Ашаршылық – бейбіт заманда миллиондаған адамның өмірін жалмаған алапат қасірет. Қазақ халқын өз жерінде азшылыққа айналдырып, мәдениетіне, рухына, ой-танымына зілдей соққы болып тиген трагедия. Бұл қанша қасіретті болса, сонша күрделі тақырып екені сөзсіз. Сондықтан, оның масштабы зерттеулердің де тиянақты, жан-жақты, сан салалы болуын қажет етеді.
Осындай ой мемлекеттік деңгейде де айтылды. Көпшілікке мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарап, зерттеулерді таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс деген пікір білдірді.
Осы бағыттағы іргелі жұмыстардың ізашары – Парламент Сенатының бастамасымен ұйымдастырылған «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбындағы дөңгелек үстел болғаны белгілі. Дөңгелек үстелге төрағалық еткен Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев аталған тақырыпқа қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек екенін тағы бір мәрте еске салған еді. Міне, осындай ұстанымдар біздің ашаршылық ақиқатын тани түсуімізге жол ашады деген сенім мол.
***
Елімізде ашаршылық тақырыбы, көп жағдайда, тек ұлттық көзқарас тұрғысынан айтылып, жазылып жүрген секілді. Ал ол тұста халқымыз Кеңес Одағының құрамдас бөлігі, ал Кеңес Одағының өзі әлемдік саясаттың ажырамас бөлшегі болғаны белгілі. Сондықтан ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – қазақ халқы тап келген аштықты кеңестік және жаһандық кеңістікте де зерделеу деп білеміз. Сондай-ақ, бұл бағытта тарих ғылымына сүйенген ізденістермен қатар, салааралық зерттеулер де қажет деген ойдамыз. Дәл осылай тақырыптың зерттеу аясын кеңейту арқылы алапат аштықтың шынайы себеп-салдарын түсінуімізге зор мүмкіндіктер туатыны анық. Біз бұл жерде отызыншы жылдардағы аштық туралы айтып отырғанымызды ескерте кетейік.
***
Ашаршылық – ортақ саяси, әлеуметтік, экономикалық шешімдердің салдары. Қазақ халқымен қоса, Украинадағы, Солтүстік Кавказдағы, Еділ бойындағы ұлттардың да орасан зор зардап шегуі осыдан келіп шығады.
Сол тұстағы Кеңестік билік аграрлы елді тез арада батыспен бәсекелесе алатын индустриялды мемлекетке айналдыруды көздеді. Индустрияландыру ісінде бастапқы (отправной) және оңтайлы (оптимальный) жоспардың екіншісі таңдалды. Оған сәйкес алғашқы жоспар 20%-ға артық орындалуы және астық шығымы жоғары, халықаралық жағдай тұрақты, батыс елдерінің техникасы үздіксіз келіп тұруы шарт болатын. Бірақ, билік осы күрделі жоспардың өзін артығымен орындау туралы шешім қабылдады. Өкініштісі, осы жолдағы саясат шынайы жағдаймен санаспай, асқан жеделдікпен әрі жазалау арқылы жүргізілді.
Орталықта индустрияландыруды ауыл шаруашылығының есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Осы мақсатта кеңестік ауылда ұжымдастыру саясаты басталғаны белгілі. 1926 жылғы санақ бойынша тұтас КСРО халқының 82% ауылда тұрса, біздің елімізде тұрғындардың 91.5% ауылдық елдімекендерде өмір сүрген болатын. Осыған қарап-ақ, ауылға жүргізілген күштеп ұжымдастыру реформасының Кеңес Одағын түгел дерлік қамтыған саясат болғанын бағамдай аламыз. Аштықтың локалды емес, жаппай сипат алуының түпкі сыры осында жатса керек.
Ғалымдар аштықтың орын алуында астық және ет дайындау науқанының әсері орасан зор болғанын айтады. Бұл науқанның өзі де аяусыздықпен жүргізілгені мәлім. Кеңес Одағының астық аудандары 1931 жылы қуаңшылыққа тап келген. Сол себепті де, 1930 жылмен салыстырғанда 82 млн. ц. кем астық жиналған (1930 ж. – 772 млн.ц, 1931 ж. – 690 млн.ц.). Дегенмен, осы жайсыз жағдайға қарамастан, мемлекетке астық өткізу жоспары төмендемеген, керісінше жоғарылаған. Оған дәлел, шаруалар егін бітік шыққан 1930 жылы мемлекетке 221.4 млн. ц. астық өткізуі керек болса, 1931 жылы бұл көрсеткіш 227 млн. ц. көлемінде белгіленген екен. Қазақстан негізінен мал шаруашылығына бейімделген ел болғанына қарамастан, астық жинау науқанынан қалыс қалған жоқ.
Ал ет дайындау науқанында, әсіресе 1929-1933 жылдары, еліміздегі мал басының саны 44.7 миллионнан 4.5 миллионға, 10 есеге қысқарып кеткен. Ғалым Қайдар Алдажұманов келтірген дерекке сүйенсек, 1929-1932 жылдардың ішінде мемлекетке тапсырылуы тиіс мал басының саны – 11.3 миллион болса, азайған малдың нақты саны – 36.7 миллионға жеткен. Жоспар бойынша ет және өзге де мал өнімдері Кеңес Одағының басқа аймақтарына теміржол арқылы жеткізілуі керек болған.
Қазақстанда ұжымдастыру мен отырықшыландыру саясаты қатар жүргені белгілі. Бірқатар батыс ғалымдары ашаршылықтың ауқымды болуын тікелей осы саясаттың салдары деп санайды. Орталық билік отырықшыландыруды ұжымдастыру реформасының аясында жүргізілетін іс-шара деп есептеді. Бірақ олар қаншалықты қасіретті «қоғамдық-саяси экспериментті» (Роберт Киндлер) жүзеге асырып жатқандарын толық түсінбеген секілді. Себебі сол тұстағы режимнің мыңдаған жыл бойы берік орныққан көшпелі мәдениетті аздаған жылда өзгерту талпынысы осындай ойға жетелейді. Отырықшыландыру саясаты көршілес қырғыз, түркімен жұртында да жүргізілгенін жақсы білеміз. Мұның өзі отырықшыландырудың тұтас кеңестік территорияны қамтымаса да, бірқатар өлкелерде қатар қолға алынғанын ескеруді қажет етеді. Бұл жерде де аштықтың себебін түсінуде аталған саясат іске асырылған республикалардағы жағдайды салыстыра зерттеудің қажеттілігі туындайды.
Біз жоғарыда ашаршылықтың себебі ретінде күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, астық пен ет дайындау науқанын көрсеттік. Осы аталған саясаттардың қай-қайсысы да тұтас Кеңес Одағында не оның бірқатар өңірлерінде қолға алынғанын көріп отырмыз. Осы жағдайлардың өзі бізден ашаршылық тақырыбын зерделеуде ұлттық кеңістіктен кеңестік кеңістікке шығуды талап етіп тұрғандай көрінеді.
Десек те ашаршылық тақырыбын зерттеуде біз әлі күнге дейін ұлттық линиядан алыстап шықпаған секілдіміз. Бұл ұстаным кей жағдайда ашаршылықтың Кеңес Одағының өзге де республикаларында орын алғанын ұмыт қалдыруға алып келетіндей. Мұндай жағдайда ашаршылық орталықтан жүргізілген ортақ саясаттың салдары екені анық болса да, Қазақстандағы және сол тұстағы өзге ұлттардағы аштықтардың тікелей байланысы бары еленбей қала бермек. Бұл өз кезегінде ашаршылықтың шынайы картинасын көмескілей түседі.
Бірқатар батыс ғалымдары Қазақстандағы ашаршылықты пан-кеңестік ауқымда қарастыруды ұсынып келеді. Мәселен, американдық тарихшы Сара Кэмерон пан-кеңестік көзқарас арқылы Одаққа кірген бір өңірдегі азық-түлік жетіспеушілігі екінші өңірге қалай әсер еткенін, кейбір өңірлерде неліктен аштықтың Қазақстандағы секілді кең таралмағанын түсінуге болатынын айтады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та дөңгелек үстел барысында ашаршылық туралы объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толықтай қамтуымыз керек деген орынды пікір айтқан еді.
Қалай дегенде де, еліміздегі ашаршылықты кеңестік кеңістікте салыстыра зерделеу оның ақиқатын ашуымызға үлкен септігін тигізеді.
***
Жаппай ашаршылықтың себебі туралы айтқанда сыртқы саяси факторды да назарда ұстаған жөн.
Большевиктер батыспен үнемі идеологиялық конфронтацияда болғаны белгілі. Орыс тарихшысы Виктор Кондрашин Кеңес Одағындағы және шет елдердегі коммунистер көп мәселеде қарама-қайшы көзқараста болды, бірақ оларды біріктіретін жалғыз ғана ұстаным бар еді, ол – антиимпералистік ұстаным дейді. Сондықтан елдің ішіндегі кез келген саясатты жасақтағанда не іске асырғанда кеңестік биліктің мотивацияларының бірі – капиталистік қарсыластарына есе жібермеу болғаны анық. Сол себепті де орталық билік батыспен бәсекелестік қағидасына сәйкес кез келген жолмен елді жедел жаңғыртуды іске асыру керек деп есептеген секілді. Оған дәлел Иосиф Сталиннің сөзі. Ол 1931 жылы біз алдыңғы қатарлы елдерден 50-100 жылға қалып қойдық, оларды он жылдың ішінде қуып жетуіміз керек, онсыз бізді олар күйретіп тынады деген сөзді тегін айтқан жоқ.
Идеологиялық конфронтацияның әскери кикілжіңдерге де ұласқан кездері аз емес. Мысалы, 1927 жылы Кеңес Одағы Ұлыбританиямен дипломатиялық қарым-қатынасын үзіп, соғыс жағдайына жақындады. Сол себепті елді әскери жаңғырту да маңызды міндетке айналды.
Елді аштыққа ұрындырған астық дайындау науқанының да сыртқы факторлармен тығыз байланысы болғанын білеміз.
Кеңестік индустриаландырудың сәтті іске асырылуы батыстан алынатын техникаға тікелей тәуелді еді. Ал оны алу үшін астықты жеткілікті деңгейде жинап, экспортқа жөнелту аса маңызды міндет саналды. Орыс ғалымдарының зерттеуі бойынша КСРО 1930-1931 жылдардағы астық дайындау науқанында жинақталған өнімнің жартысын шетелге шығаруды көздеген. Бірақ «Ұлы депрессия» астықтың құнын түсіріп, жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін экспорт көлемін ұлғайту қажеттілігін туғызған. Мұны сол тұстағы КСРО-ның жабдықтау жөніндегі халық комиссары Анастас Микоян мойындаған. Ол «Әрине, біз астық мәселесін шештік. Бірақ біз индустрияландыруға қажетті құралдарды сатып алатын қаражат керек болғандықтан астық экспортының бастапқы жоспарын ұлғайтуға мәжбүр болдық. Әлемдік дағдарыс ауыл шаруашылық өнімдері, оның ішінде біздің экспорт бағасының бірден құлдырауына әкеп соқтырды», – деген. Бұл жағдай астық дайындау жоспарының неге үнемі өсіп отырғанының айқын дәлелі бола алады.
Міне, капиталистік қоғамдармен идеологиялық қарама-қайшылықтың, шиеленісті сыртқы саяси ахуалдың салқыны елдің ішіндегі шешімдерден сезілді. Мемлекеттің және оның халқының шынайы мүмкіндігін, өңірлік ерекшеліктерді ескермеген биліктің жедел әрі қатігез әрекетінің себебі сыртқы саясатты қоса зерделегенде жақсы түсінікті болатын секілді. Осы жағдайларды назарға алар болсақ, Қазақстандағы ашаршылықты зерттеу ісінде де сыртқы саяси факторды есепке алған орынды деп санаймыз.
***
Сонымен қатар, ашаршылық ақиқатын түсінуде салааралық зерттеулерге басымдық берген жөн.
Бүгінге дейін ашаршылық тақырыбы негізінен тарихшылардың ғана зерттеу объектісі болып келеді. Тарихшыларымыз тақырыпты жан-жақты ашу үшін оған экономикалық, демографялық, этнологиялық және т.б. көзқарас тұрғысынан зерттеуге талпыныс жасап жүр. Дегенмен, бұл іске салалық кәсіби мамандарды тартпай, толымды нәтижеге қол жеткізу қиынға соқпақ.
Өйткені ашаршылықтың себеп-салдары сан тарапты, аса күрделі. Оны зерделеу ісінде тарихшыларымызға ғана сенім артып отыра беру орынсыз. Мәселен, жоғарыда біз ашаршылық ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық шешімдердің себебінен орын алғанын айттық. Міне, осының өзінде зерттеуге кемінде мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, әлеуметтану, экономика салаларының мамандарын тарту қажеттілігі білініп тұр. Ал оның салдарын зерттеуге демографтар, этнологтар, медицина мамандары, оның ішінде эпидемиологтар, психологтар және т.б. сала білгірлері жұмылатын болса, ашаршылықтың шынайы картинасы түсінікті бола түсетіні сөзсіз.
Мәселен, Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде сөз алған ғалым Сара Кэмерон ашаршылықтың халқымызға ұзақмерзімді әсерін түсіну үшін медициналық зерттеулер жүргізу қажет екенін айтты. Бір-ақ мысал. Тарихта «Қысқы соғыс» деген атпен қалған Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы қақтығыс тұсында финдер ұрпағын аман сақтап қалу үшін 80 000 баланы өзге елдерге, көбінесе Швецияға эвакуациялауға мәжбүр болған. Зерттеулер осы жағдайдағы психологиялық травманың келесі буынға берілгенін дәлелдеп шыққан. Зерттеушілердің қорытындысы бойынша кішкентай кезінде эвакуацияланған фин аналарынан туған қыз балалар эвакуацияға ілінбеген аналардан туған құрбыларымен салыстырғанда психологиялық ауруларға екі есе жиі шалдығады екен. Сол секілді қасіретті ашаршылықтың да біздің болмысымызға, сана-сенімізге, психологиямызға салған таңбасын зерттеу қажет деп ойлаймыз.
Осы аталғандарды есепке алсақ, ашаршылық тақырыбына салааралық ауқымда да назар салудың қажет екенін түсінеміз.
***
Бүгінде ашаршылық тақырыбы қоғамда қызу талқылануда. Түрлі пікірталастардан байқағанымыз, даудың көбі ашаршылыққа кім кінәлі, бұл ұлтқа қарсы қасақана жасалған қылмыс па, әлде қылмыс емес пе деген бағытта өрбуде. Сондықтан да, ашаршылық тақырыбы өзінің негізгі мән-мазмұнынан айырылып, тек құқықтық мәселеге айналып бара жатқандай. Ал, шындап келгенде, біз осынау нәубеттің себеп-салдарын терең, жүйелі әрі жан-жақты зерттейтін кезеңде тұрмыз. Әсіресе, ашаршылықты ұлттық шеңберде ғана емес, кеңестік әрі әлемдік кеңістікте, бірнеше саланың басын біріктіре отырып зерттеуге міндеттіміз. Осындай кеңауқымды зерттеулер жүргізілмей, ашаршылыққа қандай да бір кесімді баға беру еш мүмкін емес. Себебі ашаршылық бір қарағанда бәрімізге қолмен қойғандай түсінікті тақырып болып көрінгенімен, оның ашылмаған тұсы тым көп екенін мойындауымыз керек. Сондықтан, ғылыми ортаны алда ұзақмерзімді әрі кешенді зерттеу жұмыстары күтіп тұр деп сенімді айта аламыз.
Жасұланбек Майлыбай,
Мемлекеттік басқару магистрі.
Дереккөз: e-history.kz