Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 2025 жылғы мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген кітаптардың көрмесі ашылды. Экспозиция ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оқырмандарға отандық авторлар мен жаңа басылымдарды таныстыруды мақсат етеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Көрме төрт бөлімнен тұрады. «Отандық әдебиет» бөлімінде отандық қаламгерлердің заманауи прозасы мен поэзиясы, қазақ әдебиеті классиктерінің қайта басылған кітаптары қойылса, «Ғылыми-танымдық еңбектер» бөлімінде тарих, этнография, өнер және әлеуметтік ғылымдар бағытындағы жаңа зерттеулер таныстырылды. Сондай-ақ «Аударма жобалары» бөлімінде әлемдік ғылыми және көркем әдебиеттердің қазақ тіліндегі нұсқалары, ал «Балалар әдебиеті» қатарына иллюстрациялық кітаптар қойылған.
Көрмені кітапхана оқырмандары 10 күн бойы тамашалай алады.










