Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов баяндама жасады.
Премьер-Министрдің сөзінше, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында 3 Жылу электр орталығын салу жобаларын іске асыру басталды. Олар 2032-ші жылға дейін кезең-кезеңмен іске қосылады.
“Биыл 166 Мегаватт бу және гидрогенерация, сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері бойынша 10 нысанда 450 МВт қуат пайдалануға беріледі. Жел энергиясы станцияларының негізгі компоненттерін шығаратын зауыт құрылысы басталды. Батыс Қазақстанның электр желілерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада Алматы облысында бірінші Атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоямыз. Сондай-ақ екінші және үшінші Атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын”, — деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Атап өтсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Жиын барысында еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.