы ретінде айыпталды. Большевиктік партияның ресми идеологиясын насихаттап, үгітші, насихатшы және ұжымдық тәрбиеші болған кеңестік-партиялық мерзімді баспасөз ұлт зиялыларын, оның ішінде тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановты саяси тұрғыдан айыптауда үлкен белсенділік көрсетті. Нәтижесінде, 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін» ҚазМУ-дегі КСРО тарихы кафедрасының профессорлығынан, партия қатарынан шығарылды. Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ беруге жіберілді. 1952 жылы 5 қыркүйекте Жамбыл облысы, Новотройцк селосында мектепте мұғалім болып жүргенінде тұтқындалып, РКФСР ҚК (Қазақ КСР емес) 58-бабының 10-тармағына, 2-бөлімінде көрсетілгендей «Кеңес үкіметіне қарсы болып, 1942-1951 жылдар аралығында ұлтшылдық идеяларды уағыздап және антисоветтік үгіт жүргізгені үшін» деген айып тағылып, 1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғары соты оны 25 жылға соттап, ГУЛАГ лагеріне жіберді.
И.Сталин қайтыс болғаннан кейін заман өзгеріп, 1953 жылы 16 қазанда КСРО Бас Прокуроры Бекмахановты ақтады. 1954 жылы 1 қыркүйекте ҚазМУ-ге қайта оралады, бірақ аға оқытушы деген лауазым берілді.1957 жылы Мәскеудің «Ғылым» баспасынан «Присоединение Казахстана к России» атты монографиясы жарыққа шығып, докторлық дәрежесі мен профессорлық атағы қайтарылды. 1962 жылы Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі болып сайланды. Негізсіз айыптаулар мен қуғындаулар оның денсаулығына әсер етіп, бар болғаны 51 жыл ғана өмір сүрді. Қазақтың көрнекті тарихшы ғалымы Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы 6 мамырда 51 жасқа қараған шағында ауыр науқастан қайтыс болды.
Кеңестік тоталитарлық жүйенің қысымы мен қуғындауын қатар көтеріп, санлы ғұмырын ғылымға арнаған, тәлімгер ұстаз, ағартушы-педагог, үлкен ғалым Ермұхан Бекмахановтың артында: ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстан тарихының келелі мәселелерін зерттеген іргелі монографиялық зерттеулері, Қазақстан тарихынан оқулықтары мен оқу құралдары, педагогикалық зерттеулері қалды.
* * *
Тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановты «буржуазиялық ұлтшылдықты насихаттады» деп айыптаған партиялық мерзімді басылымдар науқаны, қазақ халқының ұлттық рухын өшіруді мақсат еткен тұтас саяси науқанға айналды. Қазақ фольклоры, Кенесары мен Абай тұлғасы және оны ғылыми зерттеу мәселесі таптық-партиялық көзқарас тұрғысынан талқылаған үлкен айтыстарға ұласты. ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы тарих ғылымы алдында тұрған басты, әрі маңызды міндет Қазақстан коммунистік партиясы тарихын жазу және Қазақстан тарихының кеңестік кезеңі тарихын зерттеп жазуда «кеңестік кезең тарихы − қазақ халқының қайта өрлеу, экономикасы мен мәдениетінің гүлдену кезеңі, қазақ тарихының алтын беттері» деген методологияны негізге алуы тиіс болды [2, Б.34]. Қоғамдық ғылым салалары өзінің зерттеу, талдау және болашаққа болжамдар жасау функцияларынан ажыратылып, коммунистік партияның идеологиясы мен саясаты аясынан аспайтын бейшара күй кешті.
Соғыстан кейінгі жылдарда кеңестік қоғамда сталиндік әміршіл-әкімшілдік жүйенің күшеюі, қоғамдық ғылымдар саласында партиялық саясат пен идеология үстемдігін толық орнықтырды. Қазақстан тарихының өткені мен бүгіні тек таптық-партиялық методология тұрғысынан зерттелуі тиіс болды. Бұл кезеңде партиялық методологияны негізге алған тарихи еңбектер жазылып, жарияланды. Құжаттар жинақтары бастырылды. Дегенмен, таптық-партиялық методологияның тар шеңберінен шыға алмау салдарынан тарихи деректерді бұрмалап көрсету немесе деректердің ресми партиялық көзқарасқа қайшы келетін тұсын көп нүктемен түп нұсқадан түсіріп тастау, дерек көзінің алынған орнын нақты көрсетпеу жағдайы қалыптасқанын байқауға болады.
Ұлт тарихының шынайы тарихи деректер негізінде объективті тұрғыдан зерттелмеуі, ғылымға саясат пен идеологияның араласуы, ақиқат тарих жазғандарды қуғындау, еңбектерінің басылуына, таралауына тиым салынуы қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттерді көбейтті. Кеңестік тоталитарлық жүйенің темірдей тәртібі мен рухани-мәдени саладағы саяси-идеологиялық қысымы салдарынан қазақ тарихының ақиқаты айтылмады, тарих ғылымы таптық-партиялық методология тұрғысынан бұрмаланып жазылды. Ұлт зиялыларының жеке басын, шығармаларын ақтауға, ұлттық тарих ғылымындағы ақтаңдақтары ашуға қазақ елі өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана қол жеткізді. Ұлттың тарихи жадын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Сталин И. В. Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы. – Шығармалар, 13-том, Алматы: Қазақ Мемлекеттік Баспасы, 1951 – Б.110. О задачах борьбы на теоретическом фронте в Казахстане, в связи с письмом тов. Сталина, Письмо Культпропа Казкрайкома ВКП(б) и КИМЛ’а // НХК – 1932 – №5 – С.50.
- Омаров И. О задачах исторической науки в Казахстане // Большевик Казахстана – 1950 – №1 – 28-36с.
- Морозов М. Об «Истории Казахской ССР» // Большевик Казахстана – 1945 – № 4-5 – 28-35с.
- Шаяхметов Ж. Қазақ ССР-нің халық шаруашылығын өркендетудің бесжылдық жоспары және Қазақстан партия ұйымының міндеттері. // Қазақстан большевигі – 1946 – № 7- 8-21б
- Шаяхметов Ж. О состоянии идеологической работы в Казахской партийной организации // Большевик Казахстана – 1948 -№3 – 17-31с.
- Әбдіқалықов М. Бесжылдық жоспар және Қазақстанда ғылымның міндеттері. // Қазақстан Большевигі – 1946 – № 6 – 23-34б.
- Идеологиялық жұмысымыздың дәрежесі жоғары болсын // Қазақстан Большевигі – 1946 – № 9-10 – 32-37б; Морозов М. Об «Истории Казахской ССР» // Большевик Казахстана – 1945 – №4-5 – 28-35с.
- Бекмаханов Е. О состоянии к задачах исторической науки в Казахстане // Большевик Казахстана – 1945 – № 9 – 26-37с.
- Лихолат А. Путаная статья о задачах исторической науки // Культура и жизнь – 1947 – 20 декабрь – №35; // Большевик Казахстана – 1948 – №1- 50-51с.
- От редакции // Большевик Казахстана – 1948 – №1- 52с.
- Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. – Алматы, 2001- 404б.
- Шарипов Қ. Қазақстан тарихы марксистікпен баяндалсын // Социалистік Қазақстан – 1949 – 9 июль – № 132; // Вопросы истории – 1949 – № 4
- Бекмаханов Е. Әділ сын // Социалистік Қазақстан – 1949 – 2 октябрь – № 193
- Шоиынбаев Т, Айдарова Х, Якунин А. За марксистко- ленинское освещение вопросов истории Казахстана // Правда – 1950- 26 декабрь; // Большевик Казахстана – 1951 – №1 – 11-15с.
- Нұрпейіс К. Қайсарлық пен қасірет // Егемен Қазақстан – 2005 – 15 ақпан. – № 29
- Кенесары – халықтың қас жауы // Әдебиет және искусство – 1951 – № 5 – 54-64б.
- Ақынжанов М. Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы // Әдебиет және искусство – 1951 – № 6 – 70-73б.
- Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсарту шаралары туралы // Әдебиет және искусство – 195 − № 10 – 1-14б.
Данагүл МАХАТ,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының меңгерушісі