[:kk]Тұрғындардың өтінішін қарау бөлімі 30 мыңнан астам адамның мәселесін шешуге көмектескен[:]

[:kk]Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында жарияланған тиімді мемлекеттік басқару бастамасын жүзеге асырып, 22 шілдеде Президент Әкімшілігі жанынан Өтініш­тер­ді қа­­рауды бақылау бөлімін құрды. Бір жылда аталған бөлім 30 мыңнан астам тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдап, мәселесін шешуге көмектескен, деп хабарлайды Alash24.kz

Ел тұрғындары Президент Әкімшілігіне түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Шағымдар мен өтініштерден басқа, заңнаманы жетілдіру, әлеу­мет­тік-экономикалық жобалар бойынша бас­тамалар мен жобала­р да ұсынылады. Өз кезегінде Өтініштерді қарау бөлімі шағымдар бойынша тиісті мемле­кеттік органға сауал жолдап, мәселенің жедел шешілуіне ықпал етеді.

Мәселен, «Қазақстан фотоэнциклопедиясы» жобасының авторларының бірі В.Пронин бірегей жобаны әрі қарай дамыту үшін Өтініштер бөліміне жүгінген. Президент көмекшісінің қабыладуынан кейін бірнеше күнде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан фотоэнциклопедиясы» мерзімді және желілік басылымын есепке қойғаны туралы куәлік берді.

«Фотожобаның өзі – Қазақстан халқының мәдениеті туралы суреттердің электронды банкі іспеттес. Мұнда сәулет, табиғат, оқиғалар, спорт сынды көптеген сала қамтылады. Материалдар 16 жыл бойы жиналған. Түрлі техникалар мен лицензиялық бағдарламалар өз қаражатымызға алынды. Әрі қарай да жұмыс істеу үшін техниканы жаңарту керек болды. Сол үшін Президенттен көмек сұрадық. Қоғамдық қабылдаудан Аида Балаева біздің хатымызды оқып, жобамызды зерттеуге тапсырма берді. Мәдениет министрімен онлайн конференция жасалды. Бізге БАҚ ретінде ресми тіркелуді ұсынды және барлық құжат жылдам рәсімделді. Бұл Үкіметтің біздің жобаны бағалауының арқасы. Алда тағы жоспарымыз көп», – деді «Қазақстан фотоэнциклопедиясы» жобасының авторы Владимир Пронин.

Өңірлерде тұратын халықтың үніне құлақ асып, мәселесін оң шешіп берген мысалдар көп. Атап айтқанда, Қызылорда облысында кәсіпкер С. Мұхамедиевке аймақтағы нитрит тұз кен орнында өндіріс ашу жобасы бойынша көмек көрсетілді. Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі 5 гектар жер бөліп, қажетті құжаттарды әзірлеу рәсімдері басталды.

Сонымен бірге, Өтініштер бөлімі кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар жұмысына деген барлық арыз-шағымына көңіл бөліп отыр. Мәселен, жақында Алматы қаласындағы «Exxon corp.-10» ЖШС Экономикалық тергеулер департаментінің іс-әрекетіне шағымданды. Олар ЖШС-ға қатысты аса ірі көлемдегі мұнай өнімдерін шыққан орнын растайтын құжаттарсыз тасымалдау, сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған. Жүргізілген сот-экономикалық сараптама нәтижесінде биылғы 5 маусымда Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық құрам болмағандықтан істі тоқтатуды ұйғарды. Ал Экономикалық тергеулер департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік шара қолданылды.

Президент көмекшісі тұрғындар ұсынған барлық стратегиялық бастамаларды да ерекше назарға алады. Осылайша, К.Конопьяновтың Қазақстанның солтүстігіндегі ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа стратегия жасау туралы өтініші ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Өз кезегінде министрлік бөлімі авторға АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына кіруді ұсынды.

Қиын жағдайда қалған азаматтарға да Өтініштер бөлімі қол ұшын созады. Мәселен, Галай К.Н. есімді азамат ұзақ жылдар бойы Мәскеуде тұрып, Алматыға қайта оралған әжесі С. К. Қанаеваны тіркеуге алуға көмек көрсетілгені үшін алғыс айтты.

Көптеген оқиғаларда Өтініштер бөліміне ҚР Құқықтық кеңесшілер палатасы қауымдастығы үлкен көмек көрсетеді. Заң кеңесшілерінің сараптамалық тұжырымдамалары ең қиын жағдайларды да анықтауға көмектеседі. Туған ұлы Т. Ерлановқа қатысты сот актілерімен келіспеген А. Б. Құсайынованың өтініші егжей-тегжейлі зерттелген соң, Бас Прокурор сот шешіміне наразылық білдірді. Жоғарғы Сот үкімді қанағаттандырып, сотталушының әрекеті қайта қаралды және қамаудан босатылды.

Өтініш берушілердің мәселелерін тиімді шешу үшін Президенттің көмекшісі тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен жеке қабылдау өткізеді. Азаматтық-құқықтық дау-дамай мен жер учаскесі бар тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жалған деп тануды талап ету бойынша, Б.Ж. Тәженованың өтінішімен Жоғарғы сот өкілдерінің қатысуымен өткен жеке қабылдау өтті. Нәтижесінде Атырау облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім жойылды, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданды, сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылып, жер учаскесі бар үй өтініш берушіге қайтарылды.

Ал қарағандылық С. В. Яковлева қаладағы ​​көлік-техникалық колледжін жаңа орынға көшіру мәселесімен жүгінген еді. Өтініш беруші колледж қаланың басқа ауданына көшкен соң, көлік логистикасындағы қиындықтарға байланысты студенттерге жаңа жерге жету қиынға соғады деп шағымданды. Бұл мәселені Қарағанды ​​облысының білім беру басқармасы бақылауға алған соң, көлік-техникалық колледжді көшіру жұмыстары тоқтатылды.

Сонымен бірге, астаналық тұрғын М. Д. Әмірбекова «Күміс алқа» иегері ретінде коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға, материалдық көмек және жұмыс табуға көмек сұрады және Атаулы әлеуметтік көмекті уақытылы алмайтынына шағымданды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылдың 21 тамызында ол Нұр-Сұлтан қаласы, Қошқарбаев даңғылындағы 80/1-үйден «Көпбалалы отбасы» санатындағы үш бөлмелі пәтерді (77,3 ш.м.) алды. Сәуірден бастап көп балалы ана ай сайын 117 607 теңге АӘК алып отыр.

Тағы бір тұрғын П.И. Ниязова Өтініштер бөліміне жүгініп, «Берекелі Баспана» бағдарламасы бойынша пәтер кілтін алуға көмек сұрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында оның отбасы 2019 жылдың 21 тамызында Нұр-Сұлтан қаласы, Қошқарбаев даңғылындағы 80/1-үйден «Көпбалалы отбасы» санатындағы екі бөлмелі пәтерді алды.

Екібастұз қаласының тұрғыны М.Асылбаева өзінің мүгедек балаларына тегін глютенсіз өнім берілмегені үшін шағым түсірді. Нәтижесінде Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы емдік тамақ сатып алып, глютенсіз өнімдерді жеткізуге келісімшарт жасады. Төтенше жағдай кезінде бұл отбасыға коммуналдық қызметтерді төлеуге және азық-түлік жиынтықтарын сатып алуға қаржылай көмек көрсетілді.

Айта кетейік, ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова карантиндік шектеу шараларына байланысты шағымданушы азаматтармен және тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен онлайн қабылдау өткізіп келеді.

 [:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp