«Біз Отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылысынан нәр аламыз…»

Жат елде жүрсе де, туған халқының азаттығы жолындағы күресін тоқтатпаған Мұстафа Шоқай «Біз Отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылысынан, жерлестеріміздің рухани көмегінен нәр аламыз» деп жазғанында өзінің бүкіл өмірін арнаған тәуелсіздік идеясы түптің-түбінде іске асатынына сенген болар. Бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізген біз – жерлестері Шоқайдың есімін кезінде кеңес өкіметі жаққан күйеден арши алдық па?

Кеңес өкіметі Мұстафа Шоқайды «сатқын» деп жариялап, онымен үндес пікір айтқан немесе айтуы мүмкін адамдарды «шоқайшылдар» деп айыптады. Ал Шоқайдың «сатқындығы» туралы идея қайдан шықты? Олар, біріншіден, Шоқай басқарған «Түркістан ұлттық бірлестігінің» Еуропада құрылған эмигранттық ұйым «Прометей Лигасының» аясында әрекет еткенін тілге тиек қылады. Осыған орай, Польша архивтерінің материалдарына жүгінейік.

«Прометей Лигасы» 1928 жылы құрылып, екі жылдан кейін Парижге көшкен, оны үнемі Польша үкіметі қаржыландырып отырған. Ресми жетекшісі бұрынғы Грузия үкіметінің басшысы Н.Жордания болған бұл одақ саяси клуб тәрізді болды, оған грузин социалистерінің, әзербайжан муссаватистерінің ұйымдары, түркістандықтардың «Түркістан ұлттық бірлестігі» ұйымы, Қырым татарларының «Ұлттық партиясы», татарлар мен Солтүстік Кавказ, украин эмигранттарының ұлттық ұйымдары кірді. «Прометей Лигасының» басшы органына әрбір ұйымнан екі өкіл, соның ішінде түркістандықтар атынан Мұстафа Шоқай мен Осман Қожа кірді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде бұл ұйым антигермандық көңіл күйде болды. Дағыстандық эмигрант, аталған ұйымның мүшесі Әлихан Кантемір «Кавказ мәселесі. Кавказ және Кеңес өкіметі» деген еңбегінде «Прометей лигасының» Парижде тұрған қайраткерлері ағылшын-француз одағын қолдаушыларға көмек беру ниетінде болды деп жазады. Алайда, фашистік Германия Батыс Еуропаны басып алған соң бұл ұйымның әрекеті де тоқтап қалды. Ұйымның «Прометей», «Жас Түркістан», «Истиқлал», тағы басқа баспасөз басылымдары кеңес өкіметінің ұлттық саясатын сынады, орыстандыру әрекетінің сырын ашты, сөйтіп, кеңес өкіметінің әлемнің халықтары алдындағы беделіне зиянын тигізді, Кеңес Одағын сынаушыларға дәлелдер тауып берді. «Прометей» ұйымы Кеңес Одағының ұлттық аймақтарында жүргізіліп жатқан орыстандыру саясаты, тағы басқа әртүрлі шараларға наразылықтарын білдіріп, Ұлттар Лигасына хаттар жолдап отырған, осы әрекеті арқылы бұл ұйым Кеңес Одағының халықаралық беделіне нұқсан келтірген болуы да мүмкін.

Соғыстың алғашқы айларында мил­лиондаған кеңес жауынгері тұтқынға алынып, олардың ішінде кеңестік шығыс халықтарының өкілдері де бар екендігі белгілі болған кезде Германияның Сыртқы істер министрлігі Кавказ бен Түркістан халықтарының ұлттық тәуелсіздікті аңсаған ниеттілектерін пайдалану мақсатымен Түркиядағы және Еуропа елдеріндегі эмигранттар және олардың ұйымдары туралы мәліметтер жинастырды. 1941 жылы 9 тамызда Ыстанбұлдағы герман елшілігі «Прометей Лигасының» беделді қайраткерлеріне сипаттама берді. Мұндағы Шоқай туралы мәлімет мынадай: «Мұстафа Шоқаев, қырғыз, ұзақ жылдан бері ақ орыстардың белгілі жетекшісі Милюковтың пікірлесі, соның Парижде шығаратын газетінің тұрақты тілшісі, өзі Берлинде жеке журнал шығарады, оны профессор Йешке мен Сыртқы істер министрлігіндегі Ә.Ыдырыс мырза жақсы біледі». Германия Сыртқы істер министрлігі саяси бөлімнің қызметкері Әлімжан Ыдырысқа осы хатта аталған адамдарға жеке-жеке сипаттама беру тапсырылды. Ол 1941 жылы 5 қыркүйекте жазған баяндамасында Мұстафа Шоқай туралы елшіліктің хатында берілген мәліметтер дұрыс екендігін айта келіп, Шоқайды «ұлтшыл емес», «жартылай орыс», «бұрын орыс-еврей, кейін поляк-еврей марксистеріне қызмет еткен, демократияны жақтаушы, бүгінгі Германияның жауы» деп сипаттап, Шоқай сияқты сенімсіз адамды Германиямен ынтымақтастыққа шақыру аса күдікті әрекет болады деген қаупін білдірді. Ал Ыды­рыс немістер үшін айрықша сенімді адам болатын, оның эмигранттарға қатысты күдігі немесе сенімі ескерілмей қалмайтын (Әлімжан Ыдырыс ‒ Сібірдің тумасы, ұлты татар, Бұқарада оқыған, бір жылға жуық Қазақстанда мұғалім болып қызмет атқарған). Осындай жағдайда не себептен немістер Шоқайды Парижден Берлинге алып келді? Мұстафа Шоқайды Еуропадағы шығыс халықтарының мәселесімен айналысатын мамандар мен дипломаттардың барлығы түркі эмигранттарының ішіндегі ең көрнекті тұлға ретінде сипаттайтын, сондықтан немістер осындай беделді қайраткерді өз мақсатына пайдалануға тырысты.

1941 жылдың жазында тұтқын лагерьлерін аралау, орыс емес тұтқындардың санын анықтау және олардың көңіл-күйін бағдарлау мақсатымен құрылған 25 комиссияның құрамындағы 600-ге жуық адамның ішінде кеңестік шығыс халықтарының барлығының өкілдері – саяси эмигранттар болды. Сыртқы істер министрлігі жанында құрылған Ресей комитетінде кеңестік шығыс халықтары мәселесімен айналысатын маман фон Хентигке жіберген хатында дипломат Рудольф Надольны «тұрандық тұтқындар мәселесін талқылау үшін Розенберг Парижден Мұстафа Шоқайды алдырды» деп жазды. Мария Шоқайдың естеліктерінен де Мұстафа Шоқайды нацистер Францияда 1941 жылдың 22 маусымында тұтқынға алғанын, кейінірек босатқанын, ал тамыз айының басында әскери адамдар келіп, Берлинге алып кеткенін білеміз. Демек Шоқайды Германияға Розенбергтің мекемесі алдыртты. Шығыс министрлігі тізім жасап, барлық эмигрантты комиссияға өздері шақырып кіргізді. Жан-жақтан аудармашылар іздеген кезде, тіпті Германияда білім алып жатқан студент жастарды да жинаған.

Комиссияның алдына қойылған міндет – тұтқындардың туып-өскен жерін, білімі мен мамандығын және көңіл күйін анықтау. Онда тұтқындардың жалпы саны және әскери дәрежелері, білімдері, тамақтануы, киінуі, көңіл күйі түгел есепке алынған. Кеңес өкіметі Мұстафа Шоқайдың тұтқын лагерьлерін аралауын тілге тиек қылып, оны легионды құрушы деп айыптады. Алайда, комиссияның жұмысы кезінде кеңестік тұтқындардан легиондар құру туралы мәселе әлі шешілмеген болатын.

Біздің жергілікті зерттеушілердің еңбектері, негізінен, неміс зерттеушісі Патрик фон цур Мюленнің кітабында берілген мәліметтерге негізделген (бұл кітап түрік тіліне аударылған, сондықтан көпшілікке қол жетімді). Ол автордың еңбегі, әрине, құнды екені даусыз. Алайда, Мюлен архив материалдарымен қоса, Каюммен кездесіп, оның өз аузынан алған сұқбаттарға сүйенеді. Мюленнің еңбегінде Вели Каюм мен Шоқайдың соғыс кезіндегі іс-әрекетін бағалауда тым субъективті ұстаным бар екенін ешкім ескермейді. Мәселен, Мюлен: «Эмигрант Вели Каюм соғыстың алғашқы апталарында оның тұтқын лагерьлеріндегі жерлестеріне аса қатал қараушылыққа наразылық білдірген», деп жазады. Соғыстың алғашқы апталарында Германиядағы Каюмның түркістандық тұтқындардың жағдайы қандай екенін білуі мүмкін емес еді. Өйткені Гитлердің бұйрығы бойынша кеңестік тұтқындар қатарындағы азиялықтарды Герман империясының жеріне әкелуге тыйым салынды. Олар Польша және басқа басып алынған жерлердегі лагерьлерге орналастырылуы тиісті болды. Сондықтан хатты лагерьлерді аралаған комиссия мүшесі ғана жазуы мүмкін. Сондай-ақ Каюм ол кезде неміс ғалымдары мен эмигранттар арасында мүлде белгісіз, жалпы алғанда, Германияда аты шықпаған адам болатын. Демек Мюленнің бұл пікірі Каюммен жеке кездесіп, сұқбат алуының нәтижесінде туған болуы мүмкін. Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафа Шоқайдың лагерьдегі түркістандық тұтқындардың ауыр жағдайына ашық наразылық білдіріп, неміс әкімшілік орындарына хат жазғаны, оны тиісті орындарға тапсыру үшін В.Каюмге бергені, Мұстафа Шоқай қайтыс болғанда Берлинге келген Мария Шоқайға Каюм осы хаттың көшірмесін бергені туралы айтылады. 1941 жылдың қарашасында Мұстафа Шоқайдың Марияға жазған соңғы хатындағы мына бір жолдар оның лагерьлердегі қандастарының ауыр жағдайына жаны ашыған қынжылысын, сондай-ақ фашистердің айуандығына деген жеккөрушілігін де бейнелегендей: «Осы бақытсыз жандарға көмек бере алмайтыныма жаным ауырады. Олар менен көмек сұрайды және көмектеседі деп үміттенеді. Мен сөз бердім, бірақ оны орындай алмайтынымды білемін, әйтеуір, жұбату үшін айтамын. Оларға көмектесуге дәрменім жоқ екенін біле тұра, алдауға мәжбүрмін. Бұған ендігі жерде шыдай алмаймын. Одан да өлгенім жақсы. Кеше 35 адамды өлімнен алып қалдым, бірақ бұл қаншалықты ұзаққа созылар дейсің? Қазір қараша айы, ал олардың кейбіреулері жаздық киім киген, әлдебірі жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін қолмен шұңқыр қазуға мәжбүр. Оларға итке бергендей нан лақтырады, ал су беру ойларына да келмейді. Мен оларға қандай да бір төсеніш беруді сұрадым. Берді ме, жоқ па, белгісіз. Бұл «өркениеттілер» аңнан бетер айуан екен. Менің жанымда Каюмхан бар. Есіңде ме, ол Ножанға келіп кеткен болатын? Ол арқылы немістерден түркістандық тұтқындардың жағдайын қалайда бір жақсартуды өтіндім. Ол оны біреулерге жеткізді. Бірақ нәтиже шығар-шықпасы белгісіз. Ондаған шақырым жүріп, лагерьлерді аралаудамын. Әл-қуатым азайып барады. Менің жан дүниемнің қаншалықты қажығанын сен онсыз да білесің ғой. Өлгім келеді. «Ажал» деген сөзбен хатымды аяқтаймын». Осы хатты жазған соң көп ұзамай, 1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқай Берлиндегі ауруханада қайтыс болды. Қандастарына жаны ашып, көмектесуге жанұшыра ұмтылған, еуропалық өркениетті ұлт болған немістерден түңіліп, реніш пен өкініш жанын жегідей жеген үлкен жүректі адам осы жағдайдан кейін фашистермен ынтымақтасуға барар ма еді? Сондай-ақ архив құжаттарына жүгінсек, легион құруды іс жүзінде бастау, легионға адамдарды жазу 1942 жылдың көктемінде басталған.

Шығыс министрлігі түркістандықтар ішіндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайды түркі тектес тұтқындардың арасында жүргізілетін үгіт-насихат жұмысында пайдалану үшін алып келген еді. Алайда, Шоқайдың лагерьлерді аралаған кездегі көңіл күйі бұл мақсатқа сай келмей қалды. Сондықтан да болар, нацистер Мұстафа Шоқайға күдікпен қарап, оның өмірбаянын қайта тексерген сияқты. Сыртқы істер министрлігінің архивінде болған кезде Шоқай қайтыс болғаннан кейін жазылған анықтамаға қатысты жазбаларды тауып алдым. Мұстафа Шоқайдың қазасы туралы анықтаманы мазмұнын келісу үшін Сыртқы істер министрлігіне жіберген. Министрліктің қызметкері анықтаманың Шоқайды «Түркістан ұлттық комитетінің жетекшісі және алғашқы Түркістан ұлттық үкіметінің бұрынғы басшысы» деген жолдарына күдік білдіріп: «Жалпы алғанда, Шоқайоғлы бүкіл Түркістан үкіметінің емес, жеке Қоқан ұлттық үкіметінің жетекшілерінің бірі болған. Ал ол жетекшісі болды деп аталған «Түркістан ұлттық комитеті» бұл жерде аса белгілі емес. Берлинде одан басқа, жалғыз түркістандық Вели Каюм бар, анықтамаға да сол қол қойыпты, ал оны Түркияда тұратын түркістандықтардың көпшілігі білмейді», деп жазған. Құжаттағы «Түркістан ұлттық комитеті бұл жерде аса белгілі емес» деген сөздер Шоқай басқарған кезде бұл ұйымның фашистерге қызмет етпегенін көрсетеді.

Германияның архивтеріндегі Түркістан легионының құрылуына қатысты 1941-1942 жылғы бұйрықтар, есепті баяндамалар, анықтамалықтар, т.б. архивтік құжаттарда М.Шоқай есімі мүлде аталмайды, ал 1943-1945 жылғы құжаттарда ол Түркістан ұлттық бірлестігінің бұрынғы жетекшісі ретінде ғана аталған. Тұтқындардан ерікті әскер бөлімдерін құру сияқты маңызды мәселені фашистерге өте сенімді адамдар ғана көтере алатын еді, ал Парижде тұрған, Берлинге немістер өздері алып келген адамға осындай ұсыныс жасай ала ма? Жоғарыда аталған Ә.Ыдырыстың сипаттамасына қарасақ, Германияның қауіпсіздік мекемелерінде М.Шоқай туралы «сенімсіз эмигрант» деген пікір қалыптасқан сияқты. Германияның архивінен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ГДР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне татар эмиграциясының белгілі өкілі туралы материал жинауды тапсырған хатын көрдім, ал Шоқайға байланысты мұндай тапсырыс берілмеген. Мұстафа Шоқайды Түркістан легионын құрушы ретінде қарау шындыққа сәйкес келмейді.

Шоқай Еуропадағы кеңестік эмигранттар арасында танымал адам және ол жай ғана саясаткер емес, ғалым ретінде де белгілі болды. Оның еңбектері Батыс елдеріндегі Түркістан тарихымен айналысатын ғалымдар үшін сенімді дерек көзі ретінде саналды. Шоқайдың халықаралық мәселелерге жазған мақалалары оның дүниежүзілік соғыстар аралығындағы халықаралық қатынастарды, ондағы ірі мемлекеттердің рөлін, өзіндік мақсаттары мен дипломатиялық «ойындарын» терең түсініп, талдау жасағанын көрсетеді.

Соңғы жылдарда архивтердің бұрын құпия болып келген көптеген қорларының ашылуы белгілі қазақ зиялыларының өмірін, өзара қарым-қатынасын толық зерттеуге мүмкіншілік берді. Бұл бағытта бірқатар көзге түсер зерттеу басылып шықты. Алайда, кейбір сәттерде жеке тұлғалардың идеялық қайшылықтарын, саяси позициясының айырмашылығын түсіндіру орнына жеке бас араздығын талдап кететін жағдайлар да бар. Ал Мұстафа Шоқайдың өз әріптестерімен қарым-қатынасында жеке бас араздығынан жоғары тұрғандығын, оның кейбір көрнекті эмигранттармен келіспеушілігі идеялық айырмашылық пен саяси күрестің тактикасы мәселесіне қатысты болғандығын оның хаттарынан көруге болады. Ол эмиграциядағы саяси күштердің бірлігі қажет екендігін, ал өзара әртүрлі түсініспеушіліктер ортақ мақсатқа кесірін тигізбеуі тиістілігін үнемі ескертіп отырған. Мәселен, 1930 жылы Заки Уәлидидің (Валидовтың) өз әріптестерімен қақтығысы кезінде ол Уәлидидің саяси көзқарастарын сынай отыра, оның ғылыми жұмыстарын жоғары бағалаған. Польша үкіметі мен эмигранттар арасындағы байланыстарды іске асыратын қызметкер Шоқайдан Уәлиди мен басқа түркі эмигранттары арасындағы қақтығысты түсіндіруді өтінген. Шоқайдың 1930 жылы 27 мамырда жазған жауап хатында мынадай жолдар бар: «Валидовтың саяси мәселелер бойынша кейбір, шындықты айтсақ, көптеген пікірлерінің даулы екендігін біле отыра…, мен Валидовқа ғылыми сипаттағы мақалалар жазуға мүмкіншілік беруді жақтаймын. Ол ғажап эрудит, біздің тарихымызды, этнографиямызды жақсы біледі, оның әрбір мақаласы аса құнды және басылымның мазмұндық әрін күшейте түседі, … оның біздің халқымыз бен руларымыз туралы жазғандары – аса құнды дүниелер. Валидовтың «татарды жеккөрушілік» және қазақтардың саяси мүмкіндіктерін асыра бағалаушылық сезімі ауруға айналған (сондай-ақ кейбір татарлар «валидовты жеккөрушілік» ауруына шалдыққан), ол өзбектерге, яғни біздің еліміздің отырықшы бөлігіне қатысты скептицизм, ал кейде ашық түрде салқын қараушылық… көрсетеді. Оның бұл жеке «қасиеттері» саяси қызметінде де тым айрықша көрініс тапқан. Түркістандықтар мен татарлар арсындағы үнемі қайталанып отыратын түсініспеушіліктер осыған байланысты, сондай-ақ түркістандықтардың өздерінде қазақтар мен өзбектерге бөлінушіліктің болу мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Бұл – біздің болашақ саяси жұмыстарымыз үшін, біздің еліміздің болашағы үшін аса қауіпті жағдай. Валидов біздің еліміздің ескі тарихының жақсы білімпазы болғандықтан, әрине, ескі салттарды сақтап қалған тайпа ретінде қазақтарды көшпелі ата-бабалардың «ежелгі қазынасын» жоғалтып алған өзбектерден жоғары қояды. Жеке қасиеті бойынша жалпы прогресшіл Валидовтың (ол социалист-революционер… болған) бойында саясатқа келген кезде тарихшы-архивариус жоғары шығып кетеді. Ол өзінің архивтік білімдерінің қуатты күшінің салдарынан саяси сауаттылықтың әліпбиін ұмытып кетеді… Сондықтан менің ойымша, біздің Ыстанбұлдағы жолдастар оның ғылыми мақалаларын шын ниетпен қабылдайтын болар, олардың маңыздылығы және бізге қажеттілігі саяси мақалалардан әсте кем емес. Валидовты – ғылыми мақалалардың авторын – кез келген адам құрметтейтін және жариялайтын болады, алайда Валидов – саяси мақалалар авторы – өте көп қарсылыққа кездеседі». Осылайша ол түркі эмигранттары арасындағы кейбір кикілжіңді өршітпеуге, оларды бір ғана мақсат ‒ Түркістанның азаттығы жолындағы күреске бағыттауға тырысты.

Сталин өкіметінің Қазақстан мен Орта Азияның зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, енді бас көтеретін ешкім жоқ деп тыныштануына Шоқайдың Еуропадағы іс-әрекеті, кеңес өкіметінің саясатын әшкерелеуі бөгет болды. Кеңес өкіметінің Шоқайды аса қауіпті жау санауы да осы себептен туған болар. Олар Шоқайдың тәуелсіздік туралы идеялары Кеңес Одағы тұрғындарының елеулі бөлігін құрап отырған түркі халықтарына ықпал жасауынан қауіптенді. 1928 жылы желтоқсан айында КСРО Орталық Атқару Комитетінің 4-сессиясында Өзбекстан үкіметінің баяндамасын талқылау барысында Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Кеңестердің билігінде» деген еңбегі қатты сынға алынды. Кеңес өкіметін осы еңбекке қатысты айрықша алаңдатқан жағдай – оған Француз Социалистік партиясының жетекшілерінің бірі Ренодельдің алғысөз жазуы, онда Түркістан бұрынғы патшалық Ресей кезіндегідей қазір де отар болып отыр деп көрсетуі еді. Бұл сөз Кеңес Одағының әлем халықтары алдындағы беделін түсіріп, батысеуропалық қоғамда кеңес өкіметі туралы жағымсыз пікір қа­лыптастыруы мүмкін еді.

Большевиктер өкіметі 1921 жылдың 15 желтоқсанында кеңес елінің төлқұжатын 1922 жылдың 1 маусымына дейін алмаған эмигранттар кеңес азаматтығынан айырылады деп мәлімдеді. Мұстафа Шоқай және басқа бірқатар түркі эмигранты 1922 жылдың 1 маусымына дейін кеңестік төлқұжат алған жоқ және алуға тырыспады да. Олар шетелге эмиграцияға кеткен кезде Кеңес Одағы құрылған жоқ, демек, олар ешуақытта КСРО азаматы болған емес. Олардың Отаны – Кеңес Одағы немесе Кеңестік Шығыстың жеке-жеке республикалары емес, 1924 жылға дейінгі тұтас Түркістан (Батыс Түркістан) болатын. Олар осы Отанының азаттығы үшін күресті. «Біздің заманымыздың адамына тән барлық адасудан бір ұрпақтың өмірі барысында толық арыламыз деу қиын, мүмкін адамзат өз тарихының тар өлшемінен шығып, жаңаша ойлауға ие болғанша ұзақ жылдар керек болар», деп Эрих Фромм айтқандай, еліміздің тарихындағы аса бір күрделі де қайшылықты болған кеңес заманындағы жеке тұлғалардың қазақ халқының азаттық қозғалысы тарихындағы орнын анықтау талай даудамай туғызатын да шығар. Дегенмен, тарихшылар архивтік құжаттарды талдай отырып, тапқан ақиқатты мойындаулары керек болар.

Гүлжаухар Көкебаева

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі

©egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp