Жаңадан 345 мәдениет нысанын салу және жұмыс істеп тұрған 1420 мәдени нысанды жөндеу, Қазақстан мәдениетінің элементтерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне енгізу, “Қазақфильм” киностудиясын жаңғырту, музей қорларын цифрландыру, жалпыға қолжетімді мемлекеттік кітапханаларды көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналдыру және басқа да маңызды жобалар. Асхат Оралов Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған Мәдени саясат тұжырымдамасының негізгі тармақтары туралы айтып берді, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Осыған дейін министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының әр тармағына егжей-тегжейлі тоқталып, түсіндірдім. Бүгін еліміздің бірыңғай мәдени кеңістігін қалыптастыруға және театр, кино, музей, кітапхана, материалдық және материалдық емес мәдени мұра сынды мәдениеттің барлық бағыттарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған, алдағы 7 жылға жоспарланған ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы айтатын боламын.
Инфрақұрылым дамиды. Мәселен, 2030 жылға дейін жаңадан 345 нысан салынып, жұмыс істеп тұрған 1420 мәдени нысан жөнделеді. Ал мәдениет үйлері көпфункционалды орталықтарға айналады, онда халықтың, әсіресе балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасалады.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы барлық заманауи жабдықтармен толық техникалық қайта жарақтандырылады. Бұл киностудияға көптеген фильмді шығаруға және кино өндірісінің барлық кезеңдерінде (түсіру, монтаждау, дубляж, тираждау және т.б.) жеке отандық кинокомпанияларға жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазақфильм» еліміздің аумағында түсірілім жұмыстарын жүргізу үшін ірі шетелдік компанияларды тарту бағытында жұмыс істейтін болады.
«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі шетелдік киностудиялардың өкілдерін, сондай-ақ анимациялық кино саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, шеберлік сабақтарын өткізе береді.
Жыл сайын қазақ киносының алтын қорына кіретін кемінде 5 толықметражды фильм цифрландырылады және қалпына келтіріледі, отбасымен көруге арналған, рейтингі жоғары және дистрибуциясы кең кемінде 10 анимациялық және көркем фильм дубляждалады. Сондай-ақ, киноклассиканы ақ-қара форматтан түрлі-түсті форматқа ауыстыру мәселесі де пысықталып жатыр. Тағы бір өзекті мәселе – қазақстандық фильмдерді Netflix сияқты стримингтік платформалар мен онлайн-кинотеатрларда орналастыру.
Фильм түсіру мен прокатты жүйелеу үшін елімізде кинотуындылар мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді, ол нақты келушілер, кассалық түсім, статистикалық деректер және басқа да ақпаратты беретін болады.
Сондай-ақ, қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңға түзетулер енгізу, оның ішінде мемлекеттік қаржылай қолдау алған фильмдерді ілгерілету және прокатқа шығару, Мәдениет және спорт министрлігінен фильм өндірушісіне айрықша құқықтарды беру мәселесі пысықталады.
Осы іс-шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 35%–ға, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін ұлғайтқымыз келеді.
Музей ісін дамыту озық технологияларды енгізу арқылы жүргізіледі. Мысалы, республикалық және өңірлік музей қорларын электронды форматқа көшіру, сондай-ақ экспозицияларды виртуалды форматта қолжетімді ететін 3D турлар құру.
Музейге келушілер санын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, Халықаралық музейлер күніне орайластырылатын жыл сайынғы «Музейлер түні» акциясы. Біздің мақсатымыз- 2030 жылға қарай тарихи-мәдени мұра музейлері мен нысандарына келушілер санын 20%-ға ұлғайту.
Музей саласын монетизациялаудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, кәдесыйлар сату, билеттердің сараланған бағасы, аукциондар, сәндік-қолданбалы өнер аймақтары, коворкингтер және т.б. ұйымдастыру үшін музейлердің бос алаңдарын пайдалану мүмкіндігі.
«Оқырман ұлт» жобасы аясында жалпыға қолжетімді мемлекеттік кітапханаларды көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр. Кітапхана ғимараттарын жөндеу жұмыстары және өңірлік кітапханалардың кітап қорларын толықтыру жұмысы жалғасады.
Елімізде kazneb.kz қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың мобильді қосымшасы әзірленіп енгізілген, ал ҚазҰЭК қорын кеңейту арқылы студенттере цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізеді. Бұл Қазақстанның бүкіл кітапхана желісі интеграцияланатын бірыңғай ұйымдастырушы және технологиялық жүйені құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардын қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптардың саны ұлғаяды. Осы жоспарларды іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай кітапханаларға келушілер санын 20%-ға арттыруға ниеттіміз.
Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Оқушының мәдени нормативі» мәдени-білім беру жобасы жалғасады. Оған концерттер мен көрмелерге бару, опера, балет және драмалық спектакльдерді, қазақстандық және шетелдік кинофильмдерді, мультфильмдерді көру кіреді.
Жан басына қаржыландыру шеңберінде балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық үйірмелермен кезең-кезеңімен қамту жалғасады. Шығармашылық үйірмелермен қатар жаңадан балалар театр труппалары мен студиялары ашылады. Сондай-ақ, балалардың Қазақстан театрлары мен музейлеріне ай сайын баруы үшін «Театрдағы күн» және «Музейдегі күн» жобалары іске асырылады. Театр сабақтары өскелең ұрпақтың шығармашылық дағдыларын дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ осы топтардағы балалармен қатар ерекше қажеттіліктері бар адамдарды да сахна өнеріне баулитын жоба әзірленіп жатыр.
Шығармашылық оқу орындарында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленеді.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін сұраныс жоғары мамандықтарға мемлекеттік білім беру тапсырысы қамтамасыз етілетін болады. Ал мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде қызмет көрсететін мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын кеңейту балаларды көбірек қамтуға көмектеседі. Сондай-ақ, мамандықтың өзіндік ерекшеліктері бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерін кезең-кезеңімен әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылады.
Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне Қазақстан Республикасынан 10 нысан енгізілген. 2025 жылға қарай олардың санын 16 бірлікке дейін арттыру жоспарда бар. Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындау және ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Оның шеңберінде Ұлы Жібек жолы бойындағы 6 нысанды: Сығанақ, Сауран, Ясы, Отырар, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар оазисінің ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр.
Қазақстанның мәдени брендін дамыту үшін мәдени туризмді жолға қою маңызды. Қазірдің өзінде Сарайшық, Ұлытау, Таңбалы және Отырар визит-орталықтарын пайдалануға бердік. Жақын арада Гаухар-Ана, Сауран, Есік және Ордабасы республикалық музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысын аяқталады. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы «Бозок» Ұлттық археологиялық саябағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күндері ортағасырлық архитектуралық стильде кіреберіс қақпалары салынып жатыр.
Соңғы үш жылда 8 археологиялық ескерткіш (Берел, Бытыгай, Ботай, Бозок, Рахат, Сарайшық және т.б.) зерттелді, ол жұмыстар биыл аяқталады. 2030 жылға қарай біз ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілген республикалық тарихи және мәдениет ескерткіштерінің үлесін олардың жалпы санының 40% – на дейін жеткізуге ниеттіміз.
Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізбесін толықтыру жұмыстары жалғасады. 2030 жылға қарай біз ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізімінде ұсынылған Қазақстан мәдениетінің элементтерінің санын 20 бірлікке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің рухани байлығымызды насихаттау, дамыту және сақтау бағытындағы маңызды қадам.
Театр өнерін дамыту бағытында отандық авторларға басымдық беріледі. 2030 жылға қарай қазақстандық авторлардың қойылымдарының санын 600-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық драматургтер мен композиторлардың жаңа туындыларын ілгерілетуге республикалық Dala dauysy конкурсын өткізу ықпал ететін болады.
Ұлттық мәдени брендті, атап айтқанда, музыканы дәріптеу «Ұлттық домбыра күні», «Көшпенділер әуені» халықаралық этно музыка фестивалі және республикалық ақындар айтысы секілді іс-шаралар кешенін өткізу арқылы жүзеге асырылады.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінен талантты жастар беделді халықаралық фестивальдар мен конкурстарға жолдамамен жіберіледі. Үздік ұйымдарға, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлеріне жыл сайын Umai ұлттық сыйлығы табысталады.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанынан республикалық деңгейде ұлттық дәстүрлі мәдениет пен өнерді насихаттауға бағытталған «Халық Қазына» ұлттық өнер орталығы құрылды.
Орталықтың негізгі қызметі: концерттік іс-шаралар өткізу, республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени жобаларды іске асыру (көркемсурет конкурстары, музыкалық-этнографиялық көрмелер және т. б.), ұлттық музыкалық аспаптар мен шеберлік сабақтары, семинарлар (онлайн және офлайн форматтарда) өткізу, аудио және бейнежазбалар жинақталған әндер мен күйлер жинағын шығару, еліміз бен шетелде гастрольдік сапарлар.Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, біз мәдениетті халыққа қолжетімді етіп, әлемде өнеріміздің танымалдылығын арттыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және оны халықаралық деңгейде танымал ету сынды міндеттерді жүзеге асырғымыз келеді. Орындалмайтын мақсат жоқ, сондықтан да белгіленген бағыттар бойынша белсенді жұмыс істейміз»,–деп жазды министр Telegram арнасында.