Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл және
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналады
Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы қазақшаға қашан аударылып, ол неге 5 жыл бойы жарыққа шықпай жатты? 5 жыл кешігіп, Петерборда қай баспадан жарыққа шықты? Қазақ ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан 1904 жылдың 11 мамырында Григорий Потанинге жазған хатында Ахмет Байтұрсынұлының осы күнге дейін жұрт білмеген қандай құпиясын ашып берді?
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш және Қазақ Кеңестік Республикаларының тұңғыш білім және ғылым министрі, ақын, даңқты ағартушы, ұстаз, қазіргі қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы, түркітанушы, көсемсөзші Ахмет Байтұрсынұлының тұңғыш «Қырық мысал» өлеңдер жинағы 1909 жылы Петерборда жарық көргені мәлім. Келесі 2022 жылы ұлы ағартушы, ұлт қайраткерінің туғанына 150 жыл толады. «Ахаңның орыс жазушысы Иван Крыловтың 40 мысал әңгімесін қазақ тіліне аударған жинағы Петерборда жарық көрді» дегеннен басқа, нақты қандай баспадан шыққаны ешкімді ойландырған емес. Ғалымдар мен жұртшылық санасында ұлы ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының төл шығармалары мен А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Крыловтан аударғандарының жинағы басылып шыққан Ильяс Бураганскийдің баспаханасынан шықса керек деген ой болды.
Арада бір ғасырдан астам уақыт (112 жыл) өте келе мәлім болғандай, Ахмет Байтұрсынұлының Иван Крыловтан өлең түрінде аударған қырық мысалы баспадан кітап (жинақ) болып шығудан бұрын тура 5 жыл «тар жол тайғақ кешіпті». Бұл жайт Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Красноярскі өлкелік өлкетану мұражайы қорынан табылған 5 хатының бірінен мәлім болды. Аталған өлкелік мұражайдан Әлихан Бөкейханның орыс географы, этнографы, фольклортанушы, ботаник ғалымы әрі көсемсөзші Григорий Потанинге 1903-1906 жылдар аралығында жазған бес хаты мен бір жеделхаты (телеграмы) сақталыпты.
Әлиханның 1904 жылдың 11 мамырында Потанинге Ахмет туралы жазған хатына оралсақ, онда былай делінеді: «Менің бір таныс қазағым 41 мысал әңгімені, көбіне И.А. Крыловтан, қазақ тіліне ғажап өлеңдермен аударыпты. Аударманың авторы қоғамдағы жағдайы онша жоғары адам емес – Ақмола облысының халық училищелері директорының іс-қағаздарын жүргізуші ғана. Аудармасын Дала генерал-губернаторының кеңсесінен шығатын «Сельскохозяйственный листок» газетіне бөлім-бөліммен жариялау ниетімен автор Ахмет Байтұрсынұлы өзінің бастығы – директор мырза Алекторовқа өтініш беріпті. Ол қолжазбаны ½ жыл ұстап, Сухотин мырза «Сельскохозяйственный листок»-та жариялауға рұқсат бермеді деген сөзбен қолжазбаны өзіне қайтарыпты».
№ 1 фото. Ә.Н. Бөкейханның Г.Н. Потанинге А. Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» туралы жазған хаты. Омбы, 1904 ж.
Әлихан жоғарыда сөз болған хатында әрі қарай Потаниннен Ахметтің «Қырық мысалын» басып шығаруға цензураның рұқсатын алуға, болмаса – цензураны аттап өтуге көмектесуін сұрайды. «Біз, мені мен Ахмет Байтұрсынұлы екеуіміз, – деп жазады хат авторы Потанинге, – оның аудармасын жеке кітапша (брошюра) етіп басып шығаруды ойладық, бірақ татар-түркі тілдерінде шығатын кітаптарды қадағалайтын арнайы цензордың рұқсатын қалай алуды білмейміз. Қалай және қайда барудың жолын нұсқай алмайсыз ба? Петербордағы таныс-тамырларыңыз арқылы А. Байтұрсынұлының аудармасын цензураға тапсыруды өз мойныңызға ала алмайсыз ба? Ол (А. Байтұрсынұлы), өкінішке орай, орта мектеп білімін де ала алмаған және осы күні бар уақытын күн көрісіне сарп етуге мәжбүр болып жүрген дарынды жас қазақ. Басқаша жағдайда ол қоғамға пайдасы бар елеулі қоғам қайраткері болып шығар еді».
Бірақ одан кейінгі оқиғалардың делісі Әлихан мен оның болашақ адал үзеңгілесі Ахметтің «Қырық мысал» жинағын басып шығаруға не Потаниннің, не оның петерборлық таныс-тамырларының рұқсат алып бере алмағанын байқатады. Мысалға Потанинге жазған хатынан бір жарым жылдай өтіп, 1905 жылдың қараша айында Ресейдің жергілікті және қалалық қайраткерлерінің кезекті сиезінде қазақ халқының өкілі ретінде сөйлеген сөзінде Әлихан былай деп мәлімдеді: «Осы жерде мен поляк, азорыс (малоросс), латыш және т.б.-дың айтқан сөздерін естігенімде ескі кітапты оқып отырғандай сезіндім. Бізде де қазақ тіліндегі мектептер қуадаланады, цензура бізді де басып-жаншиды. Мәселен И.Крыловтың 40 мысалының қазақ тіліндегі аудармасын басып шығаруға цензурадан рұқсат ала алмай жүргеніме міне 13 ай болды».
Бұл сөзді Әлиханның ресейлік жергілікті және қалалық қайраткерлерінің 1905 жылғы қарашадағы Мәскеу сиезінде айтқанын ескере отырып, тағы бір маңызды тарихи оқиғаны еске сала кетейін. Алты Алаш серкесі қазақтың ұлы ойшыл ақынының өмірі мен өшпес поэзиясын бүкіл Ресей қоғамына паш еткен «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты азанама мақаласын «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы дәл осы қараша айының үш санына жариялаған-ды. Мақалада, сонымен қатар, «Абайдың төл шығармалары мен оның Пушкиннен («Евгений Онегиннен» үзіндісі), Лермонтовтан, Крыловтан аударғандарын оның ұлы Тұрағұл жинап, көп ұзамай Ә.Н. Бөкейханның редакциялауымен Императорлық орыс география қоғамының Семей бөлімшесінен басылып шығатыны» айтылды.
Әлихан 1905 жылдың соңы – 1906 жылдың басында Ұлы даланың қос бірдей дара һәм дана тұлғасының шығармалар жинағын басып шығарумен қатар, қазақ тіліндегі тұңғыш мерзімді басылымын ұйымдастырып ашуды жоспарлаған еді. Ол жоспарының мақсатын әлгі Мәскеу сиезіне былай деп түсіндірді: «Қазақтардың дәл қазіргі ең басты мұқтажы ана тілін қолдануға деген еркіндік; ол алдағы үгіт-насихат науқанының басталуына орай ол аса өзекті. Міне сол себепті мен сиез жергілікті тілдерге қойылған барлық шектеудің жойылуын талап етсін деген жолдастардың ұсынысына қосыламын».
Алайда Алты Алаш көшбасшысы 1905-1907 жылдардағы қалыптасқан саяси ахуал салдарынан жоспарының бірін де іске асыра алмады – не Абай мен Ахмет шығармаларының жинағы, не қазақ тіліндегі газет шықпады. Семей қазағынаның атынан І-інші Мемлекеттік думаға мүше (М. Думаның 1906-1917 жылдар аралығында шақырылған 4 шақырылымының халық өкілдері депутат емес, мүше деп аталды. – С.А.) болып бірауыздан сайланудан басқа қолынан ештеңе келмеді. Думаға мүше болып сайлану үшін де Әлиханға ешбір тергеусіз, сотсыз Тұзқала (Павлодар) мен Омбы түрмелерінде 4 ай отыруға тура келді.
Жалпы 1905 жылдың «17 қазан манифесі» мен Алаш көсемінің Мәскеу сиезіне қатысуынан «Қырық мысалдың» Петерборда 1909 жылы жарық көруіне дейінгі уақыт аралығын бақылап қарасақ, тұңғыш жинақпен бірге Әлиханның және ол мүше болған ғылыми қоғамдар мен қоғамдық ұйымдардың да «тар жол тайғақ кешкеніне» көз жеткіземіз. Оның ішінде Алаш серкесі осы 5 жылдың ішінде отаршыл биліктің абақтысында 2 рет отырып шықты. Мысалға «Семипалатинский листок» газеті былай деп жазды: «(Императорлық орыс географиялық қоғамы) Батыс Сібір бөлімінің Басқару комитеті (Распорядительный Комитет) 23 желтоқсан күні (1905 ж.) Петерборға П.П. Семеновтың атына мынадай жеделхат жолдады: «Генерал Сухотиннің (Дала генерал-губернаторы) бұйрығымен 22 желтоқсанда полиция Батыс Сібір бөлімін дереу мөрлеп жауып тастаймын деп қорқытып, Батыс Сібір бөлімі мүшелерінің жалпы жиналысында Седельниковтың Зайсан экспедциясы туралы ғылыми баяндамасын тыңдауына және 1906 жылдың қаржы шығындарын қарауына бөгет жасады. Бөлімнің іште қалған мүшелері әкімшіліктің осы басынғандығы туралы хаттама жазып, оны поштамен салып отырмыз. Жалпы жиналыс өте қажет. Әкімшілік Бөлімді жауып тастаймын деп қорқытуын қояр емес. Басқару комитеті Батыс Сібір бөлімінің құқын қорғауды өтінеді. Қол қойғандар: Бөкейхан, Грибанов, Корнеев, Сиязов и Седельников».
Оған қоса І-інші Мемлекеттік думаға өкіл сайлауы науқаны шеңберінде Семейде облыстағы сайлаушылардың бірқатар жиынын өткізу мақсатымен Омбыдан жолға шығып, Тұзқала (Павлодар) іргесіндегі Ямышевский казактар ауылына жеткен 1906 жылдың 8 қаңтарында Ә.Н. Бөкейхан тұтқынға алынып, алдымен Тұзқала түрмесіне жабылып, одан кейін Омбы абақтысына ауыстырылды. Алаш көшбасшысы Конституциялық-демократия партиясы көсемдерінің бірі Александр Колюбакинге Тұзқала түрмесінен астыртын жолдаған құпия хатының бірінде: «Ка-де (Конституциялық демократия) партиясы сиезінің орнына Мемлекеттік Думаға үміткер ретінде абақтыға тап болдым», – деп жазды.
Әлихан Бөкейханды тұтқындай салысымен, ол толық мүшесі (1896 ж.) әрі Басқару Комитетінің мүшесі (1899-1902 жж.) болған Императорлық орыс география қоғамының Батыс Сібір бөлімі мен оның Семей бөлімшесін де қудалауға ұшыратты. Жоғарыда айтылғандай, жағырафия қоғамының Семей бөлімшесі «көп ұзамай» Ұлы Абай шығармалары мен аудармаларының жинағын басып шығаруға тиіс еді. Абақтыда Әлихан еш айыпсыз 4 ай отырып, өзінің туған Тоқырауын болысынан «сайлаушы» (выборщик) болып сайлауына байланысты 1906 жылдың 30 сәуірінде бостандыққа шықты. 15 маусым күні Семейде бірауыздан Семей қазағы атынан І-інші Думаға өкіл болып сайланды. Бірақ Әлихан І-інші Думаның мәжілісіне қатысып үлгермей, Петерборға ол шақырылым күштеп таратылған 1906 жылдың 8 шілдесінде келіп жетті.
9 шілде күні қуып таратылған І-інші Думаның 180-дей мүшесінің ізінше финдердің Териоки кентіне жетіп, келесі күні (10 шілде) Думаның күштеп қуылуына қарсы жазылған «Халыққа – халық өкілдерінен» атты үндеуге ең біріншілердің бірі болып қой қойды. Бұл тарихта «Выборг үндеуі» деген атымен белгілі.
Омбыға оралған бойда, қазақ тіліндегі газет шығаруға рұқсат ала алмаған Әлихан Бөкейхан Омбыда отыр тіліндегі «Иртыш» газетін шығаруды қолға алып, оған де-факто редактор болады. Дума күштеп қуылып, Қазақ өлкесінде отаршыл әкімшілік құтырып, «Қазақ» газетімен қатар, Абай мен Ахметтің шығармаларын басып шығару да жол бермеді. Оған қоса алда І-нші Дума сайлауынан да күрделі ІІ-нші Дума сайлауы тақап қалды. Отаршыл биліктің көз аштырмай қудалауының салдарынан Әлихан Бөкейхан 1906 жылдың 19 шілдесінен 1907 жылдың 1 қаңтары аралығында өзі шығаратын газеттің атауын үш рет өзгертуге мәжбүр болды: 1906 жылғы 14 қарашадан бастап «Иртыш» енді «Омич», 1907 жылдың 1 қаңтарынан «Омич» «Голос степи» атауымен шығып тұрды.
Десе де биліктің осындай «шаш ал десе бас алатын» саясатына қарамастан, Әлихан өз газетінің үгіт-насихаты арқылы ІІ-нші Дума өкілдерін сайлауда Ақмола облысы мен Омбы қаласы бойынша патшалық билікке қарсы партиялар үміткерлерінің жеңіске жетуіне зор үлес қосты, ал Семей облысы қазағынан – өзі дауысқа түсуден бас тартып, бірақ өз орнына ұсынған 5 үміткердің бірі – Темірғали Нұрекенұлы Думаға мүшелікке өтті.
Алаш серкесі сайлаудың ізінше, 1907 жылғы 25 ақпанда «Голос степи» газетін жауып, өзімен бірге «Выборг үндеуіне» қол қойған І-інші Дума мүшелерінің үстінен басталған сот үдерісіне шақырылып, сол жылдың желтоқсан айында сот оны 3 айлық түрме жазасына кесіп, сайлау құқынан айыратын өкім шығарды. Сот шешімі күшіне енген 1908 жылдың мамырында дейін ол түрме жазасын өтеу үшін Петербордан өз ықтиярымен Семейге оралды (№ 2 фото).
№ 2 фото. Әлихан Бөкейхан – Семей түрмесінде. Семей, 1908 ж.
Ә.Н. Бөкейхан Семей түрмесінде 3 ай емес, Дала өлкесінің жаңа генерал-губернаторы Иван Надаров кек қуып, оған тағы 5 ай қосып, 8 ай отырып, 1908 жылдың желтоқсанында бостандыққа шықты. Отаршыл әкімшілік астыртын түрде оны «ит жеккенге» айдауды жоспарлаған еді. Оны алдын ала сезген Әлихан Бөкейхан абақтыдан шыққан бойы, А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы 1917 жылғы бір мақаласында атап көрсеткендей, Ресейге эмиграцияға жүріп кетті. Өзі кетпегенде, отаршыл әкімшіліктің оны Саха еліне (Якутия) немесе Қиыр Шығысқа айдайтыны, Ахаңның сөзімен айтсақ, «сүттей ақ, айдай анық» еді.
Алаш көшбасшысы алдымен «эмиграцияға» Петерборға барып, кадет партиясының хатшысы Александр Корниловқа 1908 жылдың 9 желтоқсанында әзілдеп жазғанындай, «майлы қызмет» табуға тырысып көрді. Бірақ «майлы қызмет» оған Петербордан емес, Самардан табылып, 1909 жылдың қаңтарында ол Дон Жер банкіне жер бағалаушы болып қызметке орналасты. Міне өмірінің 1909-1917 жылдар аралығында жалғасқан осы «самар кезеңінде» Әлихан өзінің барлық ашық та астыртын мақсатына жетіп, бар жоспарын жүзеге асырды. Оның ішінде «самар кезеңінің» бірінші жылында-ақ ол Ұлы Абай шығармалары мен аудармаларының жинағын, Ахметтің «Қырық мысалын» өзінің туған кең даласында шығара алмай, отаршыл билікпен ерегіскендей Петербордан бір-ақ шығарды. Бірақ егер Абай мұрасының тұңғыш жинағын Қырым татары Ильяс Бураганскийдің меншікті баспаханасынан шығарса, «Қырық мысал» қайдан жарық көрді екен?!
Бұл сауалдың жауабы Ахмет Байтұрсынұлының үстінен 1909 жылдың шілдесінде Дала өлкесінің полиция департаменті қозғаған «қылмыстық ісінен» табылды. Назар аударатын маңызды мәселе – Ә.Н. Бөкейханның «Қырық мысалды» 1909 жылы және отаршыл империя астанасында басып шығаруын – кітап авторы А. Байтұрсынұлын 1909 жылдың 1 шілдесінде тұтқындап, еш айып, тергеу, сотсыз 1910 жылдың наурыз айына дейін 10 ай бойы абақтыда ұстаған отаршыл әкімшіліктің «ұр да жық» саясатына қайтарған мәдени жауабы еді.
Алаш серкесі өзінен басқа жанашыры жоқ Ахметтің кітабын шығарумен шектелмей, оны мүмкіндігінше абақтыдан тезірек босатып алуға да бар күш-жігерін салды. Біріншіден, ол орыс география қоғамының Батыс Сібір бөліміндегі ғылыми әріптесі, ІІІ-інші Думаның мүшесі Николай Скалозубов пен кадет партиясындағы үзеңгілесі, «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» масон орденіндегі «бауыры» әрі тағы да ІІІ-інші Дума мүшесі Николай Некрасовты Ахметтің ісіне араша түсуге көндірді. 1909 жылдың 17 қарашасында Скалозубов ішкі істер министрінің орынбасары Курловқа Ахаңның тағдырына қатысты депутаттық сауал жолдады. Мұрағат құжаттарына қарағанда, Некрасовтың араша хаты министрлікке кештеу түсіпті. Скалозубов пен Некрасовтың хаттарымен қарама қатар, Әлихан кадет партиясының орталық петерборлық ресми баспасөзі – «Речь» газетінің 1909 жылғы 19 қараша күнгі санына «Қазақтың халық ақыны абақтыда» (түпнұсқа. «Киргизский народный поэт в тюрьме») атты өткір мақала жариялады (№ 3 фото). (Бекметов жазды дегенді мен де оқыдым. Бірақ «Речь» газетінде сырттан жазған адамның мақаласын қалай жариялайды, партия мүшесі Әлихан болмаса? Екінші Бекметов жазғанына айғақ-дәлел бар ма???)
№ 3 фото. Қазақтың халық ақынының түрмеде отырғаны туралы мақала.
– «Речь». – 1909. – 19 қараша. – 3 б.
Міне Алаш ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі Әлиханның осындай табанды да жүйелі әрі қайтпас іс-әрекетінің нәтижесінде Қазақ өлкесінің отаршыл әкімшілігі Ахметті еш заңсыз, тергеусіз, сотсыз ұстағаннан кейін босатуға мәжбүр болғаны өз алдына, Дала өлкесінен тыс өзі таңдаған облыста тұруына мүмкіндік берді. «Қырық мысал» авторы Орынборды таңдады, бірақ белгілі мақсатпен таңдады. Біріншіден, 1891-1895 жылдары Ахмет мұғалімдер мектебінде оқыды. Екіншіден және ең бастысы – Орынборда 1909 жылдың қаңтарынан бері Әлихан жер бағалаушы ретінде қызмет ете бастаған Самардағы Дон Жер банкісінің Орынборда бөлімі болды. Таяу жылдары банк бөлімі алғашқы саны 1913 жылдың 2 ақпанында жарыққа шыққан тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің қаржы көздерінің біріне айналды. Бір анық жайт: өзінің туған Семей облысында шығара алмаған мерзімді басылымды Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының редакторлығымен Орынборда шығара бастады. Көрнекті Алаш қайраткері, Алаш Орда мүшесі Мұстафа Шоқайдың мәлімдеуінше, Орынбор – башқұрт жерінде салынған Орынбор казактарының астанасы болатын. Ахмет пен Міржақыптың басқаруымен «Қазақ» шығып тұрған жылдары (1913-1918 жж.) қала қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының уақытша кіндігіне айналды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Орынборда санаулы ғана қазақ отбасы тұрды, тұрғындардың басым көшілігін татар, орыс, казактар құрайтын.
Ахаң 1910 жылы ұлт көшбасшысының көмегімен Семей абақтысынан бостандыққа шыққанымен, алдағы уақытта ол патша дәуірінде де, кеңес заманында тағы бірнеше рет тұтқындалып, талай азап шекті. Атап айтқанда 1914 және 1934 жылдары тұтқындалып, жер аударылғанда, оны тағы атағы жер жарған жанашыр ағасы, ұстазы Әлихан құтқарған болса, ақырғы рет 1937 жылдың тамызында қамауға алынғанда – оны құтқаратын ешкім қалмаған-ды (№4 фото). Әлихан Бөкейханның өзі 1937 жылдың 26 шілдесінде Бутыркаға жабылып, 27 қыркүйекте ату жазасына кесілді (№ 5 фото).
Қыр баласы, Ел ағасы Әлихан бір кезде «хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам – қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертіне соңғы демі біткенше адал болып өтті. Ол өз ғұмырында бір Ахмет Байтұрсынұлын емес, халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қиян-кескі күресінде соңына ерген адал үзеңгілестері мен қазақ жастарының бәріне, тұтас халқына қорған, қамқоршы, тірек, жетекші бола алды. Ол риясыз жүрегімен қалың бұқара халқының, оның ең адал ұлдарының тағдыры үшін өзін жауапты санады. Ізіне ерген Алаш жастарын ұлтының мүддесіне кіршіксіз, адал қызметімен, ата-баба жері мен ұлттық мемлекеттің шаңырағын қайта көтеру жолындағы табанды, қайтпас күресінің жарқын үлгісімен тәрбиеледі. Ұлт мүддесі үшін кіршіксіз, адал қызметімен көзге түскен білімді, ұлтшыл жас шәкірттеріне зор сенім де арта білді. Отызға толмай Алаш Орда комиссарлығына сайланған Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермек, Халел Ғаббасұлы, Уәлитхан Танашұлы және тағы басқалар Алаш көшбасының сенімін ақтай алған Алаш жастары болатын.
№ 4 фото. Ахмет Байтұрсынұлы – ОГПУ НКВД абақтысында.
№ 5 фото. Қазақ ұлты көсемі Әлихан Бөкейхан – Бутырка түрмесінде. Мәскеу, 1937 ж.
Әлихан өз үзеңгілестерін сонау «Алаш» қозғалысы қалыптаса бастаған 1905 жылдан-ақ қорғауына алғанын байқаймыз. Оған бірден-бір мысал Ресей патшасының 1905 жылғы «17 қазан» манифесі қоздырған халық толқуы бола алады. «17 қазан» манифесі туралы жаңалық Омбыға айдың соңында ғана жетіп, Әлихан орыс әріптестерімен бірге қалада саяси митингі мен шеру өткізеді. Полиция митингі ұйымдастырған Әлихан мен оның орыс әріптестерінің ізіне түсіп, олар пәтерлерін тастап, жасрынуға мәжбүр болады. 1902 жылы С.-Петербор императорлық университетінің заң факультетін бітіріп, құқық магистрі ғылыми дәрежесімен Омбы сот палатасында судья лауазымына үміткер болып жүрген Жақып Ақбайұлына палата басшылығы: «саяси көзқарасың сот қызметкеріне қайшы келеді, үміткерліктен өз ықтиярыңмен бас тарт!», – деген соң, амалсыздан қызметін тастап, туған Қарқаралысына оралады. Әлихан өзінің 1916 жылы С.-Петерборда шыққан «Дала өлкесіндегі сайлау» атты естелігінде Жақып Ақбайдың Омбыдан Қызылжар (Петропавл), Тұзқала (Павлодар) арқылы Қарқаралыға оралған жолы үгіт-насихат науқанына айналғанын сипаттайды. «Ж. Ақбайдың Павлодардан Қарқаралыға сапары үгіт-насихат науқанына айналды, – деп жазады Әлихан, – Шешенді бүкіл жолында қазақтар топ-топ болып қарсы алып, ең құрметті қонағындай күтті, жол бойнда ілесіп жүріп, ең жақын туысындай қоштасты. Ол туған Қарқаралы қаласына қараша айының ортасына қарай жетті. Жетуі мұң екен, полиция басқармасына қарама-қарсы жалғыз алаңда митингі өтті. Оған бүкіл қала жиылды:орыстың бар зиялысы, орыс казактар, татар, сарт, қазақтар жиналды. Жұқпалы дерттен енді ғана сауығып, әлі аяғын басып жүре алмайтын менің бір жолдасым (бұл жергілікті қазақ-орыс мектебінің директоры қызметінде жүрген Ахмет Байтұрсынұлы екені анық. – С.А.) өзін митингіге алып баруды өтініп, ақыры келді. Шешен есебінде судья, тереуші, мұғалім, жалғыз ғана христан әкейі (батюшка) және Ж. Ақбай сөйледі. Тыңдармандарға беймәлім конституциялық билік дегеннің не екенін түсіндіріп, тыңдаушыларға әбден-ақ түсінікті ескі билікті өткір сынады… Қарқаралыдағы осы жиынның ізінше қарулы қыр қазақтарының қаланы шабуы мүмкін, сөйтіп орыстарға қатер төнді деген жеделхаттар Омбыға қардай борады. …Жергілікті билік шынында да үрей туғызып үлгерді. Мен Қарқаралыдан биліктің шылғи өтірігін теріске шығаратын, орыс, татар, сарт, қазақтар (арасында А. Байтұрсынұлының да қолы болды. – С.А.), шенеуніктер, оның ішінде крестьян бастығы қол қойған үрейлі жеделхат алдым []. Жеделхатты мен сол кездегі газеттерге жариялап [], телеграфпен арқылы земскі сиезі бюросының төрағасы Ф. Головинге [] хабарладым. Бірақ Мәскеудің пошта мекемесі «оны бірнеше күн таба алмады». Жазалау экспедицияcы болмай қалды. Митингіде Ж. Ақбайдан басқа сөйлеген шешендердің барлығы әкімшілік жазаға тартылды: шенеуніктерді өзге қызметтерге ауыстырды, қызметтен босатты, кейбірі өзі қашып кетті, Иван әкейді ит мұрыны батпайтын алыс басқа шіркеуге ауыстырды» [].
Міне осы жолдардан Алаш көсемі Әлихан Қарқаралы митингісінде сөйлеген Жақыпты, жиынға қатысқан Ахметпен бірге тағы бірнеше қазақты, оның ішінде кейін өзінің «бітіспес жауына» айналған Көлбай Төлеңгітұлын (Тоғысұлы) жазадан аман алып қалған еді []. Бұл Жақып пен Ахаңды ең алғашқы құтқаруы болатын.
1914 жылы Ахмет пен Міржақып жетекшілік еткен «Қазақ» газетіне үкіметке қарсы мақала жариялады деген қитұрқы айып тағылып, редакцияға үлкен көлемде айыппұл салынды. Бұл айыппұл тұңғыш та жалғыз жалпыұлттық басылымның жабылуына соқтыратын. Газетті банкроттан құтқару үшін Ахмет пен Міржақып айыппұлды абақтыда отырумен өтеуге бел буады. Оны білген бойда Әлихан, алдымен, «Қазақ» үнпарағына «Ұят-ай!» атты мақала жариялап: «Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н. Радишев абақтыға жабылып, 10 жыл Сібірге айдалған. Осы Радишов замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И. Новиков Шлиссельбург деген зор қиын абақтыда 15 жыл отырған. Бауырым, Ахмет, Миряқуб!! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы… Біздің Ресейде абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов абақтыда жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдалған… Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!» – деп жазып екі үзеңгілесінің рухын асқақтатты. Артынша Самардан Орынборға ұшып жетіп, айыппұлды өтеп, екеуін босатып алады (№ 6 фото).
Фото № 6.
Жаппай қуғын-сүргін кезінде, өзі Мәскеуде 1925 жылдан бері ОГПУ-НКВД-ның жіті бақылауында болғанына қарамастан, 1929 жылдан бері нақақ айыптармен Бутырка түрмесінде тергеліп, сотталып, ГУЛАГ лагерлеріне жер аударылған үзеңгілестерінің азабын жеңілдетуге, шамасы келсе босатып алуға бар күш-жігерін салды. Халықаралық Қызыл Крест ұйымының Мәскеудегі өкілі Екатерина Пешкованы араға салып, қырықтан аса үзеңгілесінің ішінен тағы да Ахметті мерзімінен босатып алды. Е. Пешковаға жазған хатында ол өз шәкірті Ахаңды былай деп таныстырды (хат мазмұнын қаз-қалпында сақтау үшін орыс тілінде беріліп отыр):
«Уважаемая Екатерина Павловна!
16.02.1933 г. на Ваше имя сдал на почту просьбу Байтурсынова Ахмета о переводе его в другое место из Архангельска. Просьба его направлена в ОГПУ.
Он просветитель казакского народа. Байтурсынов – Кирилл и Мефодий, Новиков и Радищев своего народа. Он создал азбуку, которая по мнению проф. Молло, лучшая из Азбук, если требовать от них соответствия знаков фонетике языка; он популяризировал эту азбуку, напечатав на ней сатирические свои стихи и перевод 40 басен Крылова. При этом он с последним поступил так же, как дедушка Крылов с Эзопом. Эзопокрыловские басни сделал казакскими. По меткости сатиры, красоте стиха, по краткости изложения темы – переводы Байтурсынова представляют высокохудожественные творения свыше отмеченного таланта. Крылова в степи знал каждый казак. Байтурсынов А. автор грамматики, синтаксиса, букваря, хрестоматий на казакском языке. Он Наркомпрос Казакской АССР, многолетний в 1920-1928 г. до ареста его председатель ученой при НКпросе комиссии. Он, Б. А., первоклассный поэт, сатирик.
Он, Б. А., патриот, националист. При старом режиме сидел в тюрьме 10 м-цев и выслан за пределы степного края на 5 лет.
Он, Б. А., редактор, издатель и создатель единственной тогда казакской газеты «Казак». [В] 1913-1918 гг., в старое время, не было казака, который не читал и не знал этой газеты. Когда в 1916 г. Оренбургский губернатор трижды оштрафовал «Казак» на 4500 руб., то эти деньги переводились читателями по телеграфу долями по 5,10, 50, 100 руб. и спасали от тюрьмы редактора Аханг (уважительно-ласкательное от Ахмета).
Судьба Б. А. сходна с судьбой Н.Г. Ч[ернышевского], как он Б[айтурсунов]. А[хмет]., бесстрашный пророк своих убеждений, как он, кабинетный работник, как он – страх власти. Я знаю Н.Г. Ч[ернышевского]. и не боюсь с ним сравнивать Б. А., так как его так же знаю. Все это я мог бы написать в ОГПУ, если б не состоял в его «попечении» с 1925 года. ОГПУ мои слова примет в обратном значении. Б[айтурсунов]. 61 год, но он мог бы еще поработать в пользу каз.языка.
А. Букейханов.
25.02.1933 г.».
Петерборлық «Речь» газетінде жарияланған «Қазақтың халық ақыны түрмеде» атты мақалаға қайта оралсақ. Бұл мақаладан А. Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» қай баспадан шыққанын білеміз: «Жергілікті түрмеде (Семей) 5 ай бойы қазақтың дарынды ақыны Ахмет Байтұрсынұлы отыр. Ол Крыловтың қырық мысал әңгімесін өлең сөзімен аударып, 1909 жылы «Қырық мысал» атты кітап шығарды. Кітап Ғылым академиясында басылды».
Неге Ғылым академиясында? – деген орынды сұрақ туады. Біріншіден, цензураның рұқсатын өзінің жақын досы, Ресей империсы Ғылым академиясының да, кейін КСРО Ғылым академиясының да ұзақ жылғы ғылыми хатшысы болған, үндітанушы ғалым, академик Сергей Ольденбург арқылы алса керек. Екіншіден, цензура рқсатын Ғылым академиясы арқылы алғызса, кітапты сол академияның баспаханасынан жарыққа шыуы да – заңды емес пе!?! Ерекше назар аударатын жайт: Әлихан Бөкейхан Ольденбург досының көмегін бұған дейін де, одан кейін де кәдесіне жаратқан көрінеді.
1906 жылы өзі редакторы болған «Иртыш» газетінде жариялаған Ақмола және Семей қазақтарына арнаған ашық хатында Ә.Н. Бөкейхан кедей отбасынан шыққан Нұх Рамазанұлының Петербор университетіндегі оқуын жалғастыруына қаражат жинап беруге шақырды. «Рамазанұлы Петерборға аттанды, – деп жазды ол осы ашық хатының соңында, – 1907 жылдың қаңтарында ол мұқтаждыққа душар болады. Қазақтар, Алаш ұлдары, сіздер оны қолдауға міндеттісіздер! Семей мен Ақмола облыстарының миллион халқы қазақ бозбаласын университетте тәрбиелей алмаса, масқара емес пе! Қаражатты келесі мекенжайларға аударуға болады:
- Петербор, Ғылым академиясы, оның өзгермес ғылыми хатшысы Сергей Федорұлы Ольденбургке (№ 8 фото). Нұх Рамазанұлы үшін.
- Омбы, «Иртыш» газеті редакциясы кеңсесіне. Нұх Рамазанұлы үшін».
№ 7 фото. Әлиханның Потанинге Ахметтің суретші
дарыны туралы жазған хаты. Омбы, 1904 ж.
Бұл бір ғана мысал. Келесі мысал Кеңес өкіметі тұсында болды. академик Ольденбургтың КСРО Ғылым академиясының өзгермес ғылыми хатшысы қызметін жалғастырып жүрген 1925 жыл. Әлихан Бөкейхан Сергей Ольденбургтың (№ 8 фото) қолқабыс етуімен КСРО Ғылым академиясының Қазақ АКСР-ның Адай оязын зерттеген Антропологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Бұл экспедиция қазақтың жер пайдалану нормасын ғылыми тұрғыдан мейлінше үлкен етіп бекітіп алып, Кеңес өкіметінің Ресей гүбернелерінен қазақ жеріне көлдей ағызған жерсіз қарашекпенділерін, келімсектерін тоқтату үшін ауадай қажет болатын.
Ал енді Ахмет Байтұрсынұлының ашылмай қалған тағы бір қырына оралсақ, оған келесі мақалада толығырақ тоқталатын боламыз.
№ 8 фото. Академик С.Ф. Ольденбург
Сұлтан Хан Аққұлы
Еxclusive.kz