Мерей Қарт

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (2: 5,00 / 5)
Loading...

 

МҰҢ-МЕЗЕТ, МЫҢ МЕЗЕТ…

Сөзуар әлемнен – тым қиын
ең ізгі, ең көркем ой аулау!
Ішімде соғады мың құйын…
Бір әуен ойнайды баяулау…

Өзімді жоғалтып кешқұрым
(қоғамдық көлікте, дүкенде.),
Көріне қалар деп, кескінім,
күтем де тұрамын.
Күтем де…

Әлде бір аймақты, өңірді
сағынған сияқты мұң кештім.
Ұғынбай жүрмін бе өмірді?
Құлықсыз өтті ме құр бес күн?!

Қарлығып шығады дауысым.
Жаңғырып қайтадан жетеді.
Шіркін-ай, ар үшін, жан үшін,
шымырлап жүрегім…
Не етеді?..

Тіпті, мен алаңдап, уайымдап
жәндіктің батады ажалы!
Тағдырдың әр жолын мойындап,
Жазмыштың жоқ қате жазары!

Жүрегім, кірлетсем кеш мені.
Шуағын түсірер Күн шығып.
Дүние – алтындай көшпелі!
Ордалы жыландай тым суық!

ҚАЙРАН СЕМЕЙ

Қайран Семей!
Қазыналы Қайымың да жоқ бүгін,
Жасып кейде, қаймығам.
Семейтауға шемен-шемен шөкті мұң,
Зар көтермес қайғыдан!

“Абай”, “Абай”, – деп зарлайтын күн-түні,
Қара Шал* да қабірде.
Сұм ажалдың сумаңдаған сұр тілі,
Қарамайды-ау қадірге!

Шежірелі Бекенің де жоқ енді,
Тарқататын шеріңді.
Көкке тіреп жүретінмін төбемді,
Әлсіздігім көрінді!

Келденбай да кете барды келмеске,
Кемелденген кезінде.
Ал, Мерғали өлең тастап өлмеске,
Ерік берді сезімге!

Санақ енді ән салмайды саңқылдап,
Болат та жоқ арай-күн!
Тұрсынғазы тұрмас енді аңқылдап,
Көшесінде Абайдың!

Тағдыр деген тар маңдайға сыймай-ақ,
Талғат жатыр табытта.
Тілдің жүгін арқалаған Қинаят,
Қажет еді-ау халыққа!

Қайран Семей,
Ертіс жатыр міз бақпай,
Ақының ем жаны бір.
Менің жылы жүрегімді мұздатпай,
Суық өлім, ары жүр!

Қара Шал – Төкен Ибраһимов

* * *

Қаламыздың қай шетінен кірсең де,
Қарсы алады молалар.
Азуыңды Айға білеп жүрсең де,
Жердегі ізің жоғалар!

Бұл молалар – үйлерден де ғаламат.
Кішігірім қалашық.
Жұма сайын шұбырады жамағат,
Қайтқандарға жаны ашып.

Ал, аруақтың бәріне де бәрібір,
Кім келсе де, кім кетіп.
Көктем сайын күрсінеді кәрі қыр,
Жас қабірді гүлдетіп!

Күмбездегі тотығыпты алтын түс.
Жалған жайлы ұғармыз.
Өмір дейміз,
Өмір деген бәлкім түс,
Шырт ұйқыда шығармыз.

Тіпті, мынау тасқараңғы көріңде
Байшыкеш те кедейсің.
Бұл қатыгез, қаныпезер өмірге
Өлген соң да өгейсің!

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp