БУРАБАЙҒА ХАН КЕНЕНІҢ ҮЗЕҢГІСІ КЕЛДІ, ЕНДІ БАСЫ ДА КЕЛЕР…

Салтанатты шара барысында Түркістан облысының Созақ ауданынан қайтарылған Кенесары хан атының үзеңгісі мұражайға табысталып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі жалпыға қолжетімді Аталықтар тобында мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде аталып өткендей, мұражайдың лентасын кескен сенатор Алтынбек Нұқұлы: «Бурабайға хан Кененің үзеңгісі келді, енді басы да келер» деген екен. Сонымен қатар салтанатты шарада шежіреші Серікбай Исатайұлы, ҚХА ҒСҚ төрағасы Айгүл Кәкімбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, Бурабай ауданының әкімі Арай Садыков та қатысты. Ұлы ханның үзеңгісін өз қолдарымен ұстап, тарихи сәтке куәгер болған қатысушылардың да қатары қалың.

«Абылай ханның қасиетті ордасы болған, қазақтың соңғы ханы Кенесарының туып, ержеткен Сырымбет-Бурабай өңірінде осындай мұражайдың ашылуы үлкен жақсылықтың нышаны. Игі іс-шараның ең керемет сәті Түркістан облысының Созақ ауданынан Кенесары ханның атының үзеңгісі Бурабайға қайтарылып, мұражайға табыс етілуі болды. 2 ғасыр сақталған жәдігерді мұражайға Созақтағы Мамадайыр аталықтар атынан аманат етіп табыстағандар Бақытжан мен оның ағасы Нуржан Арысұлы Есжановтар болды. Кенесарының бозбала шағында арнайы жасалған бұл үзеңгі, шөбересі Әшімханқызы Тотыхан әжеміздің қолында қалған. Тотыхан әжеміздің (1922-13.09.2022) әкесі – Әшімхан, оның әкесі Оспан-Кенесары ханның екінші ұлы.

Нұржан ініміз 11 жасқа келгенде нағашысы Жұмабай атасы жиеніне өз қолымен ер шауып, нағашы Тотыхан әжесі тоқымын жасап, ырымдап Кенесары ханның үзеңгісін тағып берген екен. Содан бері Мамадайыр аталықтар әулетінде сақталып келген. Жамбыл ағамызға Атырау, Созақ және Шұбартаудан келген Мамадайыр Мамашықтар ат мінгізіп, шапан жапты. Зейнетке шыққаннан кейін Бурабайға қоныс теуіп, мұражай ашуы да Жамбыл ағамыздың парасатты шешімінің бірі деуге болады. Болашақта бұл мұражай ғылыми орталыққа айналады деген сенімдеміз» – делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жаңадан ашылған «Nomadius» мұражайында қазақтың және Еуразияның далалық бөлігін мекендеген халықтардың дәстүрлі мәдениетін көрсететін тарихи жәдігерлер мен тың деректер жинақталған.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp