Байларды ақтау жайындағы шешімнің кеш жүзеге асып жатқаны анық. Тәуелсіздігімізді қайтарып алғанымызға отыз жылдың жүзі болды деп көк жәшікті заулатып қойдық. Бірақ, қазақ қоғамына ғасырлар бойы ата-бабасымен қызмет еткен қауым Сібердің белгісіз бұрыштарында сүйегі шашылып, ит жеккеннің пенде баласы дауаламайтын түкпірлерінде азаптың арбасына жегіліп, түп тұқиянымен жоқ болып кетті. Жоқ қылды, дәлірек айтқанда. Билікті қолға алған қызыл жалын жолындағының бәрін жалмап, саналы адамның этикасы мен индивидтік мазмұны екі дүниеде жасамайтын жауыздыққа барды. Коммунистік жүйе өзіне кедергі болған құрылымдардың бәрін құртты. «Коммунистер келген жерде сахараның құмы да қалмайды» деген әлемдік тарихтың бір тенденциясына айналған тұжырым әлдеқашан өзінің салмағын толық дәлелдеп тастаған. Коммунистердің пиғылына қазақ даласында әлеуметтік категориялы институт неліктен жақпады? Үрім бұтағына дейін тамырын кесуі, сонша өшіккен қаныпезердің, психологиясында қандай да бір осы қоғамға жат олқылықтың барын ұқтыратын қасиет емес пе? Байлар қазақ даласында өз меценаттық рөлін есте жоқ ескі заманнан әрі, әлімсақ ғасырлар бойы мүлтіксіз атқарып келе жатқан құрылым емес пе еді. Коммунистерге олардың қандай кедергісі болды екен?
Яғни, коммунистердің «оңаша бұзаудан ортақ өгіз айналайын» деген қағидасына, қазақтың даласындағы әр бөрік бір-бір тәж болған жүйе ұнаған жоқ. Коммунистерде саясаттан гөрі идеология басым болды. Ұр да жық. Жығылғанды жанышта. Жығылған кім? Осы ел мен жерді басқарып тұрған, генетикалық куәлігі айна қатесіз әулеттер еді. Әр ауылдың бір байы, сол елді жұмыспен қамтып, комерциялық қажеттілігін өтеп, әлеуметтік сұранысын толықтырып, дипломатиялық ішкі алыс-беріс, барыс-келістерін атқарып отырған топ болатын. Тобыр емес.
Алып дала төсіндегі жұртты осындай әр ауыл мен рудың атқамінер тұлғалары арқылы басқарып отырған хандық жүйе, патшалық экспансияның құрығына алдымен ілікті, бірақ патшалық билік коммунистердей жайпап өте қойған жоқ. Жымысқы саясатын баяу жүзеге асырған еді. Әріден, халықтар миграциясы арқылы, билікті сан тармаққа бөлу тұрғысынан, шұрайлы жерлерді өзге жұрттардың өкілдеріне тиесілі ету, осы секілді жымын білдірмей, бекіністерді қаптатып, өрмекшінің торын іштен құру арқылы жаулаған болатын. Ал, қызыл жалын әй-шәйға мән берген жоқ. Бірден өзгенің ары мен ожданына, мүлкі мен жеріне, адами факторына тікелей қол сұқты. Сұққанда да сұғына, ентелеп, жеті әкесінің кегі осы даланың маңғаз жұртында кеткендей, аса өшпенділікпен, өршелене, өктем қалыпта баса көктеп, еніп келді. Ел мен жердің иесіне еш себепсіз ұрынып тұр, ал ұрынған қарсыласқа өзінің пікірін білдіргендер екі бастан бұл дүниенің неге бұлай болғанын түсінбестен ізім-ғайым жоғалды. Дала жұртына тұтқиылдан төніп, әңгір-таяқ ойнатып тұрған болшевиктер осынау елдің иелерін жойып, жердің киесін қашырып, ерін еңіретіп, қоғамның тұтқасын жұлып тастаған еді. Тұтқасы жоқ ел, тұтқаны жұлған әумесердің әуенін хормен шырқап, амалсыз айдағанына жүріп, қара жұмысына жегіліп, бітпейтін төл алудан жарысқа қалай түсіп кеткенін білмейде қалды. Есі шыққан елге әбден этноцид, экоцид жасап, тұтқасыз есікті ашпақ түгіл, қағуға болмайтын халге жеткізді.
Кедей хэштегі 1928 жылдан кейін трендке айналған тенденция болды. Сол заманның билігіне қызмет еткен адамдардың өмірбаяндары мен түйіндемелерінде кедейдің баласы деген нұсқа астын сызып қолдайтын үрдіске айналды. Және оны көпшілікке жарнамалап, насихаттау кеңінен етек жайды. Бұның себебі, коммунистер өз білгендерін алаңсыз жүзеге асыру үшін осы елдің ғасырлар бойғы билігі мен экономикасын жақсы-жаман атқарған топты жойып, оны жойған біз емес өздерің, кедейдің теңдігінің арқасында байлар жойылды деген қоғамдық сана қалыптастырудың ақпараттық амалы еді. Өздерінің істеген қылмыстарын жергілікті халықтың иелігіне жымын білдірмей артып, байларды жойған кедейдің ерлігі, ерлік иесі сендерсіңдер делінген сұрқия саясатқа сыңар қадам.
Бәрі өткен тарихтың ақтаңдақ беттерінде қалды. Өкініш осы қоғамның өзегін өртемейді. Бұл қоғамның да өз қиындығы өз заманында бастан асады. Байларды ақтау деген бастама қолға алынған екен, енді оны толық жүзеге асыру осы қоғамның міндетіне жататын амал. Байларды айыптап, ит жккенге істі қылып айдаған кеңестік жүйе. Ол құлады. Құлаған жүйенің ақтауға да дәрмені жоқ. Олар осы қазақтың байлары, осы елдің өткені, тарихы. Осы жерге замандар мен заманалар заңғарынан қызмет еткен, еңбегі сіңген ерен топ. Ендеше, оларды ақтауға осы ел мен жердің иесі, билігінің тұтқасы өз қолында отырған қазақ неге асық емес? Коммунистер қаралады деп, осы ұлтқа ұжданы мен қызмет қылған тұлғаларды жарыққа шығарып, еңбектерін бүгінгі ұрпаққа насихаттап, өзгенің жазып берген тарихын емес, өзіміз зерттеп, зерделеп, аршып алған ақиқаттарды неге оқыта бермеске? Оған кім кедергі? Оның қандай адами да, ғылыми да сөкеттігі бар? Толған сұрақ әйтеуір, жауабы да біреу екеніне еш күмән жоқ. Ол тарихтың мәнін іздеушілер аз, олардың өзінің сөзі мен бастамасын елей қояр кабинеттер санаулы шығар. Сең енді қозғалды деп қуанып та қояды. Қуанбағанда қайтсін. Орда бұзар жыл болады қазақ жұртының азат болмысын қайтарып алғанына. Тәуелсіздігіне отыз жыл емес, тәуелсіздігін қайтарып алғанына отыз жыл. Қазақ жұрты патшалық экспансия құрығын салмай тұрып, тәуелсіз ел болды ғой. Оны ешкім жоққа да шығармайды. Сол тәуелсіздігінің арқасы емес пе, талай байлардың шығып, үрім-бұтағымен осы жұртқа қызмет еткен менеджерлер атанғаны.
Бүгінгі уақыт басқа, қоғамдық сана басқа, бағыт басқа, заман басқа, бірақ, ұлт сол баяғы қазақ. Ұлттық болмысы деволвацияға ұшыраса да тарихы сол қазақ. Оны түгендейтін де қазақ. Қазақтан өзге ешкім оның тарихын аршып, коммунистер тып-типыл қылған тұлғаларын ақтап алмайды. Ақтауға құқығы бар өз ұлты ғана. Сондықтан, мәселені кешеуілдете беруге негіз жоқ.
Нұрмұхамедов Берік Бегімұлы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі