«Қаражал бандасы» атанған көтеріліс

Бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезіне қарасты Тарбағатай тауы теріскейін мекендеген өр мінезді Мұрын елінде XX ғасырдың бас кезінде болған толқулардың ірілері: өңірді дүр сілкінтіп, тарихта өшпес ізі қалған 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы М.Бектенов басқарған ұлт-азаттық көтерілісі, кейіннен кеңестік басқару жүйесі орнаған тұстағы мал-мүліктерді тәркілеу мен ұжымдастырудың ауыр зардаптарынан әбден мезі болып қаналған таулықтардың 1930 жылдарғы «Қаражал бандасы» атымен танылған қанды қырғынды бас көтеру.

Ақсуаттағы «Қаражал бандасы» кө­терілісінің ұйымдастырушысы, жетек­шiсi Тɵлеубай Бейсенбiұлы болды. Тɵлеубай арысы Зайсан, берiсi Аякɵз, Кɵкпектi ɵңiрлерiнiң наразы жұрттарымен байланысып, маңына 3 мыңдай адамды топтас­тырып, билiкке қарсы қарулы кɵтерi­лiс бастайды. 1929 жылдың күзінде көтері­ліс шарықтау шегіне жетіп жеңіліске ұшырап, көтерілісшілер Қытай асып кетуге мәжбүр болады. (Тарихқа толы Тарбағатай. Ғ.Іргебаев)

Соңында аңызы да, дерегі де молынан қалған «Қаражал бандасы» көтері­лісі болған негізгі ошақ орны «Қисық­тың Қаражалы» тау бөктеріндегі қан­ды қырғын әлі де ғылыми түрде терең зерттеліп, өз бағасын толықтай алмай отырғандығы шындық. Сол оқиғаға қа­тысты қолға түскен архив құжаты не­гізінде жылдар қойнауында көнерген тарих беттерінен дерек келтіруді жөн көрдік.

«Көшпелі қазақ халқын жерге оты­рық­шыландыру туралы ереже» – 1924 жылы 17 сәуірдегі Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХК Кеңесінің көшпелі, жар­ты­лай көшпелі және отырықшылана бас­та­ған қазақ шаруаларын жерге орналастыру тәртібін дәйектеп көрсеткен құжаты. «Ереже» бойынша қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларын жерге жаппай орналастыру, оларға жайылым, малға қажетті шөп болмай қал­ған жағдайда пайдаланатын сақтық пішен жер телімдерін беру, отырықшыландыру­ды мемлекет есебінен жүргізу көзделді. Оты­рықшыланатын қожалықтар үшін ­10 жылдық мерзімге несие беру, оларды бес жылға дейін салықтың барлық түрінен босату, оларға тұқым, құрал-сайман және мал шаруашылығы құрылыстары мен мекенжай салуға қажетті құрылыс материалдарын тегін беру ескерілді. Алайда «Ереже» шарттары бұрмаланып, іс жү­зінде дұрыс орындалмады. Керісінше, 1925 жылы ауыл ішіне таптық сына қағу, ауылда «Кіші қазан» төңкерісін жасау науқандарына бағдар алынды. Байларды кәмпескелеу, кедей-кепшікті ұжымдық шаруашылыққа күштеп енгізу жүргізілді. Бұл саяси науқандардың мәжбүр ету сипаты басым еді. Қазақстандағы кеңестік озбырлыққа қарсылық білдірген халық қозғалыстары аяусыз басып-жаншылды. Ел-жұрттың шынайы мүддесіне жауап бермейтін осынау үдерістер қазақ халқының 1931-1933 жылдары алапат ашаршылыққа ұшырауына соқтырды…» (Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. Алматы 2014, 302 бет.)

1928 жылдың тамызында қабылдан­ған «Ірі бай шаруашылықтардың жә­не жартылай феодалдардың мал-мүлік­терін тәркілеу және жер аудару тура­лы» атқарушы биліктің қаулысы «Асы­ра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­ма­сын!»-ға ұласқан зұлмат заманда, қол­дан ұйымдастырылған озбырлықтан халықтың жағдайы күрт ауырлап, қа­бырғасы қайысқан тұста «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, қызылдар үкіме­тінің айтағына еріп үре жөнелген санасыз, «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын, кеңестік идеология шырмауына матасып, өзінің қандас туыстарын қан қақсатып, зар илете көрсетіндіге ұшыратып, қолындағы бар-жоғын тінткізіп тәркілеуге ат салысып, кәмпескелеу үшін арнайы құрыл­ған топтардың қолшоқпарлары болып, туыстарынан ұрпақтық қарғыс алған өзімізден шыққан шолақ белсенділер кезікті. Осы азғындар, жазықсыз жапа шеккендіктен жан сауғалап «арғы бет» аспаққа астыртын дайындалып, кішірек топтарға бірігіп жатқан ағайындары­ның әрекеттерін астыртын бақылап, жос­пар­ларын асыру жолдарында орналасқан тосқауыл отряд басшыларына жеткі­зіп, қаншама руластарының оққа ұшып қырылуына себепкер болған-ды.

«Қаражал бойындағы қалың ел сол кездегі үкімет саясатына наразылығын ұйымдастырушылардың басы болып, Семей өңірін дүр сілкінткен «Қаражал бандасы» көтерілісіне шыққан. Шын­дығында Қаражалда болған оқиғаны үкіметтің кәмпескелеу мен жаппай оты­рықшыландыру және елді еріксіз кол­хоздарға ұйымдастыру саясатына қар­сы шыққан көтеріліс деуге болады. Өйт­кені бұл көтеріліске мыңнан аса адам қатысыпты. Тек қана жауапқа тартылған адам 300-ден аса екен. Көтеріліс күш­пен басылып-жаншылған соң Өкпеті, Қызыл­тас, Қаражал аймағында тұратын еркек кіндіктілердің барлығын шеті­нен ұстап түрмеге тоғытып, тергеуге алған екен». (Тортаев Қабдысіләм (1928–2004),
«Өмір белестері» естеліктер жинағынан).

Шындығында, аталған көтеріліс аякөз­дік және көкпектілік намысты азамат­тар бірігіп, бас көтерген ірі қарулы қақ­тығыс болғандығы белгілі. Бала кезі­мізден үлкендер аузынан осы оқиғаға қатысты естіп өскен өлең шумақтары бар. Қаражал көтерілісі 1930 жылдың қысында басталып, 1931 жылдың жазында жеңіліс табады. Басшыларының біразы құтылып, ұсталғандардың бәрі атылады. Сол атылғандардың бірі Мәруа деген қыздың ағасы екен. Әлдекімдер осы Мәруаға жазып беріп айттырған жоқтау:

«Төлеубай басшы, Қатыран,

Мақатай залым антұрған.

Момынға тиіп залалың,

Нақақтан ағам атылған.

Отряд кетті тоқтамай,

Жүре ме мылтық оқтамай.

Әкемді ұстап атқызған,

Тілеуің құрғыр Тоқтабай.

Қабдырдың ұлы Жұмажан,

Шықпаймын деген дұғадан

Қызылдар қаптап кеткенде,

Ұшып та кеткен қиядан.

Ақанғали, Серікбай,

Көзім көрді шерікті-ай.

Осыларға өкімет,

Не қылса да ерікті-ай.

Қасымның ұлы Әліпби,

Қаражалға тіккен үй.

Өкіметке оқ атқан,

Осыларда бар ма ми.

Сыбаннан келген Қызылбай,

Қайғымен көңілім бұзылды-ай.

Қолға түспей кетер ме,

Мың жасаған құзғындай.

Ақанғали мұғалім,

Халыққа тиді залалың.

Жазаңды беріп аямай,

Әділ сот айтар адалын.»

Осындағы көтеріліс басшыларының бірі Әліпби – Кенже Көшімбай руының дәулетті адамы. Қасымның сегіз ұлының үлкені… (Туғанов Жолдасжан, «Пенде» өлеңдер жинағы. Семей, 2015 ж., 220 бет.)

Осы жоқтау өлеңде аттары аталатын тұлғалар мен сол көтеріліске қатысып істі болған азаматтар жайлы, аталған көтеріліс құрбандарының бірі Боғас болысы Қаражал тауы тұрғыны руы Кенже – Кө­шімбай Ажығожаұлы Мұсағұл (1892-1931) немересі Алмас Болсынбекұлы (1958) ізденісі нәтижесінде табылған архив құжаттары деректерінен нақтылана түсті:

«Қазақстан Орталық Мемлекеттік Саяси Басқару Орталығына қарасты (ПП ОГПУ) іс-тергеуші топ «Үштік» отырысы хаттамасының көшірмесі. 1931 жыл, 15 мамыр».

РКФСР қылмыстық істер кодексінің № 4752 іс, 58/2-бабы бойынша айыпталушылар: Байтайлақов Меделбекпен (руы Кенже – Көшімбай) бірге айыпталған 106 адам тыңдалып, оларға үкімет тарапынан шығарылған қорытынды үкім төмендегідей:

  1. Қозыбаев Қасым. 65 жаста

(руы Кенже – Көшімбай)

  1. Сағитов Мақатай. 29 жаста

(руы Кенже – Көшімбай)

  1. Әңкежанов Қырықбай

(руы Малтүгел)

  1. Ебіжанов Жұмағұл. 39 жаста
  2. Тәукебаев Өмірбай. 40 жаста
  3. Төлеңгітов Ақанғали. 27 жаста
  4. Шалов Сейітқазы. 45 жаста
  5. Тойкин Салхан. 45 жаста
  6. Назарбеков Дыңғали. 47 жаста
  7. Наурызбаев Қабдолла. 35 жаста

(руы Кенже – Лепес)

  1. Мекебаев Мұстафа. 41 жаста
  2. Көкімов Қарабас
  3. Белгин Әділхан. 32 жаста
  4. Тұрлыбеков Бекетай немесе

Шегебаев

  1. Өмірбеков Қали. 61 жаста
  2. Бейсенбин Садық
  3. Қасенов Жанысбай
  4. Майлақов Әбіш
  5. Ажығожин Мұсағұл. 39 жаста

(руы Кенже – Көшімбай)

(тек Сағитов М, Әңкежанов Қ, Тө­леңгітов А, Назарбеков Дыңғалидың дү­ние-мүліктері тәркіленбесін). Қалған­дарынікі толықтай тәркіленіп, барлығы атылсын!»

Төмендегі тізімде көрсетілгендер қыл­­­мыстық істің 58/2-тармағы бойынша 10 жылға бас бостандықтарынан айыры­лып, концлагерьге қамалғандар:

Бай­тай­лақов М., Құсайынов М., Ботар­беков О., Қарамесов О., Текеме­сов И., ­Есенғожин С., Ыбыраев А., Әпсейітов М., Сағымов К., Сағымов Р., Исин Г., Күн­босынов К., Мұқамадиев М., Түсіп­жанов О., Қаратаев Д., Кездік-­
баев Д.,­ ­Отыншинов К., Өтежанов С., Айто­ла­қов У., Майылқанов К., Серішев К.,
Орысбаев А..

Төмендегі тізімде көрсетілгендер қыл­­­­­­мыстық істің 58/2-тармағы бойынша бас бо­с­­тандықтарынан айырылып,
5 жыл­­ға конц­лагерьге қамалғандар:

Тер­лікбаев Т., Жұматаев Б., Жексен­баев Ж., Сыдықов А., Назарбеков С., Жаңсабаев М., Дүйсенбаев Ж., Нұр­сейітов Н., Қай­шанов С., Төлегенов М., Дүйсенбаев Н.

Төмендегі тізімдегілер аталған іс бо­­йынша 3 жылға бас бостандығынан
айырылып, концлагерге қамалғандар:

Жолдыбаев Б., Құдайбергенов Б., Ишанов М., Мұқашев М., Жұмаділов К., ­
Жаманаев М., Тоқбаев М., Қабышев Б., Шағылов К., Қасенов Б., Итаяқов А., Рахимов А., Тілебаев М., Қасымқанов Б.,
Дәменов О., Әлепиев С., Базарбеков М.,
Жылдасов О., Қумашев Н., Базаров М.,
Әмрин Б., Жүнісов Б., Тұрсағұлов Т., Әбілханов Қ., Қожамбетов М., Тоқ-
баев Ж., Байболов С..

Ал Қомытаев Ш., Әкежанов С., Ақ­шалов Д., Қаражанов О., Қалбанов А., Әл­ханов Ш., Белгин М. Қазақстаннан тыс­қары аймаққа 5 жылға жер аударылсын.

Ебіжанов Д., Жүндібаев, Байболов Қ., Дөртуылбаев Ә., Серкин, Назаров М., Иманбеков К., Нұғыманов К., Әмірқанов, Аманбаевтарды 3 жылға концлагерьге қа­мауға үкім шығарылған.

105) Байболов Сүлеймен 36 жаста. Көкпекті ауданына қарасты №3 ауыл тұр­ғыны, надан, үйленген, сотталмаған, кедей, партияға өтпеген. Ағасы көтеріліс басшысы Қатыран Байболовтың соңынан ерікті түрде еріп, Көкпекті бандыларымен аякөздіктер арасындағы байланыстарды жеткізіп тұруды ұйымдастырған. Өзіне тағылған айыпты толықтай мойындады.

106) Ажығожин Мұсағұл 39 жаста. №6 ауыл тұрғыны, сауатты, үйленген, әлеуметтік жағдайы бай қатарына жатады.

Ол төмендегі істер бойынша кінәлі болып табылады.

  1. Ауылдарды аралап үгіт-насихат жүргізіп, банды құрамына қосылуға елді жұмылдырған.
  2. Қарулы қақтығыс басталған тұс­та бан­дыларға әскери кеңес беріп, басшы­лық рөлін атқарған.

Өзіне тағылған айыппен келісіп, кінә­сін мойындады».

Жоқтауда есімі айтылған Қатыран Байболұлы басында ауылдық учаскелік ішкі істер бөлімі сақшысы қызметін атқарған. Бандылар құрамына енген тұста қуғыннан қашып Қаражал тауы іргесіндегі Боғас өзенінің оң жағында­ғы «Қос қызыл» аталатын қабақтың бір сайындағы үңгірдің қабырғасын жартылай таспен қалап, бекініс жасап жасырынып, ұзақ уақыт қолға түспеген. Қа­пыда ел арасындағы қызылдар­­дың жансызы қолға түсіріп, орталық­қа тап­­сырған. Інісі Сүлеймен екеуінің
3 жыл­­­ға сотталғандықтары жоғарыдағы ті­­зім­де көрсетілген.

Жоқтаудағы «Мақатай залым» – Мақа­тай Сағитұлы 29 жасында атыл­ғандығы жоғарыдағы тізімде көрсетілген.

«Ақанғали мұғалім» Ақанғали Төлең­гітов. 27 жасында атылғандығы жоға­рыдағы тізімде көрсетілген.

«Қасымның ұлы Әліпби, Қаражалға тіккен үй». Негізгі қарулы қарсылық көр­сетушілердің бірі. Қолға түспей, Қытай­ға өтіп кету себепті 65 жастағы әкесі Қа­сым Қозыбайұлы атылғандығы жоғары­да­ғы тізімде көрсетілген.

«Сыбаннан келген Қызылбай» – Аякөз аймағынан келген топ басшысы.

А.Мұсағұлов жеке архив қорындағы «Қаражал бандасына» қатысып, істі бол­ған 106 көтерілісшіге қатысты деректі сараптағанда ұрыс даласында оққа ұшып өлгендерден бөлек, тұтқынға түсіп, қа­таң тергеулерден кейін ату жазасына кесіліп, жер аударылып, концлагерьге қамалғандардың көпшілігі Зайсан уезіне қарасты Боғас, Өкпеті болыстары тұр­ғындары мен Аякөз ауданынан келген көтерілісшілер екендігі нақтылан­ды. Оның ішінде істі болғандардың басым бөлігі Қаражал тауы сай-саласымен Ба­зар өзенін бойлай қоныстан­ған Боғас бо­лысына қарасты Кенже атасы ұрпақ­тары екендігі байқалады. Аталған ру­дың көнекөз қариялары Қаражал көте­рі­лісін ұйымдастырушылардың бірі Төле­бай Мықауұлы (1901-1969) көтеріліс құ­рықталған тұста ебін тауып, Үржар өлке­сіне ізін жасырып үлгеруі себепті аман қалғандығын айтады.

Алдағы уақытта аталған көтеріліске қатысты жан-жақты этнографиялық және ғылыми зерттеулер жүргізіліп, «Қаражал бандасы» көтерілісі тарихи оқиға ретінде өлке тарихынан өзіндік орнын табары сөзсіз.

Серікбосын САДЫҚОВ,

Ә.Х.Марғұлан атындағы

археология институтының

ғылыми ізденушісі

Алматы

Суретте: «Қатыран банды» бекі­нісінің қазіргі көрінісі. Үңгірдің ұзынды­ғы 4 метр; биіктігі 1,7 м; үңгір қуысы
2 метр шамасында.

© egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp