«Бәйтерек» ТМС үшін энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында алғашқы семинар өткізді

2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын бекітті. Бұл бастама – тозған инфрақұрылымды жаңарту, ресурстарды жеткізудің сенімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу арқылы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны іске асыру аясында қаржы операторы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ табиғи монополия субъектілерінің (ТМС) қатысуымен алғашқы семинар ұйымдастырды. Кездесу барысында сарапшылар бағдарламаның негізгі тетіктерін түсіндіріп, қатысу шарттары мен маңызды аспектілерін талқылады. Қатысушыларға жобаның іске асыру кезеңдері мен оның тиімділігі туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Семинар: қатысу шарттары мен талаптарын талқылау

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі ұйымдастырған семинарға Ұлттық жобаға пилоттық негізде қатысуға ниетті 66 кәсіпорынның өкілдері жиналды. Олардың қатарында тозу деңгейі шекті межеге жеткен жылу-, энергия- және сумен жабдықтау ұйымдары бар.

Іс-шара барысында қаржы операторы мен мемлекеттік органдардың өкілдері жобаны қаржыландыру механизмдері, қатысу шарттары, іріктеу критерийлері және өтінім беру үдерісі бойынша жан-жақты түсіндірме жасап, кәсіпорын өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева өз сөзінде Қазақстанда алғаш рет қаржы институттары, бизнес және мемлекеттік реттеуші органдар – ҚР Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) саладағы күрделі, қордаланған мәселелерді шешу үшін күш біріктіріп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол Ұлттық жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Бастама сыни деңгейге жеткен инфрақұрылымды жаңғыртуға, жүйенің апаттық жағдайларын азайтуға және цифрландыру арқылы озық технологияларды енгізуге бағытталғаны атап өтілді.

«Қазақстанда 400-ден астам табиғи монополия субъектісі (ТМС) бар, олардың 214-інде инфрақұрылымның тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен. Кейбір нысандарда бұл көрсеткіш 95%-ға дейін көтерілген, яғни олар соңғы күшімен жұмыс істеп тұр. Сондықтан, жаңғырту жұмыстары ең алдымен дәл осы тозу деңгейі 95%-ға жеткен, жоғары тәуекел аймағындағы нысандарда жүргізіледі. Алдағы бес жылда инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетіп, жүйенің апаттық жағдайын азайту – басты міндет.

Энергетика және коммуналдық сектор – ел экономикасының іргетасы. Алайда, бұл сала ұзақ жылдар бойы жүйелі қаржыландыру тапшылығын сезінді. Ал халық үшін ең маңыздысы – сенімді әрі сапалы қызмет. Үздіксіз электр қуаты, тұрақты жылумен қамту жүйесі және таза ауызсу – азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс», – деп атап өтті Әлия Мырзағалиева.

Оның айтуынша, қазір пилоттық жобаларды іріктеу процесі жүріп жатыр. Бүгінде әртүрлі меншік нысанындағы 66 кәсіпорын өз өтінімдерін ұсына отырып, маңызды сауалға жауап іздеуде:

Ұлттық жобаға қалай қатысуға болады?

Ұлттық жобаға қатысуға ниетті кәсіпорындар үшін алты кезеңнен тұратын нақты алгоритм белгіленген:

  1. Кәсіпорын құжаттар пакетін жинақтап, оны жергілікті әкімдікпен келісіп, өтінім тапсырады.
  2. Қаржы және техникалық операторлар өтінімді сараптап, жобаның басымдық деңгейін бағалайды.
  3. Техникалық тапсырма әзірленіп, жобаны жүзеге асыруға қажетті конкурстық рәсімдер жүргізіледі.
  4. Жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) дайындау.
  5. Жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) техникалық тапсырма талаптарына сәйкестігін келісу (технологиялық шешімдердің ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сай келуін сараптау).
  6. Қорытынды кезеңде ЖСҚ-ның Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкестігі бойынша мемлекеттік сараптамадан өтуі қамтамасыз етіледі.

«Әр кәсіпорынның жағдайы әртүрлі. Сондықтан біз қаржыландырудың жан-жақты тетіктерін әзірледік. Бұл механизмдер кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық көрсеткіштері, меншік нысаны, абоненттік базасы және олардың орналасқан елді мекенінің даму перспективаларын ескере отырып жасалды. Сонымен қатар, тарифтік жүктемені оңтайландырып, кәсіпорындардың құрылымын тиімді қалыптастыру маңызды. Әрине, тарифтердің өсуі – экономикалық тұрғыдан заңды құбылыс, алайда ол халыққа шамадан тыс ауыртпалық салмауы тиіс», – деп атап өтті басқарушы директор.

Қорытынды

Семинар кәсіпорындардың жобаға қатысуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Алдағы айларда алғашқы өтінімдер қабылданып, инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты іс-шараларды жүзеге асыру басталады деп күтілуде.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp