Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин АЭС салу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қандай кезеңде екенін айтты. Бұл туралы РrimeМinister.kz сайты хабарлайды.
Айта кету керек, 2026 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндетке және электр энергиясының болжамды тапшылығына байланысты Мемлекет басшысы елімізде қауіпсіз және экологиялық атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.
«Қазақстанда АЭС салу мәселесі тоқсаныншы жылдардан бастап қаралуда. Қазір энергия тапшылығы мен жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозуының артуы жағдайында ол қайтадан өзекті болды. Сондай-ақ атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн», — деп мәлімдеді «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының басшысы.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде мамандар АЭС үшін қажетті қуатты – 2,8 ГВт-қа дейін, оны салу үшін орынды – Алматы облысының Үлкен ауылы, сондай-ақ АЭС үшін технологияларды анықтады. III және III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы деп таңдалады. Мұндай реакторларда бір-бірін бірнеше дүркін қайталайтын белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар терең эшелондалған апатқа қарсы қорғаныс деп аталады. Қазіргі реакторларда штаттан тыс жағдайдың пайда болу ықтималдығы өте төмен. Бірақ мұндай жағдайда да қауіпсіздік жүйелері оның ықтимал салдарын бейтараптандырады.
«Қоршаған ортаға әсерге келетін болсақ, атом энергетикасы, тіпті ЖЭК-пен салыстырғанда, ең экологиялық таза энергия көзі болып саналады. Сонымен қатар көптеген дамыған елдерде атом энергетикасы жасыл таксономияға енгізілген. Атом энергетикасының дамуы парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне ықпал етеді, бұл экологиялық жауапкершіліктің жаһандық трендтеріне сәйкес келеді», — деді Т. Жантикин.
Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және АҚШ-тағы 6 компаниядан 13 АЭС жобасы қарауға ұсынылды.
МАГАТЭ-нің әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдары негізінде қазақстандық тарап өзіндік бағалау жүйесін әзірледі. Кейіннен оны әйгілі француз инженерлік компаниясы Assystem мақұлдады.
Нәтижесінде, ұсынылған барлық нұсқалардың ішінде шорт-тізімге 4 әлеуетті жеткізуші кіреді: HPR1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы, APR1000 және APR1400 реакторлары бар кореялық KHNP, ВВЭР-1200 бар ресейлік Росатом және EPR1200 технологиясы бар француздық EDF. Сонымен қатар жобаның шамамен құны, оның құрылыс мерзімдері, сондай-ақ қаржыландыру әдістері мен көздері туралы түсінік қалыптастырылды.
«Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда атом технологиясының нақты жеткізушісін таңдау және жобаның ТЭН-ін бірлесіп әзірлеу келесі маңызды міндет болады. Объективті шындық – Қазақстанның болашағы атом энергетикасымен тығыз байланысты», — деді Т.Жантикин.