2025 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің басшылығымен қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сапардың негізгі мақсаты – атом электр станцияларын пайдалану тәжірибесімен танысу және ВВЭР-1200 реакторлары бар 3+ буынды энергетикалық блоктардың технологияларын зерттеу болды. Делегация Ленинград АЭС-іне барып, станция жұмысының негізгі техникалық аспектілерімен танысты, соның ішінде блоктық басқару пунктінің құрылғысы, турбина цехы, зертханалық кешен және энергоблоктардың салқындату жүйесі ұсынылды. ВВЭР-1200 реакторы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының флагмандық жобасы болып табылады.
Ресей Федерациясына сапар Қазақстанда АЭС салу үшін технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен бәсекелестік диалогтың қорытынды кезеңі болды.
Бұған дейін, 2024 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында, осындай жұмыс сапарлары Корея Республикасына, Француз Республикасына және Қытай Халық Республикасына жасалған болатын. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы корейлік KHNP, қытайлық CNNC және француздық EDF компанияларымен бірге «шорт-тізімге» енген.
Сапар барысында делегация Ленинград АЭС басшылығымен консультациялар өткізіп, станцияның инфрақұрылымымен танысты. Сондай-ақ, АЭС-тің серіктес қаласы – Сосновый Борға бару жүзеге асырылды, ол заманауи ғылыми қаласы және ғылыми-инженерлік құзыреттер орталығы болып табылады.
Анықтама: Ленинград АЭС-і – Ресейдегі орнатылған қуаты бойынша ең ірі және екі түрлі типтегі энергоблоктар жұмыс істейтін жалғыз АЭС: уран-графитті каналды (РБМК) және су-су (ВВЭР). ВВЭР-1200 жобасының басты ерекшелігі – станцияны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі.
«Бүгін біз ядролық энергетика саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерді зерттеуге бағытталған жұмыс сапарларымызды аяқтадық. Ленинград АЭС-іне бару қоршаған ортаны қорғау және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз ететін технологиялар мен қауіпсіздік шараларымен терең танысуға мүмкіндік берді», – деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
АЭС салу жобасы үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау бойынша соңғы шешім ағымдағы жылы қабылданатын болады. Шешім ұлттық мүдделерді, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді, сондай-ақ Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (АЭХА) ұсыныстарын ескере отырып қабылданады.