«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бастаған «Құнды жәдігер» жобасының жаңалығы көп болып тұр. Сыр еліндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу мен насихаттауды көздеген идея авторы – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Асхат Сайлау.
Көнеден жеткен сөз «қырық молданың қасиеті бір мақсұмда бар. Ал қырық мақсұмның ілімі бір ахунның бойынан табылған. Қырық ахунның білімі, қасиеті бір ишанда болыпты» деген дерек айтады. Ал Сыр бойында елді аузына қаратқан, жұртын жақсы іске бастаған елуге жуық ишан өмір сүргені белгілі.
Ресей империясы үшін Сыр бойы тұтас Түркістан өлкесіне ашылатын терезе болды. Өңірдің осындай әскери-стратегиялық маңызын жете түсінген патшалық Ресей гарнизондар мен бекіністер салу, әскери-әкімшілік басқаруды енгізумен бірге миссионерлік бағытты да қатар алып отырды. Осындай алмағайып кезеңде жергілікті жұрт жат діннің жетегіне еріп кетпеуі үшін ишандар барын салды. Тың жобаны қолға алғандар дін қайраткерлерінің осындай қызметін кейінгі ұрпаққа таныстыруды көздейді.
Жоба басталғалы бері Марал ишанның ұлы Қалқай ишаннан қалған біраз жәдігер табылды. Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәннен шатырхат алған Қалқайдың бір баласы Әбдірахман мақсымнан Абдулхамит туады. Ел арасында Әмит ишан атанып кеткен Абдулхамиттың есімі Осман империясының даңқты сұлтаны II Абдул-Хамит құрметіне қойылған. Әбдірахманмен жан қиыспас дос болған II Абдул-Хамит оны Стамбулға имамдыққа шақырыпты деседі. Досының бұл қолқасын орындай алмаған Әбдірахман кейін өзі уәде еткендей бір баласына оның есімін қойыпты. «Киелі мұра» жобасы барысында сұлтан есімін иеленген Әмит ишан ұрпақтарынан «Талфик ал-ахбар ва талких ал-асар фи вакан» атты кітап табылды. Мұсылман дінінің көрнекті өкілі, тарихшы Мұхаммед Мұрат Рәмзидің (1855-1934 жж) Ресей империясында өмір сүрген түркілер тарихына арналған бұл еңбегі – өте сирек кездесетін кітаптар қатарына енген аса құнды қазына. 1908 жылы Орынбордағы «Кәрімов, Құсайынов және К» баспасынан жарық көрген кітап көп ұзамай «Автордың христиандар әлеміне және жалпы орыстың бәріне арам пиғылын, жеккөрушілігін дәлелдейді» деген желеумен тәркіленеді. Алайда түркілердің шығуы мен даму тарихын, Еділ Бұлғариясының моңғолдар жаулағанға дейінгі кезеңін, моңғолдардың исламды қабылдауын, Иван Грозный Қазанды жаулап алғанға дейінгі оқиғаларды суреттейтін кітап Шығыс елдеріне тез тарап кетеді.
– Қазір осы кітаптың көшірмесін алдық. Жалпы Мұхаммед Мұрат Рәмзи біздің Мұстафа Шоқай сияқты түрік бірлігін көксеген аса көрнекті тұлға болған. Ресейден қашып, Шыңжаңда қайтыс болған. Қызылордадан табылып отырған тарихи туынды Әмит ишан мен Рәмзи секілді ғұламалардың араласып тұрғандығын көрсетеді. Тағы бір қызық дерек, 2002 жылы бұл кітап Иорданияда қайта басылып шықты. Арабтардың бұл туындыға қызығушылық танытып отырғаны да таңғаларлық, – дейді Асхат Сайлау.
«Құнды жәдігердің» тағы бір табысы – Құлболды ишанның шапаны мен шежіресі. Жұрт тәбәрікке талап алып кете бергесін ұрпақтары шапанды сөгіп, кілемге тігіп қойыпты. Ал Мәдина қаласында жазылған шежіре Әзірет – Әлінің баласы Мұхамет-Қанафиядан басталып, 1901 жылы Меккеден қажылықтан қайтқан сапарда Алланың аманат жанын кеме үстінде тапсырған Құлболды немересі Әбдіқалық мақсымға дейін созылады. Теңізшілер салтына сай Қара теңізге тасталған мақсымның денесі кемеден қалмай жүзіп, жағаға бірге шығыпты деседі. Сүйегі сол жерге қойылған бауырларына кейіннен ағайындары барып, Құран оқытып қайтады.
– Құлболды ишанның ұлы Пазыл да өз заманының ілімді тұлғасы, ишан болған адам. Оның әйелі Тоғжан – атақты Шоң бидің ұрпағы. Осы жерде бұл кісіні Абайдың Тоғжанымен шатастырып жүргендер бар екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл түбірімен қате. Бұл туралы ертеректе айтылған деректер де бар. Осы Тоғжан анамыздан да қалған дүниеден қазіргі бары кезінде жасау ретінде берілген өзегі темір, сырты күміспен күптелген қант шапқыш, – дейді тарихшы.
Жоба аясында табылып жатқан заттардың бәрі – ұрпақтарының қолында сақталып келе жатқан жәдігерлер. «Құнды жәдігер» көпке белгісіз осы құндылықтарды жұртқа таныстырды.
Дін қайраткерлерімен қатар, ел қорғаған батырлар ұстаған дүниелер де табылды. Жоба авторлары жыл соңында осы құндылықтар көшірмелерінен көрме жасап, арнайы кітап шығаруды жоспарлап отыр.
Қызылорда
egemen.kz