Толық ақталуға лайық тұлға

Алаш орда үкіметінің алғашқы полктарын құрған капитан Тоқтамышев (1885-1919 жж.) қайдан шыққан? Капитан Хамит Тоқтамышев Алаш орданың жұмбақ жандарының бірі. Ол кім? Қайда туды? Алыс-жақын ата-бабасы кім болған? Осы және басқа да сұрақтар алаш қозғалысының тарихын зерттеп жүрген көптеген мамандарды толғандырады. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, белгілі зерттеуші, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор З. Қабылдинов осы сұраққа лайықты жауап берді.

Оның есіміндегі «сұлтан» сөз алды қосымшасының болуы, сауалнамаларда оның «сұлтандар тұқымына» жататындығы туралы жазбалар, сонымен қоса туған жері ретінде Семей уезінің көрсетілуі оның түп-тамырын іздеуде біраз шатасуларға әкелді. Біреулер оны сұлтандар тұқымынан іздесе, енді біреулер оның туған жерін Семей уезінен іздеді, ал кейбіреулері оның мүрдесін Көкпекті татарларының қызыл жазалаушылардан сатып алғанын ескере келе, оны – татарлардан шыққан деп те санайды.

Жақында З. Қабылдинов қазіргі уақытта еліміздің астанасында тұрып жатқан танымал омбылық өлкетанушы Қайрат Тұрахановпен кездесті. Қайрат Тұраханов Омбыда туып-өскен, сол жерде оқыған. Ана тілін де еркін меңгерген, өзі шыққан арғынның атығай табының тарихын да тамаша біледі. Оның атасы – Омбыдағы танымал ақсақал Алдошке (Алдаберген) Төреханұлы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында 90-шы жылдардың басында басқа да жерлестерімен бірлесіп Омбыда мешіт ашылуына бастамашы жасаған. Сол мешіттің алғашқы имамдарының бірі болған. З. Қабылдинов онымен студенттік кездерінен таныс болған, одан Омбы қазақтарының тарихы туралы сұхбат алған, оның әскери ұлдарының бірімен дос болған. Қайрат Тұраханов XVIII ғасырда Ақмола облысынан бастап омбы облысының оңтүстігіне дейін созылып жатқан «90 көлдің иесі» болған өзінің атақты бабасы Әлімбет батырдың өмір тарихы мен қызметін зерделеп жүрген жан.

Алаштың тұңғыш полктары мен бригадаларын құрып, Алаш орда үкіметінің тұңғыш әскери  министрі (әскери бөлімді басқарған) болған жұмбақ капитан «Хамит Тоқтамышевтың» шыққан тегі туралы жетіспей тұрған детальдарды дәл осы Қайрат арқылы білудің реті келді. Капитан Тоқтамышев туралы ол егжей-тегжейлі баяндап берді.

  1. КАПИТАН ТОҚТАМЫШЕВТЫҢ ОМБЫЛЫҚ АТА ТЕГІ

Біздің кейіпкеріміз шығатын атығай руын сұлтан, кейіннен хан атанған Абылай билеген. 500 жылдан астам уақыт бұрын бастау алатын бұл рудың тарихын сонау 1898 жылы Әлихан Бөкейхан егжей-тегжейлі баяндап кеткен.

Дәл осы рудан Абылай айналасына атақты батырлар мен әскери қолбасыларды жинаған. Қазақта осы рудан шыққан даңқты ұлдар көпшілік, олардың ішінде атақты Тоқтамыс бидің ұрпағы, Қазақстанның «алғашқы ұлттық хатшысы» Жұмабай Шаяхметов (1902-1966) те бар.

Капитан Х. Тоқтамышевтың бабаларының бірі – Тоқтамыс Жанұзақов 1826-1828 жылдары Көкшетау сыртқы округінің үшінші аға сұлтаны болған. Ресей қызметінің подполковнигі (1828 ж.) деген атағы болған. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша аудананың «Қалибек соры» деген жерінде жерленген. Омбы қазақтары әлі күнге дейін оны «хан» деп атайды.

Оның ұлы Маңдай батыр да осы округтың аға сұлтаны болған. Көкшетау қаласының жанындағы Қызылтаң ауылында жерленген. Інісі Төбет ресей қызметінің майоры болған. Тоқтамыстың үшінші ұлы Сухан 1842 жылы Омбы казак училищесін тәмамдаған, бұл училище кейіннен Сібір кадет корпусы болып қайта құрылған. Маңдайдың ұлы Әбдіғаппар Шоқан Уәлихановпен бірге оқыған. Даңқты отбасының өкілі ол да Көкшетау сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Суханның ұлы Нығметолла да Сібір кадет корпусын бітірген.

Айта кетейік, Жұмабай Шаяхметов осы Маңдайдың туған ағасы Жандайдан тарайды.

  1. СҰЛТАН ҒАБДУЛ ХАМИТ НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ ТОҚТАМЫШЕВ – АЛАШОРДАНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПОЛКТАРЫН ҚҰРУШЫ.

Сұлтан Ғабдул Хамит Нығметоллаұлы Тоқтамышев 1885 жылы Ақмола облысының Омбы уезінің Омбы болыстығының (бұрынғы Баба Бағыш) №1 ауылында дүниеге келген. Қазір бұл Омбы облысының Шербакул ауданының аумағы.

Шежіресі келесідей: (Дәуіт, 12 ата Атығай) – Бөкес – Моныс – Есенаман – Бағыс – Серкеш – Тәңірберді – Назар – Жанұзақ – Тоқтамыс – Сұбхан (Сухан) – Нығметолла – Сұлтан – Ғабдул – Хамит Нығметоллаұлы.

Тоқтамыс бидің көптеген ұрпақтары Омбы және бұрынғы Көкшетау облыстарында тұрады. Патша заманында олар, әдетте, өздерінің тегі ретінде, Көкшетау сыртқы округінің аға сұлтаны лауазымы үшін күресте Абылай ұрпақтарымен бәсекелес болған атақты бабалары – Тоқтамыс бидің атын алған. Өз сауалнамаларында ол кей кезде өзін сұлтан тұқымынан шыққанмын деп жазған, алайда бұл шындыққа аса жанаспайды, бұл жерде ол Көкшетау сыртқы округінің аға сұлтандары болған ата-бабаларына құрмет көрсеткен сияқты. Өз атына «сұлтан» деген сөз алды қосымшасын қосуы да – осы реттен болуы мүмкін. Сол кездің үрдісі деп те айтуға болады. Патша заманында Ресей империясының шыңғыс ұрпағын билік құрылымдарынан аластату саясатын жүргізгеніне қарамастан, бұл тап құрметте болған.

Нығметолланың ұлы – Сұлтан Ғабдул Хамит (қысқаша аты Хамит), орыс армиясының офицері болған. 1908 жылы Сібір кадет корпусын тәмамдаған. Кейінірек Константинов артиллерия училищесінде оқыған. Оның өмірбаянының бұл бөлігін алаш қозғалысының белгілі зерттеушісі Б.Әбдіғали тамаша сипаттап жазған.

Әскери қызметін 1909 жылы 8-ші Сібір атқыштар дивизиясында поручик болып бастайды. 1916 жылы орыс армиясының капитаны деген шенге ие болады. Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, батылдық пен ержүректіліктің үлгісін көрсеткен, сол үшін IV дәрежелі Әулие Владимир; ІІ дәрежелі Әулие Анна; ІІ дәрежелі Әулие Станислав қылыштарымен; ІІІ дәрежелі Әулие Анна ордені қылыштарымен және бантымен; IV дәрежелі Әулие Анна (Анна қару) ордендерімен және тағы да басқа наградалармен марапатталған.

Туған ағасы Сұлтан Мұрат та әскери адам болған. Киев әскери училищесінде оқыған. Ол да Бірінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Сұлтан Ғабдул Хамитті Алаш орда үкіметінің басшылары Омбыдан Семейге шақырып, бірқатар алаш полктарының тұңғыш командирі болады. Алаш Орда үкіметінің әскери министрінің («әскери бөлім бастығы») міндетін атқарған. 1919 жылы полковник шенін алған.

Қытай шекарасынан өтер кезде Сұлтан Ғабдул Хамит шекарашылардың қолына түсіп, 1919 жылдың желтоқсанында большевиктер атып тастайды. Көкпектінің маңайында жерленген. Ел ішіндегі аңыздар бойынша Сұлтан Ғабдул Хамит Тоқтамышевтің мәйітін жергілікті ауқатты татарлар большевиктерден сатып алып, офицер мундирімен құрметпен жерлеген. Өкінішке орай Алаш қайраткері әлі де ақталмай жатыр.

Оның әйелінің ұлты орыс болған. Жарына, оның идеяларына адал әйел жарынсыз өмір сүргенше, сүйікті жарымен бірге атылып кетуді таңдайды. Оның өтініші қанағаттандырылып: ол да атылып, күйеуімен бірге жерленеді. Олардың қызы болған деген де хабар бар, алайда оның тағдыры беймәлім.

  1. Х. ТОҚТАМЫШЕВТІҢ ЕСІМІН МӘҢГІ ЕСТЕ САҚТАУ БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР.

Әрине, бұл шын мәнінде аңызға айналған тұлға әрі қарай ғылыми зерттеуді ғана емес, сонымен бірге мәңгі есте сақтауды да қажет етеді. Ол үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры. З. Қабылдинов ұсынады:

1) Алаштанушы (Б. Әбдіғали және т. б.) ғалымдар бастаған осы тұлға бойынша ғылыми зерттеулерді жалғастырып, оның туыстарын табу қажет.

2) Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметінің аясында ақтауға қол жеткізу.

3) Ол тұрған және қызмет еткен қазақстан қалаларында оның атымен көшелерді атау.

4) Ол жерленген жерді Қазақстанның қасиетті жерлер картасына қосу.

5) Семей, Өскемен және басқа да қалаларда оның құрметіне ескерткіш қою.

6) Оның есімін «Историческая энциклопедия казахов Омского Прииртышья» кітабының екінші басылымына енгізу және т.б.

Арман Сулейменов

e-history.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp