Бүгін – Қолөнершілер күні. Атаулы мереке ұлттық қолөнерді жаңғыртып, дәстүрлі кәсіпті дәріптеуге, мәдени мұраны сақтауға және елдегі креативті индустрияның дамуына үлес қосып жүрген шеберлердің еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде ресми мерекелер күнтізбесіне енгізілді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Еліміздегі қолөнершілердің басын қосқан іргелі ұйымдардың бірі – 2012 жылы құрылған Қазақстан қолөнершілер одағы. Бүгінде ұйым республика бойынша 650-ден астам шебердің шығармашылық бастамаларын қолдауға жүйелі түрде атсалысып келеді.
Одақ құрылғаннан бері «Шебер» республикалық қолөнершілер байқауы 12 рет өткізіліп, ондаған көрме, фестиваль, оқыту семинарлары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Осы бастамалардың аясында жүздеген шебер мен жас маман киіз басу, керамика, зергерлік өнер, ағаш ою, кесте тігу және ұлттық қолөнердің өзге де түрлері бойынша білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады.
Еліміздің қолөнер шеберлері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Қытай, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және өзге де елдерде өткен халықаралық көрмелер мен фестивальдерге тұрақты қатысып, ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейде кеңінен танытып келеді. Кейінгі жылдары Қазақстан қолөнершілер одағы Британ кеңесі, Смитсон халық шығармашылығы және мәдени мұра орталығы, Дүниежүзілік қолөнер кеңесі және басқа да халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде дәріптеуге айрықша мән береді. Қазақстанның шетелдегі мәдениет күндері аясында Тәжікстан мен Қатарда қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. Ал 2026 жылы еліміздің шеберлері Армения, Әзербайжан және Өзбекстанда өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, өздерінің үздік жұмыстарын шетел жұртшылығына таныстырды.
Ұлттық қолөнерді сақтап, дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасын ұсынды. Бұл бастама қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетуді, олардың тәжірибесін жас буынға жеткізуді және ұлттық қолөнердің озық үлгілерін кеңінен насихаттауды көздейді. Жоба 15 шілде басталады.
Бұдан бөлек, маусым айында Қор жанынан өңірлердегі креативті бастамаларды қолдауға арналған Creative Aimaq жобасы іске қосылды. Бұл жобаға еліміздің қолөнер шеберлері де белсенді атсалысып келеді.
Ұлттық қолөнер мұрасын сақтау мен дәріптеудің маңызды мәдени орталықтарының бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Мұнда кейінгі жылдары дәстүрлі және заманауи сәндік-қолданбалы өнерге арналған ауқымды көрмелер, сондай-ақ белгілі қазақстандық шеберлердің жеке көрмелері ұйымдастырылды.
2023 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қолөнершілер орталығы жұмыс істейді. Аталмыш орталық – қолөнер бұйымдарын көпшілікке таныстырып, шеберлік сабақтарын ұйымдастыратын әрі ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттайтын бірегей мәдени алаң.
Ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейде танытуға жол ашқан маңызды бастамалардың бірі – 2025 жылы өткен ALA CRAFT халықаралық фестивалі. Сол жылы Алматыға музыкалық аспап жасау және зергерлік өнер бағыттары бойынша Дүниежүзілік қолөнер қаласы мәртебесі берілді. Бұл жетістік қазақстандық сәндік-қолданбалы өнер мектебінің халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтап, отандық шеберлердің жұмысына деген қызығушылықты арттыра түсті.
2026 жылғы наурыз айында Алматыда «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық келбеті» халықаралық фестивалі өтті. Фестиваль аясында ғылыми-тәжірибелік конференция, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері мен этностильдегі киім топтамаларының көрсетілімдері ұйымдастырылды. Іс-шаралар ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, қолөнерді кеңінен насихаттауға және халықаралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.










