Қырғыз Республикасында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегілік бәсекелері қорытындыланып, Қазақстан құрамасының төрт спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Тоғыз спортшымен үш бағытта сынға түскен құрама бір алтын, екі күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізді.
Бәсекедегі басты нәтиже «Қаршыға салудан» тіркелді. Серікболсын Жалғасұлы қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. «Бүркіт салуда» Арман Қошқаров екінші нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды.
«Ителгі салуда» да қос жүлде бұйырды. Бақдәулет Бабажан жарысты екінші орынмен аяқтаса, Ерлан Кенжетаев үшінші орынға тұрақтады. Осылайша, үш сайыстың барлығында жүлделі орыннан көрінген құсбегілер төрт жүлдемен жарысты аяқтады.
Биыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы құсбегілік бәсекелеріне 10-нан астам мемлекеттен спортшылар қатысып, «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бойынша өзара сынға түсті. Қазақстан атынан тоғыз спортшы бақ сынады.
Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.










