12 сәуір – ұлт мақтанышы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы, әрі оның тұңғыш президенті, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Биыл ғұлама ғалымның туғанына мерейлі 125 жыл толды. Осыған орай, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бүгін Қаныш Сәтбаевтың ескертікшіне гүл қою рәсімі өтті.
Рәсімге қатысушылардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және басқа да зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары да болды.
Сондай-ақ іс-шара аясында академиктің ескерткіші жанынан ғұлама Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кезінде жас Қанышқа берген ақ батасы жазылған белгі-тастың ашылу салтанаты өтті.
Белгі-тастың ресми ашылу салтанатына ғұлама Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі – Абай Шарапиев пен Қаныш Сәтбаевтың ұрпағы – Сұлтан Сәтбаев қатысты.