Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.

– Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын бес миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді.

– Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

– Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл, шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбек елі басшысының айтуынша, сапар алдында Мемлекетаралық комиссияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шаралар өтті. 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді.

Кеңес барысында тараптар екі елдің парламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты.

Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Макхамов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp