Ой-толғау

Нығмет Нұрмақов және Алаш зиялылары

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» № 456 Жарлығының шығуы саяси қуғын-сүргін мәселелерін жан-жақты зерттеп, зерделеуге үлкен серпін беріп отыр. Тарихи құжаттың алға қойған мақсаты Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру болатын болса, сондай тұлғалардың бірі Алаштың ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері – Нығмет Нұрмақов.

Бесік жырының жауһарлары Тәттімбеттің күйіне ұласып, қазақтың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ол он үш жасында А.Байтұрсыновтай ұлы ағартушының алдын көріп, тәлімін алды. Қарқаралыда ұлт үшін ұран салған Алаш зиялыларының үніне құлақ түріп, ой-тамызық етті. Омбыда мұғалімдер семинариясына оқуға шақырып, білім алуына қамқорлық жасағандардың бірі аталас туысы Ақайдың Қасені заман ағымын дұрыс барлап, ұлт зиялылары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановтармен пікірлес, қарым-қатынаста болса, екіншісі осы оқу орнының оқытушысы, қазақ өлкесі тарихының білгірі А.Седельников Ә.Бөкейхановпен ежелден шығармашылық байланыста еді.

Әлихантанушы С.Аққұлының айтуынша, Самарада тұрған 1909-1917 жылдары Ә.Бөкейханов Ресейдің Санкт-Петербург, Томск, Омбы қалаларына еркін барып тұрған. Бір кездері өзінің қоғамдық-саяси қызметі қызу жүрген Дала өлкесінің орталығы Омбыға келіп, ежелгі танысы А.Седельниковпен, Қарқаралыдан осында жиі келіп жүретін саяси серігі Ж.Ақбаевтармен байланысын үзген жоқ. Біздің ойымызша, осындай бас қосуларда қазақ зиялыларының елден жырақта оқып жүрген қазақ жастарымен де кездесулері әбден мүмкін. Бұрын атын естігенімен кейін «Қазақтың» беттерінен қанық бола бастаған Ә.Бөкейхановпен Н.Нұрмақовтың танысуы жерлесі Ж.Ақбаев арқылы осы кезде басталды.

Семинариядағы Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ш.Әлжанов сияқты жастардың саяси ой-санасының оянуына Омбыдағы орыстың демократияшыл зиялыларының азаттық, бостандық идеяларымен қатар «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналындағы ұлт зиялылары көтерген мәселелер әсер етті. Олай дейтініміз қарастырылған уақытта олардан басқа қазақ тілді басылым жоқ. «Қазақ» газетінің бірінші нөмірінде А.Байтұрсыновтың: «өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет» деп, қазақтың ұлт ретінде өсіп-өркендеуінің жолдарын ортаға салуы өз елінің болашағы толғандырған жастарды бей-жай қалдырмады, санадағы сілкініс «Бірлік» ұйымының құрылуына әкелді. Өмірінің омбылық кезеңі, Алаш зиялылары көтерген азаттық идеялары Н.Нұрмақовтың саяси-ағартушылық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.

Н.Нұрмақовтың азаматтық ұстанымы мен қарым-қабілеті алғаш 1916 жылғы оқиғалар кезінде көрінді. Белгілі ғалым М.Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» монографиясында қарқаралылық дәрігер С.Шәлімбековке тоқталды. Тыл жұмысына баратындарға жәрдем көрсетіп жүріп, сүзек ауруын жұқтырып қайтыс болған оны жерлеу кезінде Ж.Ақбаевтың «25 июнь жарлығы шыққан соң халыққа насихат айтып, қазақты көндіруге себепкер болғанның бірі Сәдуақас еді. Басқа жерлерде қан төгілген, асылған, атылған көп, Қарқаралы қазағы бұл пәледен оқығандардың арқасында аман болды» деген сөзін келтіре келе, Алаштың орныққан әлеуметтік тірегінің болуы Қарқаралы өңірінде қанды оқиғаларға жол бермеді деген қорытынды жасайды. Қоғамның өзге әлеуметтік топтарына қарағанда мұғалім қауымының белсенділігін, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын өздеріне парыз санайтынын, әрі сол уақытта олардың саны саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, Н.Нұрмақовтың да таным-түсінігі олардан алшақ кеткен жоқ. «Қазақ» газетіндегі көтеріліске шықпауға, майдан жұмысына баруға үндеген Алаш зиялыларын қолдады, тыл жұмысына тізім жасау кезінде бай-болыстардың бұрмалаушылық әрекеттеріне қарсы шықты. Оның осы кездегі іс-әрекеті халық мүддесі жолындағы күресінің бастамасы болды.

Қарқаралы уезі Дегелең болысының тумасы, сол уақыттың куәгері, жазушы С.Бегалин Н.Нұрмақов жайлы «Асыл азаматты еске алғанда» атты естелігінде «майдан жұмысына баратын жігіттерге басшылық етем» деп, Қарқаралыдан аттанған жігіттерге мыңбасы болып, өзі тіленіп кетеді. Семейге келген оған губерниялық оқу инспекторы Скорковский рұқсат бермеген көрінеді», дейді. Н.Нұрмақовтың мұндай шешімге келуіне Алаш зиялыларының үндеуі себеп болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві қорындағы жеке ісіндегі өз қолымен жазған өмірбаянында «әуелде төңкерістің болғанына сенер-сенбесімізді білмедік. Екі аптадан соң жан-жақтан келген хабарлардан шындыққа көз жеткізгеннен кейін ғана іске кірістік», дейді Н.Нұрмақов Ақпан төңкерісінен кейінгі аласапыран кез туралы. Мұндағы «шындыққа көз жеткізгеннен кейін» деп отырғаны Минскідегі Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары қазақ өлкесіндегі 25 адамның атына бостандық күні туғанын айтып, халықты жаңа билікті қолдауға шақырған жеделхаттар жіберді және соның үшеуі Қарқаралыдағы Ж.Ақбаевқа, Қ.Ақаевқа, С.Бөкейхановқа жолданды. Алаш көсемі қазақ халқының ұлттық мәселелерін шешу үшін ел арасындағы беделді, пікірлес азаматтарға үміт артып, бірігуге шақырды. Олардың қатарына Н.Нұрмақов сынды оқыған, белсенді жастар да қосылды, ұлт көшбасшысына қолдау көрсетті.

Қазан төңкерісінен кейін 1918 жылы ақпанда Н.Нұрмақов Қарқаралы уездік депутаттар Кеңесіне кіріп, Кеңес өкіметінің шараларын жүргізуге қатысады. «Өзімізді большевик деп санағанымызбен большевиктік идеялардан мүлде хабарсыз едік», дейді ол өз өмірбаянында. 1918 жылы маусымда ақтардың контрреволюциялық бүлігінен кейін қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінен 1919 жылдың желтоқсанына дейін он үш ай түрмеде отырады. 1919 жылғы желтоқсаннан Қарқаралы уездік ревкомының мүшесі, төрағаның орынбасары. 1920 жылғы 16 наурыздан большевиктер партиясының мүшесі. 1920 жылдың қазаны – Кеңестердің Бүкілқазақтық бірінші съезінің делегаты. Жеке ісіндегі анкета осылай жалғасып кете береді.

Біз Н.Нұрмақовтың көп жайларды ашық, шынайы айта алмағанын айтқымыз келеді. Бұл ретте оның жеке ісі 1922-1924 жылдары толтырылғанын, өмірбаянының да осы кезеңде жазылғанын ескеру қажет. Коммунистік идеология кеңес қоғамын түгелдей шырмап, таптық көзқарас орнықты. Кез келген қызметкердің жеке бас құжатында әлеуметтік шығу тегі көрсетіліп, әрі оның кедей табынан екені міндетті болды. «Алаш» партиясы, Алашорда туралы айтуға тыйым салынды. Н.Нұрмақов та қатаң саясат, қатаң талаптан аса алмады. Н.Нұрмақовқа байланысты мақалалар мен естеліктерде оның табанды большевик болғаны, Қазан төңкерісін қуана қарсы алғаны, Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрескерлігі жайлы айтылады. Бүгінде бұл тұжырымдар қайта қарауды қажет етеді.

Архив құжаттары Н.Нұрмақовтың 1917-1918 жж. ұстанымы мен қызметі, оның Кеңес өкіметіне, большевиктер партиясына қатысы туралы бұрын белгісіз болып келген жайларды ашуға мүмкіндік береді. Солардың бірі – Н.Нұрмақовтың 1919 жылы 30 қаңтарда Қарқаралы түрмесінен қаладағы «Мұғалімдер одағына» жазған хаты. Хатта ол Ақпан төңкерісіне дейін туған болыс басқарушысы Қ.Ақаевқа аудармашылық қызмет еткенін, төңкерістен кейін уездегі бұрыннан келе жатқан Қ.Ақаев пен Ж.Ақбаевтың партиялары арасында текетірестің өршігенін, өзіне де әсері тигендіктен мұндай дау-дамайдан бейтарап болғанын, қазақ жастарының басын қосып «Дала одағы» ұйымын құрғанын баяндайды. Семейден келген облыстық атқару комитетінің комиссары Н.Құлжановтың талап етуімен екі партияның татуласып, ымыраға келгенін қуана қарсы алғанын да жасырмайды. Қазақтардың бірігуі биліктегі өздерінің ықпалын әлсіретеді деп қорыққан жергілікті орыс шенеуніктерінің екі партияның арасына от жағып, біріне бірін айдап салғанын, әсіресе Ковалев, Шеломенцев дегендердің белсенділігін, большевиктер туралы зор құлшыныспен айтқанын, 1918 жылы ақпан айының басында Кеңес өкіметін қолдап жоғарғы жаққа жеделхат жіберуге «Дала одағының» мүшелері мен басқа да ұйымдарды үгіттегенін, Ковалевтің депутаттар Кеңесін құру туралы қаулы шығарғанын баяндай келе, Н.Нұрмақов, бұған бастапқыда сеніп қалған өздерінің соңынан Ковалевтің арам ойы әшкереленген соң, барлық қаулылардан бас тартып, жойғандарын айтады.

«Бар-жоғы үш-төрт күн ғана болған Ковалевтің депутаттар кеңесінен соң Қарқаралыға Кеңес өкіметі мен большевиктерге қарсы арнайы үгіт жүргізген қазақ зиялыларының «Алаш» партиясының белгілі жетекшілері Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов келді», дейді Н.Нұрмақов әрі қарай жағдайдың қалай өрбігені жайлы. «Олар бізді, қарқаралылықтарды билікті басып алып, адамдарды аяусыз қырып жатқан большевизммен, жалпы орыс большевиктерінің іс-әрекетімен таныстырды. Өз халқының жақсылығын қалайтын әрбір азамат төніп келе жатқан қауіптен қандай да бір жолмен құтқару идеясын ұсынды. Ақпан айының соңында Қарқаралыда Запастағы солдаттар Одағының бастамасымен Кеңес өкіметі қайта ұйымдастырылып, кейін ол Қызыл Армияға айналдырылды. Бұл күшке қарсы тұру мүмкін еместігін білген қазақ халқы бүкіл Семей облысын большевиктер басып алғандығына, сондай-ақ қазақтардың өздерінің нақты күші мен өзара келісімнің жоқтығына байланысты өз өкілдерін депутаттар Кеңесіне жіберуге, сол арқылы Орталықтағы большевиктер ықпалының алдын алу және жергілікті жердегі большевиктерді ішінара бәсеңсіту, жою туралы шешім қабылдады, солай болды да. Мен соңғы депутаттар Кеңесін ұйымдастыруға қатысқан жоқпын және оған халықтың талабымен, алдымен «Дала одағынан», кейінірек қазақ депутаттары Кеңесінің жеті өкілінің ішінде кірдім. Сондай-ақ, қазақ депутаттары Кеңесін жоғарыда аталған мақсатты іске асыру үшін уездің барлық қазағы бірігіп құрғанын еске салуды қажет деп санаймын. Мен уездік депутаттар Кеңесінде болған кезімде мүмкіндігінше кез келген большевизм мен зорлық-зомбылықтан ада «Алаш» партиясының бағдарламасын ұстандым». Осылайша мән-жайды түсіндірген Н.Нұрмақов большевик болмағанын, ешқашан большевиктік әрекет жасамағанын, бұған «Мұғалімдер одағындағы» әріптестерінің кепіл бола алатынын ағынан жарыла келе, тек жастық пен тәжірибесіздіктің, партиялық текетірестің әсерінен осындай жағдайға түсіп қалғанын айтып, өзін ақ гвардияшылардың түрмесінен құтқарып алуды өтінеді.

Ұлттардың теңдігі мен бостандығын жариялаған Кеңес өкіметінің ұрандары соғыс пен ауыртпалықтан қажыған халықтың көпшілігінен қолдау тапқаны мәлім. Бірақ Уақытша үкіметті жақтайтындар Кеңес өкіметіне табанды қарсылық көрсетті. Солардың қатарында большевиктер билігін заңсыз деп таныған «Алаш» партиясы да болды. Олар халықты Кеңестерді мойындамауға, оған қарсы күресуге, ұлттық әскер, милиция құруға шақырды. Кеңес өкіметінің Қазақстанның аймақтарында бірдей орнықпағаны, Жетісу, Семей облыстарында аса күрделі, қарулы күрес нәтижесінде орнағаны белгілі. Семейдің өзінде Омбыдан арнайы 100-ге тарта большевикті жібергеннен кейін 1918 жылы 17 ақпанда билік Кеңестердің қолына көшті (Қазақстан тарихы. Бес томдық. 4-том. 2010. 129 бет). Ал өндірісі мен теміржолы, жұмысшы табы жоқ, негізгі халқы жергілікті қазақтардан тұратын Қарқаралы сияқты түпкірдегі өңірге большевиктік идеялар тарала қоймады. Керісінше, халық қазақ оқығандарының идеяларымен, үгіт-насихатымен жақсы таныс болды әрі ол идеялар халыққа жақын, түсінікті болатын. Мәселен, Семей облыстық қазақ комитетінің органы «Сарыарқа» газетінің 1917 жылдың желтоқсан айындағы санында «Қарқаралыға Әлихан (Бөкейханов) мен Ахметтен (Байтұрсынов) милиция жасауға жеделхат келгені, соған сәйкес қазақ, мұсылман комитеттерінің қабылдаған қаулысын қала халқы құптап, екі күн ішінде 5000 сом ақша жинағаны, милицияға өздерінің балаларын бергені» туралы айтылады («Сарыарқа» газеті. 1917 жыл / Құраст. проф. Ғ.Әнес. – 2017. 331-333 беттер.). Бұдан Қарқаралы халқының кеңестік билік үшін күреспегені айқын көрінеді. Олай болса, Н.Нұрмақовтың уезде Кеңес өкіметі әскер күшімен орнады, қазақтардың қолдауы оларға қарсы тұра алмағандықтан деуі шындыққа жақын және оның «большевиктік идеялардан хабарсыз едік» дегенін бекіте түседі.

1917 жылдың қазан айларында «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары қалыптасып, Семейде, Омбы мен Орынборда Ә.Бөкейхановтың өзі бас болып партия бағдарламасын таратып, үгіт-насихат жүргізді (М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. І том. – 2008. 395-396 беттер.). Қарқаралыда бұл жұмысты Алаштың тірегі болған қазақ комитеті атқарғандықтан уездегі зиялы қауым «Алаш» партиясының бағдарламасымен таныс болды. Сол уақытта Н.Нұрмақовтың қатарластарының арасында күні кеше «Бірлікте» өзімен бірге жүрген «үстінен халықтан сексен арыз түскен, 1916 жылы қазақты қан қақсатқан Олжабай тәрізді адамдардың батасын алған партияда бола алмайтындығын» айтып, бас тартқан С.Сейфуллин де, партия бағытымен келісіп, оған мүше болған М.Жұмабаев, А.Сейітов, т.б. болды. Н.Нұрмақовқа келсек, оның көзқарасы мен таным-түсінігі партияға кіргендерден алшақ кеткен жоқ. Оның «Алаш» партиясын қолдап, берік ұстануы партия бағдарламасының қазақ халқының мұң-мұқтажы мен мүддесіне сай келуінен және өз мақсатымен үндестігінен болды.

Осы жерде «Н.Нұрмақов неге «Алаш» партиясына кірген жоқ?» деген сұрақтың тууы заңды. Мұны былайша түсінген жөн. Н.Нұрмақов қызмет етіп, араласқан ортада Алаштың жетекшілерінің бірі Ж.Ақбаев, Н.Орманбетұлы т.б. қоғамдық-саяси өмірде ысылған белсенді күрескерлер болды. Олар жас жағынан да, білім жағынан да Н.Нұрмақовтан әлдеқайда жоғары еді. Семейдегі облыстық қазақ комитетінің мүшелері Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасовтар жоғары білімді белгілі қайраткерлер, Б.Сәрсенов, А.Қозыбағаровтардың орта арнаулы білімдерімен қоса Н.Нұрмақовтан бір мүшел үлкендіктері болды. Сондықтан да саясаттың қазанында қайнап, ысылған серкелермен бірге қала, губерния деңгейінде қызмет істеп, тәжірибе жинаған танымал тұлғалардың «Алаш» партиясына бірінші болып кіруі даусыз болатын.

Біздің ойымызша, Қарқаралы уездік депутаттар Кеңесіне қазақтардың өз өкілдерін жіберуі дұрыс шешім болды, өйткені ендігі уақыт­та қазақ халқының мүддесін шешу тек ресми билік арқылы ғана мүмкін еді. Сондай-ақ, большевиктер жүргізген әлеуметтік-экономикалық шаралардың отаршылдық пен соғыстан, аштықтан күйзелген халықтың көңілінен шыққанын да ескерген жөн. Сондықтан мақсаты туған халқының мұң-мұқтажы мен талаптілегін жүзеге асыру болған Н.Нұрмақов жергілікті кеңестік биліктің құрамында ел ішіндегі күйзелісті жою, халықтың әл-ауқатын көтеру, оқу-ағарту жұмыстарына белсене араласты. Сол уақытта досы С.Сейфуллинге жазған хатында «…Бұрынғы патшаның тепкісінде жаншылған халықтарға теңдік беріп, адам санына санайтын жалғыз большевиктер партиясы екеніне көзім жетті. Сол себепті мен де большевик болдым…» деуі осыдан болса керек.

1920 жылы 1 ақпанда Қарқаралы уездік ревкомы ревком құрамын қайта құру туралы мәселе қарап, «Нұрмақовты коммунистік партия қатарында жоқ және «Алашорда» қазақ ұйымының мүшесі болғандықтан ревком төрағасының орынбасары және мүшелігінен шығару» туралы қаулы қабылдады. Жаңа құрамға бірауыздан Спирин, Блощицын, Базилевич және Михеев сайланды. Кейінгі отырыстар хаттамаларында Н.Нұрмақовтың аты кездеспейді.

«Нұрмақов пен Керейбаев коммунистік партия қатарына кіруге өтініш жазды», дейді Қарқаралы ревкомының төрағасы С.Радченко 1920 жылы 1 наурызда губерния орталығы Семейге жолдаған жеделхатында. Н.Нұрмақов өміріндегі бетбұрыс кезең осы болды. Мақалаларда Н.Нұрмақовтың большевиктер партиясына кіруіне оның кеңестік идеяларға берілгендігі, Омбы большевиктерімен, Қарқаралыдан Омбыға ауысқан бұрынғы ұстазы Е.Полюдовпен хабарласып тұруы, олардың ақыл-кеңестері себеп болғаны айтылады. Бұл – біржақты пікір. Біз бұл жерде басқа да факторлардың бар екенін айтқымыз келеді. Әлбетте, Колчактың түрмесінде он үш ай отырып, өлім аузынан қалған Н.Нұрмақовтың Кеңес билігіне бас ұрып, уездік коммунистік бастауыш ұйымға бірінші болып кіруі керек еді ғой. Ревком төрағасының орынбасары ретінде әрі қазақтар арасынан коммунист болып, көш бастап үлгі көрсетуі де керек еді, олай болмады. Сананы мазалайтын сұрақ біреу: «Неге?».

Н.Нұрмақов ХХ ғасырдың басында отаршылдыққа қарсы азаттық, бостандық идеялары туған, әйгілі «Қарқаралы петициясы» жазылып, Алаш қозғалысы бастау алған ортада туып өсті. Қозғалыстың жетекшілері есейе келе оның күрескер ұстаздары болды. Ол қазақ халқын отаршылдық езгіден құтқаруда Алаш зиялыларының идеяларына сенді, олармен жақын араласты, олар құрған «Алаш» партиясының бағдарламасын қолдады. Мемлекет билеу түрі, автономия мәселелеріне терең бойлай қоймаса да бағдарламаның ұлттық мүддеге ұйысқан шешімдері түсінікті еді, сондықтан аумалы-төкпелі кезеңде оны темірқазық етті. Ол бай-кедей деп бөлмей барша қазақтың қамын ойлады. Уездік ревком құрамына бастапқыда қазақтардан жалғыз Н.Нұрмақовтың кіріп, әрі төрағаның орынбасарлығына тағайындалуы оның қазақтар арасындағы беделінен, ұстанымы мен табандылығынан болды. Олай болса, Н.Нұрмақовты Алашорда қазақ ұйымының мүшесі деуде негіз де жоқ емес. Оның коммунист болуға құлшынбауы да осыдан.

Мәселеге байланысты Н.Нұрмақовты тергеу материалдарына зер салайық. 1937 жылы 3 маусымда тұтқындалған Н.Нұрмақовқа маусым айында үш рет тергеу жүргізген. 4, 15, 25 маусым күнде­ріндегі тергеу кезінде ол ешқашан контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі болмағанын айтады. 23 шілде күні берген жауаптары назар аударуды қажет етеді.

Сұрақ: Сіз БК(б) П қатарына кіргенге дейін басқа саяси партияға мүше болдыңыз ба?

Жауап: Мен 1920 жылға дейін кеңеске қарсы ұлтшыл Алашорда партиясына мүше болдым.

Сұрақ: Сіз Алашорда партиясынан ресми түрде шықтыңыз ба?

Жауап: Мен Алашорда партиясынан шығу туралы ресми өтініш берген жоқпын.

Сұрақ: Коммунист бола жүріп сіз өзіңіздің бұрын Алашорда партиясында болғандығыңызды мәлімдедіңіз бе?

Жауап: БК(б)П қатарына өткен кезде менің оған дейін Алашорда партия ұйымында болғаным белгілі болатын.

1937-1938 жж. қуғын-сүргін кезінде партия кеңес қызметкерлерінің көпшілігіне олардың оппозициялық топтармен байланысының кез келген түрі айып болып тағылды. Бұрын большевиктік емес партияларға кірген ұлтшылдар соңғы уақытқа дейін Кеңес өкіметіне қарсы жасырын «контрреволюциялық әрекет» етіп келді деп айтылды. Оларға «Алаш» партиясының өкілдерін де кіргізді. Тұтқындалғандардың осал тұсы да ұлттық партияларға қатысында болды. 1937 жылдан бастап И.Сталиннің рұқсатымен «қажет» «дәлелдер» алу, «айыбын» мойындату үшін тұтқындарға күштеу, қорлау әдістері қолданылды. Жалған куәгерлер, өтірік көрсетулер жасалды, тергеушілер хаттамаларды ойдан құрастырды. Сондай-ақ, мұндайда адамның шынын айтуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Біздің ойымызша, алдыңғы тергеулерде Қазақстандағы ұлттық мәселелердің шешілуі, оған Алаш зиялыларының қатысы егжей-тегжейлі зерттеліп, тергеушілердің Н.Нұрмақовтың ұлттық мүддені қорғаған әрекеттерін ұлтшылдыққа айыптауға «бұлтартпас айғақ» деп тауып, ұлтшылдығының түп-төркіні Алашордаға тірелген кезде жасырмай шындықты айтуға бекінген болуы керек. Қалай болғанда да жоғарыда біз зердеден өткізген мәселелер, Н.Нұрмақовтың өзінің сөздері оның тергеу кезіндегі көрсетулерімен сәйкес келеді. «Алаш» партиясына ресми мүше болмағанымен Н.Нұрмақовтың жауаптарының негізінде оның партия бағытын ұстанғаны, Алаштың жолымен жүргені айдан анық.

Сәуле ҚАСЫМОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Egemen.kz

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button