Бесқарағай ауданында ауылдық елді мекендердің мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында 100 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, Беген ауылы – қазақ өнерінің көрнекті өкілдері, композитор, ақын Төлеген Мұхамеджанов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері әрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов дүниеге келген қасиетті мекен.
Жалпы, Бесқарағай ауданында 1 Мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 1 орталық кітапхана және 19 ауыл кітапханасы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Аудандық Мәдениет үйі жанында «Бесқарағай үні» ұлттық аспаптар ансамблі, «Экситон» халық би ансамблі, «Чародей» үлгілік би ансамблі және халық театры жұмыс істейді.
Аталған ауылдардағы нысандардың құрылысы биыл аяқталып, қолданысқа берілмек.










