Бүгін қазақ халқы Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты
Қоштасу рәсіміне марқұмның туған-туыстары, жақындары, әріптестері, сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің өнерін қадір тұтқан мыңдаған азамат жиналып, қазақ өнерінің алып тұлғасымен қоштасты.
Рәсімге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан көңіл айту жеделхатын оқып, бұл қаза барша ел үшін ортақ қайғыға айналғанын атап өтті.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр мен кино өнеріне арнап, ұлттық мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол сахна мен экранда сан алуан жарқын бейнелерді шебер сомдап, көрерменнің шынайы ықыласы мен зор құрметіне бөленді. Сахна өнерінің хас шебері, кәсіби кинематограф ретінде ол өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету арқылы рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі еңбек сіңірді. Биік өнерге адал болып, мәнді де мағыналы ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», — деді Ерлан Қарин.
Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі орны толмас қаза екенін атап өтті. Оның айтуынша, марқұм тірі кезінде елдің қоғамдық өміріне, қаланың мәдени іс-шараларына белсенді атсалысып, әрбір кездесуге терең мағына мен рухани салмақ дарыта білді.
«Асанәлі Әшімов театр мен кино өнерінің ұлы тұлғасы ғана емес, ұлттық рух пен руханияттың көрнекті өкілі болды. Ол саналы ғұмырын қазақ мәдениетін дамытуға арнап, өнер арқылы халықтың өзіндік санасын, болмысын және тарихын асқақтатты. Талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерде өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның шығармашылық мұрасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін мәңгілік адамгершілік әрі мәдени бағдар болып қала береді», — деді қала әкімі.
Айта кетейік, кино және театр өнерінің көрнекті өкілі, қазақ сахнасының символдарының бірі Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның есімі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталады.










