Банкроттық рәсімді қолдану: қолданыстағы заңға қандай түзетулер енгізілді?

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мәселесі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ведлмство басшысының айтуынша, Астанада статистика бойынша азаматтардың басым бөлігі соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінім берді.

«Астана қаласы бойынша 7 495 өтініш түсті, оның ішінде 1 347 жеке тұлғаға қатысты рәсім аяқталды. Яғни, оларға «банкрот» мәртебесі беріліп, берешек есептен шығарылды. 5 268 өтініш бойынша бас тартылды, 180 өтінішті азаматтардың өздері кері қайтарып алды, 700 өтініш бүгінгі таңда қаралуда», – дейді Исабек Зауытбекұлы.

Айта кетейік, 2024 жылы 19 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылған. Бұл түзетулер 2024 жылдың 25 тамызынан бастап күшіне енді.

Ведомство өкілінің мәліметінше, көрсетілген Заң «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына түзетулер енгізуді көздейді.

Түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін:

1. соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерінде байланысты:
(өзгертулерге дейін борышкердің жеке банктік шоттарына қаржы ұйымдары тарапынан әдейі және туған-туыстарынан байқаусызда азын-аулақ аударымдар жасалынған болатын, соның салдарынан борышкерлерге банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешімдер шығарылған жағдайлар болды);
– міндеттемелер бойынша 1 айлық есептік көрсеткіштен кем төлемді қарыз бойынша өтеудің болмау мерзімін санаған кезде есептемейді;
– коллекторлық агенттікке берілген шарттар бойынша өтеудің болмау мерзімі құқық (талап ету) берілгенге дейінгі соңғы төлем күнінен бастап есептеледі;
(өзгертулерге дейін борышкер рәсімдерді қолдану туралы өтінім беру барысында міндеттемелерді реттеу бойынша шаралар қабылданғанын растайтын құжаттарды қосымша беруі міндетті болатын);
– 12 айдан артық төлемдер болмаған жағдайда, орындалмаған міндеттемелерді реттеу бойынша шаралар қабылданғанын растау талап етілмейді.

«Бұдан басқа, жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (несиелік) шарттары және микрокредит беру туралы шарттары бойынша талап ету құқықтарына ие барлық ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша рәсімді қолдануға болады. Яғни егер ұйымның тиісті шарттар бойынша талап ету құқықтары болса, оның мәртебесіне (лицензиясынан айырылған, тарату үстінде, тізілімнен шығарылған) және нысанына (коллекторлық агенттік, микроқаржы ұйымы, арнайы қаржы компаниясы және т.б.) қарамастан, борышкер соттан тыс банкроттық рәсімі туралы өтінішпен жүгінуге құқылы», – деп атап өтті ол.

2. төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне байланысты:

(өзгертулерге дейін борышкердің мерзімі өткен міндеттемелері болмаған және тұрақты кірісі болған жағдайда Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттары борышкердің бұл рәсімді қолдану туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарған болатын);
– мерзімі өткен міндеттемелері болмаған және тұрақты кірісі болып, бірақ мүлкі болмаған жағдайда қолданады;
– төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкер елден тыс шыға алады.

3. қаржы басқарушысына қатысты:

– кредиторлар өз талаптарын мәлімдемеген жағдайда, борышкер ұсынған деректерден кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыра алады;
– сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін өзінің сыйақысын төлеуді талап ете алады (қаржы басқарушысының сыйақысының төленбеген бөлігі тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелердің тізбесіне енгізілген).

4. уәкiлеттi орган қаржы басқарушысы борышкерге/оның кредиторларына талаптары немесе міндеттемелері болғандықтан немесе егер ол борышкердің/кредитордың жақын туысы, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туысы болғандықтан өз өкілеттіктерін жүзеге асырудан бас тартқан жағдайда оны шеттете алады.

«Сондай-ақ бірқатар нақтылайтын түзетулер қарастырылған. Атап айтсақ, борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш берген кезде, кредитор және қарыз сомасы туралы мәліметтерді көрсетпейді, сондай-ақ өтінішке құжаттарды қоса беруге міндетті емес. Бұл ретте тиісті рәсімді қолдану үшін жұбайының келісімі қажет», – деді Исабек Зауытбекұлы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp