Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР» – 2024 ұлттық бәйгесіне өтінімдерді қабылдау басталды
Медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар байқауға қатыса алады. Өтінімдер 2024 жылдың 13 тамызынан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Конкуртық жұмыстар 2023 жылдың 7 тамызы мен 2024 жылдың 11 тамызы аралығында республикалық, өңірлік және халықаралық баспа және интернет-басылымдарда жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады.
Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:
1. Жылдың үздік сұхбаты
2. Жылдың үздік репортажы
3. Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал
4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі
5. Жылдың үздік аналитикалық материалы
6. Радиостанциядағы үздік жоба
7. Жылдың үздік фотосуреті
8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы
9. Үздік өңірлік БАҚ
10. Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал (баспа, радио, интернет-журналистика саласында)
11. Үздік подкаст
12. Үздік YouTube каналы
Жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайтын болады.
Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның жеңімпазына «ҮРКЕР» – 2024 естелік мүсіншесі мен 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
«URKER» – баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі, аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.