Еркебұлан Ілиясов Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды
Бүгін – Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысы өтті. Отырысқа ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, сондай-ақ, еліміздің ұлттық спорт федерацияларының президенттері мен өкілдері қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жиында ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметін атқарған Исламбек Салжанов соңғы екі жылдағы атқарылған жұмысы жайында кеңінен есеп беріп, қорытындылады. Қауымдастық құрылтайшылары дауыс беру арқылы жаңа жарғы қабылдап, нәтижесінде Еркебұлан Сайдоллаұлы Ілиясов бірауыздан Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.
Жаңадан сайланған президент Еркебұлан Сайдоллаұлы сенім білдірген барша ҚР Туризм және спорт министрлігіне, қауымдастық қатарына кіретін ұлттық спорт өкілдеріне алғыс айтып, 2025 жылға қойылған жоспарымен бөлісті.
Отырыс барысында Серік Жарасбаев Исламбек Төлеубайұлына ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа президент Еркебұлан Сайдоллаұлына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол барлық федерациялардың ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық спорт түрлерін әлемдік деңгейде насихаттау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.