Бала Абайды білмей, дана Абайды тану мүмкін емес – Алмахан Мұхаметқалиқызы

Абай Құнанбайұлы туралы қаншама құнды еңбектер жарық көрді. Ойшыл тұлғаның әлі де зерттеп, зерделеуді қажет ететін қырлары бар. Оның әуелі ақындығын, ойшылдығын айтып, ұрпақтарымызға неғұрлым Абайды танытқымыз келеді. Бірақ, осы жолда ерекше ескерілуі тиіс, әсіресе мектеп оқушыларына қажет дүниені жеткізе алмаппыз. Бұл жөнінде абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызымен әңгімелескен едік. 

– Алмахан Мұхаметқалиқызы, еңбегіңізді абайтану саласына арнап келесіз. Кез келген еңбектің жемісі болатыны ақиқат. Сіз мектеп оқушылары үшін бала Абайды таныту жөнінде оқу бағдарламасын әзірлеп, ұсындыңыз. Онда не қамтылды?

– Сұрағыңызға рахмет. Әуелі бұл бағдарламаның жүйесіне тоқталайын. «Абай әлемі» деген тақырыпта 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі ұсынылған оқу бағдарламасын әзірледім. Бағдарлама – 1-5 сыныптарға «Бала Абай», 6-8 сыныптарға «Ақын Абай» және 9-11 сыныптарға «Һәкім Абай» деген үш кезеңнен тұрады. Осы үш кезеңде де оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай Абайдың алған тәрбиесі мен тағылымы қамтылады. Жалпы, Абайға келу қысқа мерзімге сыймайды. Абайды тану ұзақ еңбектің жемісі, нәтижесі деп білемін. Мен қанша жыл осы бағытта жұмыс істеп жүргеніммен, Абайға жақындатқан, тереңірек зерттеу жасауыма ықпал еткен осы елордамыз. Осы жаққа келіп, елдің жоғын түгендеймін деп жүріп, Абайға қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым. Бұған дейін Семейде қызмет істеп жүргенде мектептермен тығыз қарым-қатынаста болмаған едім. Осы жаққа келгеннен кейін байқасам, мектеп мұғалімдерінің іздейтіні Абайға қатысты материалдар екеніне, Абайды мектепте оқытудың әдіс-тәсілдерін іздейтініне көзім анық жетті. Негізі бүгінге дейін абайтану бағдарламасын жасаған авторлар аз болмаған. Абайтану курсын алғаш жасаған Мұхтар Әуезов еді ғой. Ол курсын жоғары оқу орындарының студенттеріне арнаған болатын. Қазіргі ғалымдар, абайтану бағдарламасын әзірлеушілердің бір кемшілігі ме деп ойлаймын, Абайды тек ақын ретінде жеткізеді. Мектеппен тығыз жұмыс істеп келе жатқандағы түсінгенім бала Абайды неге балаларға оқытпаймыз дегенге келіп тірелді. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарап, бала Абайды неге оқытпасқа деген ой мазалады. Біріншіден, балаға қызығушылық тудырады, екіншіден, Абайды бірінші балалар мойындау керек қой. Үшіншіден, біз Абайды данышпан, ұлы, әлем танитын ақын, қазақ ұлтының ұстазы деп биікке қойып алдық та, өзіміз соған жете алмай жүрміз. Оған жету үшін саты керек. Балаларға Абайды оқығанда оның да бала болғанын, осындай дәрежеге үлкен ізденіспен келгенін айта отырып, Абайдың данышпандық деңгейіне жеткізе аламыз. Ондан кейінгі мәселе, біз Мұхтар Әуезовтың Абай жолын оқыған кезде 10-13 жасындағы медересседен қайтып келе жатқан Абайды ғана білеміз. Оғанға дейінгі бала Абайдың өмірі бізге жұмбақ. Семейде жүргенде Абайдың мемлекеттік қорық музейінде қызмет еттім. Сол кезде мен архивпен таныстым. Абайдың көзін көргендердің естелігін оқыдым. Бекен Исабаев, Қайым Мұхамедханов сияқты үлкен ғалым ағалардың шәкірті болдым. Абайды шынайы танитын ғалымдардың маңайында жүрдім. Сондықтан, Абайды қай қырынан таныту керек деген мәселе ойландырды. Мұхтар Әуезовтің «Абай мұхит болса, мен сол мұхиттан шөміштеп алдым», дегені бар. Мұхтар шөміштеп қана алған болса, қалғанын ұрпақтың еншісіне қалдырып отыр ғой. Ал біз Мұхтар Әуезовтен асырып не айтамыз деп, өзімізді шектеп қоямыз. Сөйтеміз де Әуезов жасап кеткен бағдарламаны ұсынғымыз келеді, сол арқылы Абайды танытқымыз келеді. Мысалы, Абай ақын дегенде біз ортадан ойып аламыз айтамыз. Оның балалығы, өскен ортасы, атасы мен әжесі туралы және бала Абайдың қандай тәрбие алғаны туралы жақ ашпаймыз. Ізденіп қарайтын болсақ, Абайдың барлық қырынан танытуға болады. Қазіргі мүйізі қарағайдай ғалымдар Абайды тек тоғызыншы сыныптан бастап оқыту керек, одан төмен сыныптарға оқыту қиын болады, деп тұжырымдапты. Біз неге жолын таппаймыз, неге төмен сыныптарға Абайды таныта алмаймыз, деген сұрақ мазалайды. Иә, Абайды тану және таныту күрделі шығар, Абайдың жолы оңай жол емес. Неге ғалымдар бірінші ақын Абайды ұсынады, одан кейін Абайдың толық адам іліміне көшеді, Абайдың батысы мен шығысын айтады. Неге Абайдың алғашқы тұнығы – ауыз әдебиетінен бастамасқа. Ауыз әдебиеті Абайдай дала данышпанының алғашқы мектебі ғой. Ұлтты тәрбиелейтін де осы ауыз әдебиеті емес пе. Абай сол ауыз әдебиетімен сусындап өсті. Ауыз әдебиеті арқылы Абайдың балалық қабілеті оянған жоқ па. Абай дүниеге келмей тұрып, есімінің аян арқылы қойылуының өзі ғибратты дүние. Ешен әулие Түркістанға барып, Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим әулиенің басына барып түнеп жатып түс көреді. Түсінде Құнанбайдың ауылында биік тау пайда болыпты. Сол таудың басында Құнанбай отыр екен. Құнанбайдың артында бір жігіт тұрды. Ол жігіттің басы Құананбайдан жоғары тұр екен. Бірақ түрін анық көре алмадым дейді. Сонда төрде отырған әжесі немеремнің атын Ибраһим қоямын дейді ғой. Бұл жерде біз бірінші сыныптың баласына есіміңді қалай қойды деген сұрақ қоймаймыз ба. Бала дүниеге келгенде алдымен өзінің есімінің қалай қойылғанын және ол қандай мағына беретінін білуі керек. Қазақ оны атыңа затың сай болсын деп, бір-ақ ауыз сөзбен айтып кеткен. Қазіргі балалар аттарына заттары сай болып жүр ме? Өзіне қойылған есімнің мән-мағынасын ұға ма, деген сияқты мәселелені неге біз балабақшадан немесе бастауыш сыныптан бастамаймыз. Бұл жерде Абайдың батысы мен шығысын байланыстырудың қажеті қаншалықты керек. Мысалы, шын есімі Ибраһим болғанымен әжесі Зере сақ болсын, абай болсын деген ырыммен Абай деп атап кетті. Осы жерден балаларды ырым-тыйыммен тәрбиелеу, жақсы азамат болуына, сақ әрі таза жүруіне үйретеді.

– Оқу бағдарламасында осындай тәрбиелік мәні зор дүниелер қамтылған ғой, иә?

– Дұрыс айтасың. Негізінен бала Абайды мысалға келтіре отырып, тәрбиелік маңызы жоғары құндылықтар қамтылған. Оқу бағдарламасында Құнанбай мықты болмаса одан Абайдай тұлға туа ма, деген мәселеге де ерекше назар аударылған. Тағы бір айта кететеін жайт, «Абай жолы» романындағы Құнанбайдан өмірдегі Құнанбайды ажырата тани білу керек. Құнанбай дүниеге келгенде Зеренің түс көретіні бар. Әкесі Өскенбай төрде алтын сақа иіріп отыр екен. Сондай түс көрген Зере Құнанбайды дәретсіз емізбеген. Біз тек шешесі Құнанбайды дәретсіз емізбеген деп айтамыз, бірақ оның арғы жағын білмейміз. Яғни, Құнанбай да, оның әкесі Өскенбай да керемет болып тұр ғой. Құнанбай 14 жасында Кеңгірбай биден бата алған. Зере Құнанбайды үш рет жетектеп барып бата алғызады. Сол батамен көгерген Құнанбай сұлтан болады. Қазіргілер бата біле ме, балаларға берілген батаның қасиетін түсінеміз бе, қазір. Мұның барлығы қазақтың тұнып тұрған әдет-ғұрпы. Біз ұлттық кодты Абайдан табуымыз керек. Абайда бәрі тұр. Ат қоюдан бастап, түс көру, ертегі, аңыз, жұмбақ, жағылтпаш, мақал-мәтел, ұлттық ойындар дейсіз бе, барлығында ұлт ұрпағын тәрбиелейтін құндылықтар бар. Абай осы құндылықтарды бала күнінен бойына сіңіріп өскен. Біз қазір балаларға әріп танытамыз да, бірден ақын Абайды оқыта бастаймыз. Абай ғұлама, данышпан, ақын деп балаларға Абайдың биігін бірден көрсетуге тырысамыз. Балалар Абайдай болу қайда, деген ойда қалады. Ал, Абай да бала болғанын, ол осы деңгейге қандай жолдармен, қандай ұлттық тәрбиемен келгенін айтпаймыз.

– Балаларды қызықтырудың бір жолы болар деп ойлаймын. Мысалы, бала Абай қалай ойнады, не ойнады деген мәселе оқу бағдарламасында айтыла ма? 

– Әрине, бәрі айтылады. Бала Абай асық ойнады, тоғызқұмалақ ойнады. Бұл ойындар адамның қабілетін арттырады. Бұрынғы қазақ баласының ішінде асық ойнамағаны жоқ. Асығын алшысынан түсіру баланың мақсатқа жетуіне ұмтылдырады. Қазақ «Асығың алшысынан» түссін деп бата береді. Тұрағұл өз естелігінде Абайдың замандастары деп айтып келеді де, Абайдың асық ойнаған дос-жарандары еді дейді. Абайдың ауылында Көрпебай деген тоғызқұмалақшы болған екен. Абайдың маңайына достары жиі жиналатынын білетін Көрпебай арнайы келіп, Абайдың шәкірттерінің бәрімен тоғызқұмалақ ойнап шығады екен. Абайдың «Адал жүріп, адал тұр шотың дұрыс шығуға» деп отырғаны осы тоғызқұмалақтың мәні. Ол есепте ғана емес, өмірде де адал болуға үндейді. Сонда өмірдегі есебің дұрыс шығады дейді, Абай. Қазір қарттар үйі неге бар, жетімдер үйі неге бар? Осының барлығы адал тұрып, адал жүрмегеннің кесірі. Оны Абай баяғыда айтып кеткен. Осы тұрғыда балаларды адамдыққа жақын етіп оқытпаймыз. Біз ғылыми тұрғыда ғана қараймыз да Абайды дұрыс аша алмаймыз. Абайдың толық адам ілімі дейміз де, соған жете алмай сарсаңға түсеміз. Толық адам ілімі сонау Абайдың бала күнінде қалыптасқанын ескермейміз. Мысалы, әжесінен ертегіні сұрауының өзі ерекше. «Бұлдыр да бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?» деп сұрайды екен. Сонда әжесі бұлдыр да бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан Жоямерген деген батыр өткен, деп ертегісін жалғап ала жөнеледі екен. Абайдың сөз саптауды үйренуі де үлкен мағынаға толы. Құананбайдың қасында өзімен деңгейлес билер мен сұлтандар жүреді. Олар Құнанбайдың ауылына жиі қонаққа келеді. Абай мұндай жиындардан қалмайды екен. Құнанбай билерге сұрақ қойғанда баласына да назар аударып отыратын көрінеді. Осы адам өмірде неше рет өледі?,- деп сұрапты бірде Құнанбай жағалай отырған билер мен сұлтандарға қарата. Билер үн-түнсіз ойланып отырап қалған екен. Сәл төменде отырған бала Абай тамағын кеней беріпті. Иә, әкесінің баласы сен айтшы деген екен. Сонда бала Абай «Ез күнде өледі, ер бір-ақ рет өледі» деп жауап беріпті. Сонда Құнанбай бала Абайдың жауабына аса риза болмай басын шайқап, бұл ел аузында күнде айтылып жүрген сөз. Сен өз сөзіңді айт деп, еңбек етпеген әрбір күнің өлгенмен тең деп жауап айтқан екен Құнанбайдың өзі. Бұл жерден әкесі Құнанбайдың бала Абайдың жауабына қанағаттанбауы, әр сөзіне сақ болуын байқауға болады және Құнанбайдың Абайды қасына ертіп жүріп тәрбиелеуін біле аламыз. Абай медресседен қайтып келгенде анасына бірінші амандасуға ұмтылады. Сол кезде анасының кереметтігі, балам алдымен әкеңе амандас деп бағытын түзеуінен әкенің мәртебесі жоғары екенін, әкені сыйлау керектігін үйреткенгін байқаймыз. Содан сағыныштарын басқаннан кейін Құнанбай Абайды шақырып алып, бойың өскен екен, ойың да өскен шығар. Менің әкеден жалғыз екенімді, қазіргі жағдайымды білесің ел басқаруға осы білімің де жетер деп оқудан қайтарып алуын айтып жатамыз. Сонда Абайдың тағы бір кереметтігін байқауымызға болады. Әкесінің сөзін бұзбауы. Оқуға соншалықты құмар болып тұрса да, келісімін беріп, мен оқымасам да менің соңымдағы інілерім оқысыншы деген өтінішін айтады. Соған рұқсат етіңіз дейді. Қазіргі балаларға дәл осылай оқуыңды тоқтат десеңіз тыңдай қоюы екіталай. Өзімбілемге салатыны анық. Бұл жерде әке сөзінен аттамау тәрбиесі тұр. Осы мысал арқылы қазіргі балаларды әкені тыңдауға, сыйлауға үйретуге болады.

– Жоғарыда айтқаныңыздай, бала Абай жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел сияқты қазақтың ауыз әдебиетімен сусындап өсті. Сол арқылы шешендік, тапқырлық сияқты қасиеттерін дамытты. Яғни, осындай мысалдар арқылы қазіргі балаларға қанат бітіру үшін Абай жүрген жолмен жүруді меңзеу оқу бағдарламасының басты мақсаты ғой? 

– Әрине. Міндетті түрде Абаймен байланысты. Абайдың «Абыралыға», «Шәріпке», «Қара қатынға» деген бала кезінде жазған өлеңдері бар ғой. Сол өлеңді ұйқастыруының өзі жаңылтпаштан бастау алады. Жаңылтпаш жаттамаса, мақал-мәтел білмесе өлең жаза алар ма еді. Ақындықтың бастауы жаңылтпаш. Бұл ауыз әдебиетінің кереметтігі. Жаңылтпашты сол мезетте шатаспай айтып беру зор қабілетті қажет етеді. Қазіргі тілі шұбарланған балалар жаңылтпаш айта алмайды. Ғалым ағалар Абайдың балалығын толық біле бермейтін сияқты. Өйткені мектепте мұғалім болып көрмеген. Олар бірден есейіп кеткен Абайды ғана таниды. Одан соң Абайдың ақындығына шығып кетеді. Иә, Абай ерте есейген. Ерте есейткен әжесі Зере мен әкесі Құнанбайдың тәрбиесі. Әке мен баланың байланысында Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын мысалға келтіру арқылы оқытуға болады. Қазіргі әкелер балаларына қандай сұрақ қояды, немен тәрбиелейді? Балаларын киіндіріп, тамақтарын тоқ қылуды тәрбие деп жүргендер қаншама. Қазір қыз мінезді жігіттер неге көбейіп кетті деп жатамыз. Ол әрине әкемен ұлдың арасындағы қарым қатынастың, тәрбиенің дұрыс болмауынан. Бала Абайды метепте оқытудың осы жерде бір қыры ашылып тұр.

 – Қазір әсіресе қалалы жерлерде неше түрлі орта бар. Негізі ғалымдар балаға өскен ортасы үлкен ықпал ететінін айтады. Абайдың бала кездегі ортасы қандай болды? 

– Құнанбай Абайды жақсы ортада өсуіне ықпал жасады. Баланың ортасы дұрыс болу керек. Әлгі, досыңды көрсет сенің кім екеніңді айтайын, деген бар ғой. Мен өз балаларыма үнемі айтып отыратын қағидам бар. Егер сенің досыңның бір кемшілігі болса, сен соны түзетуге күш сал. Сен теріс қылығы бар досыңа емес, ол сенің артыңнан еретін болсын деп отырамын. Әр адам өзін достарым менің жақсылығымды, артықшылығымды үйренсе екен деп тәбиелеуі керек. Құнанбайдың балаларды тәрбиелеудегі мақсаты сол болған. Бүкіл ауыл балаларын жинап алып, Ескітам деген жерден мектеп ашты. Бүкіл ауыл балаларын тәрбиеледі. Оны көрген Абай қалай жаман болуы керек. Зеренің кереметтігін де айта кету керек. Ескітамдағы мектептің бір бөлмесінде Зере мен Абай тұрыпты қыста. Күн суықта ары-бері жүрмесін деп солай ұйымдастырған екен. Сонда Зере балалардың қарны ашып қалмасын деп ыстық тамақ жасап береді екен. Осы жерде айта кететні бір мәселе, біз Құнанбайды танымай Абайдың балалығын аша алмаймыз. Құнанбайдың балаларға деген қамқорлығы мен өз баласына деген сыни көзқарасы арқылы қандай тұлға болғанын білуге болады. Осы бағдарламада «Құнанбайдың серті» деген тақырып бар. Құнанбайдың ауылында Сеңгірбай деген балуан болыпты. Құнанбайдың өзі де балуан, найзагер, батыр адам болған ғой. Сол Сеңгірбай Құнанбаймен жекпе-жекке шықсам, деп армандап жүреді екен. Бір оңаша қалғанда Құнанбайға айтыпты. Жекпе-жекке шықсақ шығайық, бірақ кімнің жеңілгенін ешкім білмесін депті, Құнанбай. Бірақ ат-шапанын мен саған берейін деген екен, жеңсе де жеңілсе де. Құнанбай сияқты батыр әрі сұлтанмен шығамын дегеннің өзі ерлік қой. Соны Құнанбай бағалап тұр. Сөйтіп, екеуі ешкім бармайтын таудың жықпылына барып, жекпе-жекке шығыпты. Бірақ бұл оқиғада кім жеңіліп, кім жеңгенін ешкім білмейді. Кейін Сеңгірбай қайтыс болған соң біреулер сұрайды ғой Құнанбайдан, сол жолы кім жеңді деп. Сонда Құнанбай Сеңгірбай дүниеден өтті екен деп мен сертті бұзбаймын деген екен. Бұл сол беті жұмбақ болып қалды. Кім жеңгенін әлі күнге дейін ешкім білмейді. Жігіт деген осындай сертке берік болуы керек. Осы оқиға арқылы балаларды сөзінде тұратын, сертке берік тұлға болып өсуіне үлгі көрсетеміз. Бұл енді Абайдың әкесі Құнанбайдың ерлігі. Ал Абайдың тағы бір ерлігі бар. Шәкәрім мен Кәкітай Абайдың зерек шәкірттері ғой. Бірде Абай енді келген адамдарға төрелік айтуға сендерге жіберемін, билікті екеуің айтасыңдар дейді. Кәкітай алдына келген адамнан Шәкәрімге бардың ба деп сұрайды екен. Егер бардым десе, онда Шәкәрімнің айтқан бітімі бітім дейді екен. Шәкәрім де дәл солай істейді. Яғни, бірін-бірі мойындай алады. Көреалмастық, бақталастық деген жоқ. Қазір азаматтардың арасында бірін бірі мойындау деген жойылып барады. Абайдың әділдігі туралы да айта кеткен жөн деп ойлаймын. Бір күні Абайдың есігінің алдынан жұпыны киінген бір жігіт өтіп бара жатады. Сонда Абай әлгі жігітті шақырып алып кім екенін сұрайды. Сөйтсе, Абайдың малын бағатын адам екен. Дереу Айгерімді шақырып алып, малдың етін жегенді білесің, пұлын жұмсауды білесің, мына кісінің үстіндегі киімді неге бүтіндеп бермейсің депті. Сөйтіп, малшыны киіндіріп жіберген екен. Қазіргі байлар солай істей ме, керісінше адал еңбегін бермейтіндер бар. Абай өзі айтатын адамға керегі үш-ақ нәрсе дейді. Олар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Ыстық қайрат дегеніміз – еңбек. Еңбек арқылы адамның көктейтінін, өсетінін айтып тұр. Одан кейін нұрлы ақыл дегеніміз – білім. Ізденсең, талпынсаң жаман болмайтыныңды меңзейді. Сосын жылы жүрек дегені – мейірім. Сенің қолыңда бар болса, мейірлен, бер, барыңмен бөліс дегені. Сонда сен толық адам боласың. Абайды осындай қарапайым мысалдар арқылы танытудың орнына бірден тереңге бойлаймыз да, жұртты адастырамыз. Алдымен ұрпаққа адамдық құндылықтарды сіңіру керек. Мұның бәрі Абайдың балалық шағы мен кейінгі өмірлерінде тұнып тұр. Сол себепті, мен мектеп оқушыларына бала Абайды таныту арқылы, ұлы Абайды тануға жетелейтін оқу құралын дайындадым. Мұны тек мектеп оқытады деп қарап отырмау керек, мүмкіндік болса әрбір ата-ана Абайды үлгі етіп, адам болуды үйретсе жетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бала Абайды білмей, дана Абайды тану мүмкін емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp