Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Шілікті ауылында аспан астындағы мұражай салынады, деп хабарлайды altaynews.kz .
Қазір Шілікті ауылына алып баратын жол салынып жатыр. Тасбастау ауылынан бастап Зайсанға қарай салынып жатқан тау ішіндегі жолдың ұзындығы 60 шақырым.
Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, жол құрылысына облыс қазынасынан 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Жолдың 20 шақырымы биыл жыл соңына дейін аяқталса, 40 шақырым жолкелесі жылы салынады.
Сонымен қатар, биыл Шілікті ауылына газ тарту жұмыстары басталады. Ал ең басты жаңалық – археологтар мен ауыл үлкендері талай жылдан бері күткен Шілікті қорымдарының ашық аспан астындағы мұражайы салынатын болды. Аудан басшылығының мәліметінше, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен алдағы уақытта болатын баспасөз кездесуінде бұл туралы кеңінен талқыланып, тапсырмалар берілетін болады.
Шілікті мен Жалши ауылдарының арасына салынатын мұражай-қорықтың құрылысына облыс қазынасынан 450 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады, деп жоспарланған.