” Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерттеу мәселесіне арналған Парламентінің Сенаты арнайы дөңгелек үстел өткізді.
Әлеуметтік желіде сол отырысты туралы толық ақпарат алмай, эмоцияға салынып, талқылау жүріп жатыр екен. Мен де сол іс-шараға қатысып, баяндама жасадым. Дөңгелек үстел барысында көптеген мәселелер айтылды. Смағұл Елубай, Талас Омарбеков ағаларымыз көптеген мәселелер көтеріп, бағасын берді.
Қуантарлық жәй, дөңгелек үстел барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы салада жүрген ғалымдарға, өнер қайраткерлеріне толық қолдау көрсететінін айтып, арнайы Ұсынымдар қабылданды. Нақтылап айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірге – Ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекет деңгейінде «1 минуттық аза тұту» шарасын жүзеге асыру мүмкіндігін; ашаршылық жылдарын ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында «Аза Сарайы» мемориал-кешенін салу туралы; ұлттың жадында сақтау, жастар санасында бекіту мақсатында ашаршылық қасіреті жайлы тарихи, ғылыми зерттеліп зерделенген деректер негізінде кітаптар, театрлық қойылымдар мен фильмдер шығару мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Ашаршылық ұлтымыздың тарихындағы, санасындағы – үлкен қасірет, қайғы, жазылмас жарақат. Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз. Бұл нәубет сол кездегі коммунистік-сталиндік биліктің қылмыстық саясаттың нәтижесі. Ол дәлелдеуді талап етпейтін Ақиқат! Сол мемлекет, құдайға шүкір, жойылды, тек елесі қалды. Біз тәуелсіздік алдық.
Біз сол қырғында көз жұмған құрбандарымызды толық түгендеп алуымыз керек. Қалғаны – екінші мәселе. Мен үшін, бүгінгі күні кім кінәлі дегенді іздеуден гөрі, бар күш-жігерімізді қанша бауырларымыз қайтыс болды, олардың аты-жөндері кім екенін анықтап, сол бойынша тізім жасап, есімдерін анықтап, тасқа жазып, ескерткішін қойып, ұлт болып жоқтау.
Маған ең бастысы осы маңызды. Біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз!”
Берік Әбдіғали