Қытайдың Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданы ежелгі заманның тарихи-мәдени құндылықтарына бай өңір, соның ішінде көп кездесетін ежелгі жартас суреттері көркем галереяны құрайды, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты. Аталған БАҚ-тың жазуынша, соңғы уақыттарда Шағантоғай ежелгі петроглифтері тарих, археология және өнер салалары бойынша мамандардың назарын көбірек аударып жүр. Бұл ашық аспан астындағы өнер мұражайындағы жартас суреттерінің мазмұны аң аулау, мал жаю, билеу, діни ғұрыптар және үй жануарлары мен жабайы аңдардың бейнесі болып келеді. Петроглифтегі бейнелер табиғатты, халық тіршілігін анық көрсетіп берген. Олар көркемдік тұрғыдан да өрелі туындылар болып саналады.
«Шағантоғай ауданында ежелгі жартас суреттері көп кездеседі. Олар Чұрчұт жартас суреті, Қарашоқы жартас суреті, Қызылтасбұлақ жартас суреті, Барлық тауы жартас суреті және жұртқа кең танылған Бардақұл ежелгі жартас суреттері деп аталып жүр. Теңіз деңгейінен 816 метр биіктікте орналасқан осы петроглифтерді зерттеген мамандар бұл жартас суреттерін ежелгі түркілердің 3500 жылдан бұрынғы тасқа басқан таңбасы деп таныған. Петроглифтегі бейнелер халық тіршілігін анық көрсетеді. Ал осы ежелгі дәуірдің құнды мұрасы 2003 жылы мемлекеттің материалды емес мәдени мұралары қатарына қосылып, тарихи-туристік нысан болып белгіленіп, қорғауға алынған», – деп жазды CNR сайты.