«Жомарт» кенішіндегі апат: жеті адамның денесі табылды

2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішінде шахтада тау массасының құлауы орын алды. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алты жұмыскерінің денесін, ал таңға жақын жетінші қызметкердің денесін тапты.

«Қайтыс болған жеті жұмысшылардың денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды» – делінген хабарламада.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

Сондай-ақ, Қазақмыс ұжымдық келісімшартта көзделгендей, Жомарт кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған» – делінген хабарламада.

Tengrinews.kz ақпаратына сәйкес, қаза тапқан кеншілердің тізімі:

  • Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисті;
  • Жақубаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жер асты учаскесінің тау-кен шебері;
  • ⁠Жұмаділлаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жер асты кен жұмыскері;
  • ⁠Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-тасымалдау көлігінің машинисті;
  • Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылау көмекшісі;
  • Нұрұлдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жер асты учаскесінің энергетигі;
  • Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жер асты тау-кен өткел жабдықтарының электрослесарь-монтаждаушысы.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp