Алматыда «1920-1950 жылдардағы Саяси қуғын-сүргіндер. Қайтарылған есімдер» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі жазды.
Іс-шараны Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған. Жиынға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық, республикалық комиссияның, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Жазушылар Одағының, ҚР Президенті мұрағатының, республикалық этномәдени бірлестік басшылары қатысты.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Есдәулетов мемлекеттің дамуында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы маңызды кезең болғандықтан, 2021 жыл ел үшін ерекше екенін атап өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссия төрағасының орынбасары Бауыржан Жанғұттин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын жеткізді. Осыған байланысты қалалық комиссия құрылды, олардың негізгі міндеті 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен заң және саяси ақтау. Оның айтуынша, комиссияның алдында көп еңбекті талап ететін жұмыс тұр, комиссия құрамында 51 адам жұмыс істейді. Оның ішінде сарапшылардың 70%-ы ғылыми дәрежеге, ал 20%-ы магистр дәрежесіне ие. Бұл өте кәсіби құрам, бұл зерттеу жұмысында өте маңызды.
Дөңгелек үстел барысында Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы – 90 жастағы ақсақал Шейх-Али Даулет Мұхамеджанұлы сөз сөйлеп, өзінің әкесі, үреймен өткен балалық шағы, сол қиын жылдар, қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш Орда» көшбасшылары туралы әңгімеледі.
ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сол қайғылы оқиғалар туралы естеліктерді сақтаудың маңызын атап өтті. Ол жастарды тарихты зерделеуге және өз елін сүюге шақырды. Іс-шарада ҚР Президенті Мұрағаты директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов сөз сөйлеп, мұрағат материалдарымен жұмыс әдістемесі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның ағымдағы кезеңдегі жұмысының қорытындылары туралы айтып берді. Сондай-ақ, белгілі ғалым профессор, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов Алаш Орда көшбасшылары Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Тынышбаевтың қайғылы тағдырлары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық және республикалық комиссияның маңызы туралы айтты.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Б. Қабдушев, Ш. Забих, З. Төленова, Р. Кәмшат, М. Губайдуллина, Г. Нұрбатырова, А. Өтеғалиева сияқты қалалық комиссия өкілдері, 20-50 жылдардағы қуғын-сүргіннің негізгі кезеңдері, халықтарды депортациялау, қазақ зиялыларының өкілдері Ж. Досмұхамедов, Т. Жүргенов, О.Жандосов, зерттеу және мұрағат жұмыстары туралы әңгімелеген К. Матыжанов, С. Борбасов сияқты ғалымдар қатысты.